Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардың таныстырылымы болып өтті.
Академик Ерлан Сыдықов өз сөзінде биыл университеттің тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» 18 арнайы жобаны іске асыру қолға алынғанын, осы орайда бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіміз үшін тарихи маңызы жоғары күн екенін атап өтті.
«Бүгінгі тұсау кесердің маңызды тұсы – «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында орындалған арнайы жобалардың аясында әзірленіп, баспадан жарық көрген академиялық басылымдарды оқырман қауымға ұсыну. Бұл басылымдар арнайы «Абай академиясы» сериясы деп аталады.
Еуразия университеті «Абай академиясы» сериясы арқылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» бағдарламалық мақалаларының негізгі концепциялық идеяларын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды іске асыруға үлес қосуды көздейді», деді Ерлан Бәтташұлы.
Содан кейін Мемлекет басшысы бастамасымен университет жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғанын, бұл ғылыми құрылым «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау» атты кешенді ғылыми жобаны жүзеге асыруды қолға алғанын жеткізді.
«Жоба аясында ғұмырнамалық зерттеулерді, ақын шығармашылығы туралы монографияларды, дерекнамалық еңбектерді, жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген оқу-әдістемелік жұмыстарды танымдық сериялық басылым түрінде зиялы қауымға, ғылыми ортаға, барлық деңгейдегі білім алушылар мен көпшілік әлеуметке ұсынбақпыз. Басты мақсатымыз – абайтануға қатысты жаңа сипаттағы сан қырлы аспектідегі ғылыми зерттеулер арқылы бүкіл қоғамға, әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру, болашақ жарқын істерге жол салу», деді модератор Ерлан Сыдықов.
Таныстырылым барысында «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардың лентасы қиылып, белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай мен ҚР ҰҒА коореспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековке сөз берілді. Қос ғалым іргелі зерттеулердің құндылығы туралы түйінді ойларын айтты.
Модератордың айтуынша, Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасындағы жасампаздық идеялар еліміздің бірлігін нығайтуға және өркендеген қоғамдық санамыздың өрелі істерінің темірқазығына айналуы тиіс. Абай мұрасы барша әлеуметті, әсіресе жастарымызды елдік істерге баулудың бірден-бір дара жолы және Қазақстанды әлемге танытудың өнегелі өрісі екені сөзсіз. Абай ойлаған биік мақсатқа тек кемел білім, терең ақыл және саналы ой ғана апаратыны ақиқат.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет»,– деп, білім мен ғылым саласына нақты міндет қойды. Университет ұжымы осы міндеттен туындайтын ізгі мақсатқа жету жолында өзіндік игілікті үлесін қосуға белсене кірісті. Мемлекет басшысының бастамасымен университет жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Абай академиясы тарапынан «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау» кешенді ғылыми жобасы қолға алынды. Абайтануға қатысты сан қырлы аспектідегі терең ізденістерге негізделген ғылыми санаттағы іргелі зерттеу еңбектер даярлануда. Институттың гуманитарлық ғылымдар арнасындағы ғылыми-ізденісті зерттеулеріне 100-ден астам отандық және университеттегі белгілі абайтанушы ғалымдар мен жас ізденушілер қатысуда. Кешенді ізденістер нәтижесінде даярланған ғұмырнамалық зерттеулер, ақын шығармашылығы туралы монографиялар, ғылыми еңбектер, оқу-әдістемелік және жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген танымдық құралдарды «Абай академиясы» сериялы басылымдары арқылы зиялы қауымға, ғылыми ортаға, барлық деңгейдегі білім алушылар мен көпшілік әлеуметке ұсынбақ. Басты мақсат – қоғамға, әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты насихаттау және жаңа сипаттағы ғылыми зерттеулер арқылы жарқын істерге негіз салу.
Жалпы алғанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты арнайы жобамен жиырмаға тарта ғылыми еңбектер жариялауды қолға алғанын атап айтуға болады. Міне, бүгін «Абай академиясы» сериясының алғашқы басылымдары да шығарылып, көпшілік оқырманға жол тартты.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі ұлы тұлға, әлемдік деңгейдегі суреткер Абай Құнанбайұлының мұрасына жаңаша көзқарас, заманауи әдіснама негізінде талдауға бағытталған зерттеулер ерекше орын алатыны сөзсіз. Осы арнада профессор, белгілі абайтанушы ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ...(Абай өлеңдерінің жаңадан табылған қолжазба нұсқалары)» атты екі кітаптан тұратын еңбегінің тұсаукесер таныстырылымы жасалынды.
Бұл еңбек Абай өлеңдері мәтіндеріндегі айырмашылықтарды қолжазбалар негізінде салыстыру арқылы талдап, салмақты қорытынды шығаруымен маңызды. Ақын өлеңдерінің түпнұсқасы, дәлдігі абайтанудың әлі шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселесі екені белгілі. Авторлық қолжазба нұсқасы сақталмағандықтан бірнеше нұсқалы көшірмелер арқылы қағазға түскен өлең мәтіндері нақтылауды қажет етеді. Тұрсын Жұртбай еңбегінде Шығыс Түркістан аймағындағы Зият Шәкәрімұлы қолындағы Абайдың 1909 жылғы жинағы, Шәкәрімнің қолжазба дәптерімен салыстырылып көшірілген Шериаздан Марсековтың нұсқасы, сондай-ақ бізге беймәлім Хаткер-кәтіптің 1909 жылғы кітаптан көшірген қолжазбалары негізге алынып, салыстырмалы талдаулар жасалған.
Автор бұл қолжазбаларда Абай өлеңдерінің мәтіндері жөнінде пікірталас тудырып келген түйткілді сұрақтарға нақты жауап беретін дәйектер бар екенін көрсетеді. Аталмыш кітапқа Зият Шәкәрімұлы мен Шериаздан Марсеков қолжазбаларының факсимилиесі мен мәтіндік айырмашылықтар Абай өлеңдерінің 1909 жылғы жинағы мен 1995 жылғы академиялық басылымдағы мәтіндермен салыстырылып, сол мәтіндердегі айырмашылықтардан туындаған сауалдарға пайымдаулар мен талдаулар арқылы жауап беріледі. Мұндай салыстырмалы талдауға негізделген зерттеу абайтану саласында алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Таныстырылымға ұсынылған келесі кітаптар да абайтану траекториясын кеңінен қамтуға негіз болатынын дәйектейді.
Әкесі Һәм ақылманы санатында Абайдың қалыптасуына өлшеусіз ықпал еткен және ұлт тарихында ерекше танылған тұлға – Құнанбай Өскенбайұлының өмір жолы айырықша қызығушылық тудыратыны анық. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Кешегі өткен би Құнанбай» еңбегі қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, «қарадан хан шыққан» аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының шынайы бейнесін тарихи шындық тұрғысынан танытуға бағытталған. Автор әуелі көркем бейне ретіндегі Құнанбайға таңылған әрекет пен тағылған айыптауларға назар аударып, бұлай болуының себептерін талдап көрсетеді. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы – Құнанбай мен Абай – әке мен бала – бір-біріне мүлде кереғар қалыпта көрінеді. Ескі мен жаңаның бітіспес тартысы да осы екі тұлғаның бойына жинақталады. Құнанбайдың күрделі болмысын қайшылықты сипатта таныта отырып, оны қатыгез билеуші, ескінің қалт етпейтін сақ қорғаушысы етіп бейнелеу сол кездегі идеологияның қатаң талабынан туындаған. Т. Жұртбай осы мәселелерге ерекше назар аударып, өмірдегі Құнанбайдың шынайы болмысын, бір бойында ірілік, қайраткерлік, қаталдық тоғысқан дала шонжарының ерекше қасиетін ашып көрсетуді мақсат еткен.
Бүгінгі «Абай академиясы» сериясының таныстырылымы барысында ҚР ҰҒА коореспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі»... атты дерекнамалық зерттеу еңбегінің тарихи маңызы зор. Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаянына қатысты барынша бай дерек көздері – архив құжаттары. Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіндегі ең бір күрделі кезең – оның үстінен іс қозғалып, ұзақ уақыт тергеуде болатыны, соның зардабынан Омбы қаласына дейін шақырылып, мырзақамақта отыратыны, ықтиярсыз тергеу астында жүретіні. «Құнанбай Өскенбаев ісі» осы кезеңдегі оқиғаларды суреттейді. Бұл еңбекте Құнанбай Өскенбайұлының аға сұлтан дәрежесінде билікке араласуы және қазақ қоғамын сақтау мен алға ілгерілету бағытындағы қызметі қандай сипатта өрбігенін қарама-қайшылықты мазмұндағы архивтік құжаттар арқылы дәйектелуі көрініс тапқан. Автор кітаптың «Дарқан даланың кемеңгері» деген дерекнамалық зерттеу бөлімінде Құнанбай Өскенбайұлының жеке тұлғасына және архивтік құжаттарға қатысты тарихи талдауын берген.
Бұл зерттеу еңбектерінің барлығы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында орындалған жобалардың нәтижесінде жарық көруде.
2020 жылдың тамыз айына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» сериясымен бұдан бөлек 14 ірі зерттеу еңбегі жарық көреді деп жоспарлануда.
«Абай академиясы» ҒЗИ осы бағыттарда атқарып жатқан барлық жұмыстары Абайдың әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет аясында жаңаша зерделеудің негізін қалыптастырып, Абай шығармашылығын жалпыадамзаттық құндылықтар аясында пайымдай келіп, республикалық деңгейде белгіленген іс-шаралар маңызын арттыра түсуге елеулі үлес қосуға ат салысады.