• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2010

ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫ ТАРТЫЛУДА

871 рет
көрсетілді

Елбасы тапсырмасына орай 2004 жыл­дан бастау алған “Қызылорда қаласының тұрғын үй секторын және жылу, қуат көз­дерін ілеспе газға көшіру” жобасы бұл күн­дері жемісті жүзеге асып келеді. Алдымен мұнай кеніштерінде ысырап болып жанып жатқан “көгілдір отынды” халық­тың пайдасына жарату мақсатында  2004-2010 жыл­дарға арналған бағдарлама жасалған болатын.  Содан бері Елбасының тікелей бақы­лауын­да тұрған маңызды жоба кідіріссіз іске асуда. Бағдарлама 2 кезеңді қам­тыды. Жоба­ның алғашқы ке­зеңінде, яғни 2004-2007 жылдар аралығында  7,4 млрд. теңге иге­ріліп, Қы­зыл­орда жылу электр орталығы және Қы­зыл­­орда Оңтүстік жылу орталығы сияқ­­ты маңызды нысандарға, 8 бу қазан­дығына, 382 көп қабатты және 4 мыңға жуық жеке сектор­дағы тұр­ғын үйлерге газ құбыры тартылды. Одан әрі 2008-2010 жыл­дарды қамтыған екінші кезеңде жоба үшін бөлінген 3,1 млрд. теңгеге 463,1 шақырым жоғары, ор­таша және төменгі қысымдағы газ құбыр­лары жүргізілді.  Бірінші кезеңде газға қосылмаған  көп қабатты үйлердің тұрғын­дары осы жолы арзан отынға қол жеткізді. Сонымен бірге бұл уақытта жеке тұр­ғын үйлер иелерінің арзан да тиімді жылу көзіне деген сұранысы еселеп артты. Қыс бойы  бірнеше тонна көмір мен отынға кететін шығынның қысқарғанына жұрт­шылық дән риза. Биыл Қызылорда қала­сын газдандыру 76 пайыздың деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш газдандыру бағдар­ламасының басым бөлігі еңсеріліп, толық­қанды жүзеге асуына жақын қалғанын айғақтайды. Өткен жылы сырбойылықтардың 1 текше метр газға өтейтін төлемі 37 пайызға арзандады. Қызылорда қаласының тұрғындары “көгілдір отын” үшін ең арзан ақы төлейтін болды. Жылу және қуат көздері бағасының төмендеуі өз кезегінде қаланың экономикалық, индустриялық-инновациялық дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына  оң ықпал жасады. Оның үстіне сұйытылған газдың бағасы да 3 есеге арзандады. Алғашқы жобаны 2010, яғни, үстіміздегі жылы аяқтау жоспарланған болатын. Де­генмен, биылғы газдандыру жұмыстарына 1,384 млрд. теңге бөлініп, қалған 875 млн. теңге 2011 жылға жылжытылып отыр. Жоба жүзеге асқан жылдары газ­дандыру бағдарламасына енбей қал­ған үйлердің мәселесі күрделі күйінде қалып келген еді. Бұл түйіннің шеші­мін тапқан облыс басшылығы  2004 жылға дейін тұрғызылған үйлерге “көгілдір отын” жеткізудің жолдарын жіті зерделеді. Сөйтіп, биылғы жыл­дың жобасына енгізді. Алдағы уа­қытта газ жеткізілмеген аймақтардың мә­селесі де түбегейлі шешілетін болады. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.