• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2020

Гүлдер мен толқындар

797 рет
көрсетілді

«Тынық мұхитының жады жоқ», дейді екен Америка құрлығының байырғы жұрты. Ұлы сулардың есінде еш­теңе қалмайды, уақыт дауылы сапырып, шайқап, шайып кетеді. Ештеңе болмағандай. Ал даланың жады ше?

Ежелгі өркениеттердің, көне халықтардың жұрты, қалалар, құм астында қалғып жатқан, алып мақұлықтардың сүйектері, алтын ханза­далар­дың дүниесі, тіпті кітаптар – топыраққа айнал­ған, түртіп қалсаң, тұтас дәуір­лер үгітіліп кететін. Осы­ның бәрі – да­ланың жады. Жаңа ғасырлар салған жара­қаты да жазылмайды екен. Кей ғасырдың қолында қалам болса, көбінің қолында қылыш болады.

Теңіз деген таңғажайып құбылыс. Толқып жатыр. Тірі секілді. Жаны бар секілді. Ол ештеңені ұмытпағандай.

Теңіз ештеңені ұмыт­пайды  дегенім сол еді, ішім­нен күбірлеп, дауысым шы­ғып кетті ме, қасымда тұрған түрік шайыры «гүлді тас­тау керек» дегендей ишара білдірді. Қолымдағы бір тал қызыл раушанды Каспий теңізіне лақтыра тастадым. Тас емес қой, жақын маңдағы толқынның алақанына түсті. Толқындар сол бір тал гүлге таласқандай, топырлай келіп, шуласа қалды. Жүргіншілер айлағында тұрған жүзден астам адам қолдарындағы гүл­­дерін кезек-кезек Каспийге тас­тап жатты. Мүшфиқтың рухына еткен мезіреті.

Микаил Мүшфиқ – біздің Сұлтанмахмұт, Мағжандар сияқты ғой деймін тағы да ішімнен, теңізде жүзіп жүрген қып-қызыл гүлдерге қарап. Сұлтанмахмұттай дейтінім – отыздың маңында опат болыпты, Мағжандай дегенім – сталиндік репрессияның құрбаны болған екен. Әзер­байжан халқының даңқты перзенті. Ұлы ақын. Жыл са­йын маусым айында Микаил Мүшфиқтың туған күні аясында «Ақындар күні» мерекесі өтеді екен. Теңізге гүл лақтыру  сол мерекенің азалы сипатын аңдатады.

Жастықпен бірге жақсы

күндерге жетермін,

Жаңа бір туған айдың

сырындай екенмін,

Қара дауыл, сен Хазар

үстінде құтырма,

Ақ желкенімді албырт

ша­ғымда көтердім,

– деген тұсы екен.

1937 жылдың 4 маусымында таң қараңғысында Мүшфиқ өз үйінде тұтқын­далады. Ұзын-ырғасы 20 минут тергеуден соң, ату жазасына кесіледі. Одан кейінгі тарихы ауызша жазылады. Оның бірінде – бауырластар зиратына жерленді делінсе, енді бірі – Наргин аралында атылып, денесі теңізге тасталған дейді. Біз­дегі Жаңалық ауылындай, жер­ді қазса – бас сүйектері шыға­тын, қарақұсын оқ тес­кен.

Міне, әзербайжан халқы­ның жыл сайын маусым айында Каспий теңізіне гүл лақ­тыруының сыры осында екен. Қыршын ғұмырдың, балғын арманның, елін сүйген жас жүректің мазары – теңіз. Оның бесігі де, бейіті де – теңіз, Хазар теңізі.

Мүшфиқтың құрметіне аталып өтетін «Ақындар күніне» түркі тілдес елдердің шайырлары да шақырылады. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түрік...

Сол ақындардың әрбірінің арыстары – репрессия құрбаны болған зиялылары бар ғой. Сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Әркім жағалаудан алыстап бара жатқан гүлдерге қарап өз ойымен тұр. Ақындарын жүрегіне жерлегендер. Олар да өз Мағжандарын, Сәкендерін, Ілиястарын жоқтайды.