Ел көлемінде "Біз біргеміз" онлайн-форумы және коронавирусқа қарсы күресте қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтарды "Халық алғысы" медалімен марапаттау рәсімі өткізілгені мәлім. Жалпыұлттық онлайн форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған "Халық алғысы" атты медальді тапсырды, - деп жазады Egemen.kz
Игі іс өңірлерде жалғасын тауып, Түркістан облысында 9 азаматты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы марапаттады. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріне өңір тұрғындары атынан алғыс айтты.
"Сіздер қауіпті індетке қарсы күресте адал қызмет етіп жүрсіздер. Президентіміз еңбектеріңізді бағалап, арнайы құрмет көрсетіп отыр. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Бұл қиындықты да бірге еңсереміз", деді облыс әкімі.
Жалпы Түркістан облысынан 140-тан астам азамат аталмыш марапатқа ұсынылған. Алдағы уақытта аудан, қалаларда еңбегімен ел алғысын алған азаматтарға "Халық алғысы" медалі тапсырылатын болады. Марапатты аудан, қала әкімдері мен мекеме басшылары тапсырады деп жоспарланған.
Түркістан облысы