Кәсіпқой бокстан WBC нұсқасы бойынша аса жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Ванхенг Менайотин былғары қолғабын шешеге ілгені жайында осыдан бірер күн бұрын ғана ресми түрде мәлімдеген еді, - деп жазады Egemen.kz
Бұл жаңалықты барлық БАҚ өкілдері жарыса жария етті. Өйткені, Менайотин қатардағы көп боксшылардың бірі емес. Ол 2007 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүр. 2014 жылдың күзінде Мексиканың мықтысы Освальдо Новоны ұпай санымен ұтқан Таиландтың тастүлегі WBC нұсқасының алтын белбеуін иеленеді. Шаршы алаңда барлығы 54 кездесу өткізген Ванхенг Менайотин соның барлығында жеңіске жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Тіптен, ол атағы жер жарған америкалық Флойд Мейвезердің өзін басып озды. Осылайша, оның есімі жеңілмеген күйі үлкен спортпен қош айтысқан санаулы ғана боксшылардың бірі ретінде тарихта қалуға тиіс еді.
Алайда арада екі тәулік өтпей жатып 34 жастағы Тай боксшысы шаршы алаңға қайта оралатыны жайында жария етті. Енді ол алдағы уақытта өз атағын қорғау үшін жекпе-жекке шығады. Менайотиннің кіммен және қашан жұдырықтасатыны әзірге белгісіз.