Дүние жүзінің жоғары оқу орындары қашықтан оқуға ойланбастан көшіп үлгерді, бірақ осы жүйе кейбір елдерде сәтті басталса, кейбір елдер үшін аса қиындық тудырғаны бәрімізге аян. Оның ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы жағдайы қалай, қалай болмақ деген сұрақ туындайды.
Білетініміз, қашықтан оқыту үдерісі елімізде Үкіметтің қаулысымен 2012 жылғы 19 қаңтардан бастап қолға алынды. Бұл үдеріс еліміздегі жоғары оқу орындарында өз орнын тапқан. Десек те осы бір індеттің салдарынан көптеген түйткілді қиындықтарға тап болғанымыз анық. Аталған фактор әлемнің барлық білім беру мекемелерінде байқалғандығын атап өткен жөн.
Бұл – сервер, ғаламтордың қуаты және өткізу арналарының нашарлығы, педагогтердің әлсіз цифрлы құзыреттілігі, офлайн форматтағы жоғары кәсібилікке қарамастан, кейбір оқытушыларға онлайн-сабақтарды қайта құру және өткізудің қиындық тудыруы, сандық контент және оқыту әдістемесінің қашықтан оқыту үшін қолайсыздыққа әкеп соғуы.
Педагогиканың қыр-сырын білетін ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, ұстаздардың пікірінше, күндізгі оқу форматына көзқарас заңнамалық деңгейде қайта қаралатын болса оқу үдерісіне көп пайдасын тигізері сөзсіз. Қазіргі таңдағы қашықтан оқыту үдерісі әрбір студенттің жеке басының жауапкершілігіне байланысты. Себебіне қарасақ, әр студент өз алдына үйінде немесе кітапханада тағы басқа ыңғайлы орында дайындық жүргізгенде бақылау аса бір қажеттілік тудырмайды. Оқу орнының қашықтан жіберілген тапсырмасы міндетті түрде мерзімі өтпей орындалып жатса студент пен оқу орнының үлкен жетістігі. Сондықтан студентке не қажет?
Ол қажеттілікке жарамды жеті түрлі экранды құрылғы: теледидар, компьютер, планшет, таблет, фаблет, смартфон және смарт-сағат. Білім беру жүйесін цифрлы құралға бейімдеудің бірінші кезектегі міндеті – студенттердің қажеттіліктеріне бағдарланған оқытудың интерактивті үдерісіндегі ұстаздың негізгі рөлін сақтау (жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін Қазақстанның сандық құрылғысына бейімдеу тұжырымдамасы, «жаңа технологиялар/HiEdTec арқылы Орталық Азияда жоғары білімді жаңғырту» Еуразиялық құрылымдық жобасының нәтижесі) тиіс.
2020 жылғы 5 мамырда «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақалада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жалпы, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн», деп айтуының өзі біраз дүниені аңғартады.
Сонымен қатар оқытушы-профессорлар құрамының ой пікірінше, студенттерді ғылыми ізденудің дағдылары мен біліктіктерін дамытуға, IT-құзыреттілік негізінде креативті ойлау мен шығармашылық қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған оқытудың зерттеу тәсілін белсенді пайдалану қажет.
Сондай-ақ студент жастардың пікірі әрқилы, оның себеп-салдары жетерлік. Оның бірі – интернет жүйесіндегі цифрлы жүйенің әлсіздігі. Бұл өзекті мәселенің себебін еліміздегі карантин жағдайындағы оқу орындарындағы қашықтан оқыту кезіндегі цифрлы жүйенің тежеліп, уақыт жоғалтуынан аңғаруға болады.
Біздегі ғаламтордың қымбаттылығы, цифрландыру жүйесінің нашарлығы әсіресе ауыл-аймақтардағы оқушылар мен студенттердің қиналысын туғызды. Жасыратыны жоқ, мұның бәрі әлеуметтік желілерден көрсетілді, талқыланды. Карантин уақыты еліміздегі цифрлы технологияның қандай дәрежеде екенін айқын көрсетті. Бүгінгі таңдағы осындай өзекті мәселелер бір шешімін таппай көштің жүру қадамы қиынға соғатыны бәрімізге белгілі. Яғни тез даму үстіндегі жаһандану заманында осындай қажетті дүниемізді тез ілгерілетпесек көштің соңында қалуымыз бек мүмкін.
Жұмағали ЕРГЕШБАЕВ,
журналист