• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Маусым, 2020

Үш боксшының есімі Даңқ залына енді

1085 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан боксшылардың Халықаралық Даңқ залына биылғы жылы тағы үш саңлақтың есімі еніп отыр. Олар – Хуан Мануэль Маркес, Шейн Мосли және Бернард Хопкинс, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеңіл салмақта бақ сынаған 46 жастағы Хуан Мануэль Маркес Мексиканың тумасы. 1993-2014 жылдар аралығында ол 64 кездесу өткізіп, 56 рет жеңіске жетті. 40 қарсыласын есінен тандырды.

Жартылай орта салмақтағы Шейн Мосли 1993-2016 жылдары шаршы алаңды армансыз шайқады. Бұл күндері 48 жасқа толып отырған америкалық боксшы сол кездері 61 мәрте рингке көтеріліп, 49 рет басымдық танытты. 41 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.

Ал 55 жастағы Бернард Хопкинс қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. АҚШ-тың айтулы боксшысы 2014 жылдың сәуір айында біздің Бейбіт Шүменовті ұпай санымен ұтып, жартылай ауыр салмақ дәрежесінің үш бірдей алтын белбеуін иеленді. Табаны күректей 28 жыл бойы жұдырықтасқан ол 67 мәрте жекпе-жекке шығып, 55 рет үстемдік танытты. 32 қарсыласын ұрып жықты. 8 рет ұтылды. 2 кездесу тең аяқталса, тағы 2 бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ.

Осы боксшылардың барлығы да кезінде бірнеше белді нұсқалар бойынша чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Сонымен қатар, боксшылардың Халықаралық Даңқ залына Кэти Дува, Лу Ди Белла және Дэн Гуссен сынды промоутерлердің де есімдері енді. Осы күнге дейін дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген салтанатты рәсім пандемияның салдарынан келесі жылға шегерілді.