• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2020

Елдіктің ерен үлгісі

350 рет
көрсетілді

Апат айтып келмейді... Уыста тұрмас уақыт қазақстан­дық­тардың қайғысына айналған қаралы күнге де, міне бір жылдың жүзі болғанын айтып тұр. Иә, осыдан тура бір жыл бұрын Арыстағы 44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында орын алған жойқын жарылыс дүйім жұртты дүрліктірді. Төтенше жағдай кезінде 409 адамға медициналық көмек көрсетіліп, екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала, яғни 4 адамның өмірі қиылды. Халық қайғырды. Тұғырда тұрған Туды төмен түсірдік. Алайда ынтымағымыз ыдыраған жоқ! «Арыспен біргеміз!» деп бір өңірдің басына түскен ауыртпашылықты бір ел болып көтердік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұр­ғын­дар эвакуацияланған орын­ға барып, тұрғындармен жүз­десіп, атқарылып жатқан жұ­мы­с­тармен танысты. Арыс қала­сын аралап, қираған тұрғын үй­лер мен əкімшілік нысандарын аралап көрді. Сондай-ақ Шымкенттің облыстық кли­ни­калық ауруханасында жатқан отандастарымыздың көңілін сұрады. «Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан кө­мек­теседі. Мен халықпен жұ­мыс істеп жатқан қаланың жұрт­­шылығына, ардагерлерге риза­шылығымды білдіремін. Жары­лыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тер­геу-тексеру басталды. Егер кінə­лілер болса, олар заңмен қа­таң жазаланады. Алдағы уа­қытта Арыс жарылғыш құрыл­ғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы атап өт­кендей, Арыс қаласының тұр­ғын­дарына бүкіл Қазақстан халқы қол ұшын созды. Түрлі көмек қорлары құрылып, оған еңбек ұжымдары бір күн­дік жалақыларын, қолы ашық кәсіп­керлер қомақты қаржыларын аударды. Еліміздің тұс-тұсынан жіберілген гуманитарлық көмек пен волонтерлердің еселі еңбегін де ескерусіз қалдыруға болмас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, қайғыдан қан жұтсақ та қайратымыз кеміген жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп», елдіктің ерен үлгісін таныттық.

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы бір жыл мұғдарында атқарылған жұмыстар қорытындыланған онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қарулы Күштердің Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатвалдинов, Қарулы Күштердің оқ-дәрі­лер Бас басқармасының оқ-дәрі­лерді есепке алу және қамта­ма­­сыз ету басқармасының бас­ты­ғы Нұралихан Асанов, Арыс қа­ла­сының әкімі Мұрат Қадыр­бек (бейне байланыс ар­қылы), Қарулы Күштердің Бас штабы бастығының бірінші орын­басары Руслан Шпекбаев қатыс­ты. «Бүгінгі таңда жағдай бақы­лауда. Сонымен қатар инфра­құрылым 90 пайызға қалпына келтірілді. Бір жыл мұғдарында Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою отряды жұмыс істеп жатыр. Іздеу, инженерлік барлау және минадан тазарту топтары жақын маңдағы ауыл аймақтарының 300 шаршы шақырым аумағындағы егін ал­қабын тазартты. Саперлердің мобильді іздестіру тобы жергі­лікті халықтан келіп түскен 740-тан астам өтінішті қарап, нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жарылғыш зат залалсыздандырылды, – деді А.Сатвалдинов. Оның айтуынша, сүңгуірлер Арыс өзенінің 30 шақырымнан астам арнасын тазартыпты. Ал жарылыс болған аумақтың жалпы ауданы 500 га-дан асады. Жергілікті учаскеде жалпы ауданы 130 га-дан астам жердің бетінде тазарту жұмыстары жүргізілді. Саперлер 2 мың тоннадан астам оқ-дәрі фрагментін жинап алыпты. Сонымен қатар Арыстан барлығы оқ-дәрілердің 380 мың фрагменті әкетілсе, соның 300 мыңының жарылып кету қаупі бар көрінеді. Ондай фрагменттерді жою үшін Арыс қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан «Бастарма» полигоны белгіленіпті.

Спикердің айтуынша, жа­рыл­ғыш заттарды ұрлау және қол­­данысқа енгізу фактілерін бол­­дыр­мау, сондай-ақ оқ-дәрі фраг­­менттерінің түрлі-түсті сы­­нық­тарын заңсыз сатуға жол бер­меу мақсатында алдын алу рейд­тері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

«Төтенше жағдай салдарынан 7635 үй зардап шеккен болатын. Соның ішінде 480-і жарамсыз деп танылып, қайтадан салынып, пайдалануға берілді. Жөндеуді қажет ететін 7155 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пай­далануға берілді. Сонымен қатар меценат, қоғам қайраткері Болат Өте­мұратовтың қоры қала тұр­ғын­дарына қоспәтерлі 50 үйдің құрылысын салып, 100 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы және Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдық округтеріне қарасты 8 елді мекенде тұратын 62610 азаматқа 6 млрд 261 млн теңге өтемақы төленді», деді М.Қа­дырбек. Оның сөзіне қарағанда, Арыс қаласы бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың саны 467-ні құраған. Соның ішінде 404 нысанның иесіне «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры арқылы 3 млрд 69 млн теңге көлемінде кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіру жұмыстары үшін өтемақы төленді. 63 кәсіп­керлік нысан иесіне қорда қара­жаттың жетіспеуіне байланысты төлемді алдағы уақытта беру жоспарлануда.

Сонымен қатар Арыста жал­пы 66 әлеуметтік нысан зар­­дап шеккен. Соның ішінде бала­бақша, мектеп пен спорт алаң­дары бар. Жарылыстан кейін 4 нысан жаңадан салыныпты. 62 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған «Самұрық-Қазына» қоры жауап­ты болып бекітіліп, нысандар мерзімінде тапсырылған.

Р.Шпекбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада төтен­ше жағдайдың салдарын жою жө­ніндегі жиынтық жасақ жұ­мысын жалғастыруда. Бір апта бұрын жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін десанттық-шаб­уыл­дау әскерлерінің инженер­лік-саперлік бөлімше­лерінің қызметшілері келді.

Спикер биылғы негізгі күш үш бағытқа жұмсалатынын сөз етті. Соның алғашқысы – ха­лықтың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін қала аума­ғын және оған іргелес елді мекен­дерді 20 шақырым радиуста про­филактикалық тексеру жүргізу. Екінші бағыт – қойманың ішкі аумағын жарылу қаупі бар оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазарту. Жарылыс қаупі бар оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазарту жөніндегі міндеттерді орындайтындардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Үшіншіден көрші аумақта қалған инженерлік оқ-дәрілер түгенделетін болады.