Әлем әдебиеттануында герменевтика, семиотика, структурализм, модернизм, постмодернизм сияқты бағыттар кең өріс алып, бұл ғылымның зерттеу нысанына айналғаны белгілі. Енді көркем шығармаларды бұрынғыдай тақырып, идея, жағымды, жағымсыз кейіпкерлер арқылы талдау «қызық емес». Жаңаша ой-пайымдардың, анализдердің салмағы басым түсіп жатыр. Осы жазбада постструктурализм, постмодернизм тудырған ұғымдар, сондай-ақ постмодернизмге жол ашқан бағыттар туралы біршама ой қозғасақ дейміз. Оның ішінде структурализм мен постструктурализмнің орны ерекше.
Структурализмнің әдістемелік ұстанымдары Ф.Соссюрдің құрылымдық лингвистикасы мен орыстың формалистік мектебіне негізделеді. Тұрпайы социологизм тұсындағы көркем шығармаларды негізгі идея мен кейіпкерлер образы тұрғысынан қарастыру басымдығын мәтінді жаңаша тану, оның күрделі мағыналық қабаттарын аналитикалық талдау ауыстырды. Структурализм (латынша structura – құрылым, байланыс, рет) алғаш 1940-1950 жылдары француз мәдениеттанушысы К.Леви-Строс еңбектерінде пайда болды. Оның «Құрылымдық антропология» атты еңбегі америка үндістерінің тек-нәсілдерін, ондағы бертінге дейін тамыр тартқан отбасылық үлгінің бастауларын зерттеуге арналады. Бұл бағыттың өкілдері ретінде Клод Леви Стросс, Жак Лакан, Мишель Фуко, Роллан Барт сынды философтарды айтамыз. Сонымен қатар структурализм – ғылыми және философиялық идеялардың жиынтығы, түрлі ғылым салаларындағы қолданылып жүрген зерттеу әдісі.
Әдебиеттегі структурализмнің нақты мақсаты – мәтінге басты назар аудару, оның туу механизмін табу. Жалпы, бұл бағыт элементтердің өзінен гөрі шығарма құрылымындағы элементтер арасындағы қатынасқа көбірек көңіл бөледі. Онда кез келген зерттеп отырған құбылыстарды өзгерткенде, құрылымның сақталатынын мойындау жатыр. «Құрылымдар адамның саналы және санадан тыс іс-әрекетінің нәтижесі, оларды зерттеуші ашуы керек, ал мәдени құбылыстардың ар жағында жатқан құрылымдар тіл, сөз болып көрініс береді», дейді Мишель Фуко.
Постструктурализмге келетін болсақ, ол өткен ғасырдың 70-80-жылдарында қалыптасқан плюралистік бағыт. Структурализмдегі бинарлық (екі бөлімнен, екі компонентен тұру) және иерархиялық түсініктерді постструктурализмде ешқандай бірлікке негізделмеген көптік ұғымдар алмастырды. Ол Ж.Делез бен Ф. Гваттридің «Кафке» (1974) еңбегіндегі «ризома» терминінен анық көрінеді. Тамырлық жүйедегі көптеген «түйіндерді» «ризома» деп ұсынған. Олардың ойынша «ризома» нақтылықты бейнелеуде құрылым ұғымынан гөрі қолайлы. Ғалым К.Жанұзақова «Структуралистік мектеп ерекшеліктері» еңбегінде дәстүрлі таным теориясындағы негізгі метафора «ағаш» екеніне, ал «ризома» орталық тамыры жоқ, өте күрделі, өзара байланыстағы бұтақтар мен балауса бұтақшаларға тамыр қызметін атқара беретініне тоқталады. Бұл секілді әлем көрінісінде «орталық» және «шеткі аймақ» (периферия) өзінің мәнін жояды.
Постструктурализмде философия енді ешбір онтологиялық, гносеологиялық мәселелерді шешпейді, мұнда адамның өмір сүруінің мәні туралы сұрақтар қойылмайды. Философия – интерпретация (талдап түсіндіру) формасы, ақыл-ой – мәдениеттің әртүрлі салалары арасындағы интерпретациялық делдал. Постструктурализмнің негізгі ерекшелігі – децентрация, деконструкция, мәдениет тілін дискурсивтік талдауды мәдениет кеңістігінде мәтін мен мәнмәтіннен тұратын таңба жүйесі ретінде түсіндіру. Ж.Деррида «ешнәрсе мәтіннен тыс өмір сүрмейді» деді. Ж.Деррида орталықтандыруды сынап, мәтін мен жазуды қызмет ретінде түсіндірді. М. Фуко «Сөздер мен заттар» еңбегінде постструктурализм мәселелерін зерттеді. Еуропалық таным теориясы бойынша ол үш таным өрісін көрсетеді: қайта өрлеу, классикалық рационализм, қазіргі заман. Егер қайта өрлеуде тіл заттар ішіндегі зат болса, классикалық рационализмде (модернизм) тіл ойды жеткізетін құрал, қазіргі замандағы таным өрісінде тіл – дербес күш.
Өнертануда, әдебиеттануда баяғыдан қалыптасқан түсінік бойынша автор дегеніміз – өнер туындысын жасаушы, қаламгер, өз шығармасы арқылы өзінің дара, көркемдік танымын әйгілейтін шығармашылық тұлға. Автор санаты шығармашылық қабілет, шығармашылық даралық, дара дүниетаным, этикалық, эстетикалық принцип, өмір тәжірибесі секілді ұғымдар ауқымында талданады делінеді автор ұғымына түсінік берілгенде. Ал XIX ғасырда француз ақыны Стефан Малларме «жазу деген жеке тұлға ретіндегі даралыққа қатысы жоқ әрекет» деп айтып, шығармашылық процестегі жеке «менді», автордың дербес тұлға екенін мойындамайтын, терістейтін идеялардың тууына алып келді. Оның ішінде біз сөз етіп отырған постструктурализм, постмодернизм мектептеріндегі негізгі принциптердің бірі – осы авторды мойындамау. Олар – скриптор, интермәтінділік, нарратор, бенефициар, т.б ұғымдарды ұсынады.
Әдебиетке «скриптор» деген түсінікті енгізген атақты теорияшы Роллан Барт. «Постмодернизм» шығармасында ол «автор «өледі» де, скриптор ғана қалады» деп түсіндіреді. Осы жерде айта кетер мәселе, постструктурализм постмодернизмді тудырған ағым. Сондықтан постструктурализмге тән ұғымдар постмодернизмде де қолданыла береді. Мысалы, скриптор, нарратор, интермәтінділік постмодернизмге де, постструктурализмге де қатысты баяндалады. Біз айтып отырған әлгі скриптордың бойында сезім де, әсер де, көңіл де болмайды, онда тек сөздік болады. Сол бойынша қалағанынша мәтін құрастырады.
Постмодернизмде қолданылатын негізгі ұғымдардың бірі – интермәтін. Интермәтін дегеніміз – мәтінге басқа шығармалардан цитаталар мен фрагменттер енгізу. Мұның бірден ойға түсер мысалы жазушы Жак Ривэнің 1979 жылы шыққан «А.-дан келген бикеш» роман-цитатасы. Осы интермәтінде (роман) 408 автордың шығармасынан 750 цитата алынған. Сондай-ақ «жаңа романшылардың» бірі М. Бютор 1969 жылы «Арк» журналына сұхбат беріп, мәдени кеңістікте адам жай ғана элемент болғаны үшін дара шығармалардың болмайтынын, «ұжымдық шығармалар» ғана бар екенін айтып, жазушылар қауымын ойлантып тастайды. Жалпы айтқанда, интермәтінділік ұғымын әдебиетке постструктурализм теоретигі Ю.Кристева 1967 жылы енгізді.
Постструктурализмдегі маңызды ұғымның бірі – нарратор. Әйтсе де нарраторға осы күнге дейін нақты сипаттама берілмейді. Баяншы, әңгімеші, тарихты мазмұндау қызметтері нарроторлықпен байланысты айтылады. Сонда нарратор автор не скриптор деген сияқты шығарма жасаушы адам емес. Ол – тек қызмет. «Термин «нарративный», противопоставляемый термину «дескриптивный», или «описательный», указывает не на присутствие опосредующей инстанции изложения, а на определенную структуру излагаемого материала». (Шмид. В «Нарратология). Бұл орайда Шмид автор мен нарраторды бір-біріне қарама-қарсы қоя отырып, авторды оқиғадан тысқары адам ретінде көрсетеді. Ал нарратор көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес.
Қорыта келгенде айтарымыз, структурализм де, постструктурализм де –Батыста кеңінен өріс тапқан ағымдар. Батыста индустриалдық қоғамнан постиндустриалдық қоғамға өту барысында пайда болды. Ақыл-ой танымын емес, сезімдік танымды ұстану барысында, сондай-ақ мәселеге тек бір қырынан емес, жан-жақты келу барысында осы ағымдар дүниеге келіп, қаламгерлер тарапынан да, зерттеушілер тарапынан да көптеген еңбек жарыққа шықты. Тіпті көрші Ресейде де осы ағымдардың өз теоретиктері бар. Ал біздің елімізде ақын-жазушылар шығармаларында көріністері бар болғанымен, оны осы әдістер бойынша зерттеу жеткіліксіз деп айтуға болады.