• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Маусым, 2020

Жайлы жер іздеп кетті деп...

507 рет
көрсетілді

Еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына және адами капиталды дамыту ісінің өрге басуына кесірін тигізіп отырған мәселелер еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін ықтимал қатерлерді қоюландыра түсуде.

Қоғамымыздағы түрлі өзекті мәселелердің ішіндегі көші-қон саласына қатысты түйт­кіл­дерге ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан байып­пен қарау қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Алайда аталған саладағы келең­сіз­дік­­терге көз жұма қарап, бейқамдық танытып жүргендейміз. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, еліміздің бүгіні мен ертеңіне соншалықты алаңдай қоймайтынымызды көрсете ме, әлде шарасыздығымызды, әлсіз­ді­гімізді, істің көзін таба алмай дағдар­ға­ны­мызды меңзей ме?..

Қазіргі таңда еліміздің көші-қон сала­сын­дағы көңілсіз көрсеткіштер көптен бері жиі талқыланып, азаматтық қоғамның өзекті тақырыбына айналды. Қолға түскен деректерді сөйлетсек, 2015-2019 жылдар аралығында елімізден шамамен 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұру мақсатында қоныс аударған көрінеді. Бұл цифрды осы жылдарға бөліп қарастырсақ, елден кетушілердің саны жыл сайын өсіп отырғанына куә боламыз. Олардың басым бөлігі өзге этнос өкілдері болса, тарихи отанын немесе басқа мемлекетке бұрын кеткен ағайын-туысын сағалап, жөнін тапқан шығар деп қояр едік. Бірақ мәселе «есің барда еліңді тап» дейтін қазақтың «есің барда жөніңді тап немесе есің барда елден кет» деп, шекара асып жатқандарының көбейіп отырғанында болып тұр ғой. Сонымен қатар елден іргесін ажыратып, аулаққа кеткен бұл азаматтардың 70 пайызы еңбекке жарамды әрі өзімізде зәру мамандық иелері екені тағы бар. Қарап отырып жаның күйеді, ішің ашиды. Еліңнің демографиясына, адами капиталының дамуына осылайша соққы жасалғанына қынжыласың. Десек те, олардың да сені өздерінің ісіне түсіністікпен қарауыңа мәжбүр ететін уәжі көп. Содан келіп, шекара асқандардың уәжіне атқарушы билік жауап берсе деген тілек қылаң береді.

Осыдан бірер ай бұрын сенатор Бақытжан Жұмағұлов Үкімет басшысына аталған мәселе жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол өз сауалында «Қазақстанда бүгінгі көші-қон концепциясының басым бағыттары қандай, этностық қазақтарды тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша алдағы уақытта қандай жаңа, жүйелі шараларды әзірлеу қарастырылуда, Қазақстан азаматтығынан шыққан, ұлты қазақ азаматтардың санының өсу себебі неде?» деген мазмұндағы сұрақтарды алға тартқан еді. Көптің көкейін тескен бұл сұрақтарға Үкімет тарапынан орнықты жауап берілуімен қатар осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынады деп үміттенеміз.

Әрине бізге де көшіп келушілер аз емес. Біз жоғарыда сөз еткен 2015-2019 жылдар аралығында елімізге 112 мыңнан астам адам қоныс аударыпты. Бұл, аз да болса көңілге медет. Бірақ келушілерден кетушілердің саны 90-100 мың адамға көп болуы жақсы емес. Мұны табиғи көші-қон үдерісі деп санай алмаймыз. Өйткені кең-байтақ жерінде 19 миллионға тарта тұрғыны бар елге келушілерден кетушілердің анағұрлым артық болуын кәдімгі табиғи көші-қон үдерісіне теңеу қиын. Бұл арада мемлекеттік органдардың тіркеуінен тыс, түрлі жолмен өзге елдерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге кеткендер мен олардың ішінде амалын тауып сонда тұрақты қалуға шешім қабылдағандардың да бір қауым екенін ішіміз сезеді. Егер олар туралы нақты статистика ұсынылса, кетушілер саны біздің айтып отырғанымыздан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Бұған қосымша, жастарымыздың шетелдерге оқуға ағылуы, олардың бір бөлігі барған жерінде қалып қоюды жөн санайтыны да оңай түйткіл болмай тұр...

Өкінішке қарай қоғамды алаңдатқан осы көші-қон ісіндегі олқылықтарды ортайтып, соған қатысты қандайда бір ауқымды жұмысты қолға алу, тиімді жұмыс жүргізу ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын секілді. Бәрін біліп, көріп отырған жауапты органдар «Жауырды жаба тоқып» күнімді өткізсем, менен кейін «күл болмаса, бүл болсын» деген бүкір пиғылға шырмалып қалғандай. Бәлкім, олар қалыптасқан жағдайдың шешімін табуға қауқарсыз шығар... Әйтпесе, бұрыннан қоғам тарапынан көтеріліп келе жатқан дақпыртты мәселеге байланысты Үкімет жақтан қандай да бір ауқымды қадам, қам-қарекет жасалар еді ғой. Тіпті осыған байланысты мемлекеттік деңгейде ресми деректер жарияланып, мәселенің ақ-қарасын ашық көрсетіп, жағдай шын мәнінде қиын болса, оны мойындап, ал қоғам сөз етіп отырған жағымсыз көрсеткіштер шындыққа жанаспайтын болса, онысын айтып арнайы үндеулер, мәлімдемелер жарияланса да артықтық етпес еді. Ақын Сағи Жиенбаевша айтқанда, «Жайлы жер іздеп кетті деп, Жазғыра көрме қарттарым» дегенді Үкіметке қарата айтуға тура келеді...