Облыстық форумда өрендер осы сауалға жауап іздеді
Облыс жастарының биылғы форумы Қостанай қаласынан әудем жердегі қайыңы мен қарағайы, терегі жайқалған «Белая юрта» демалыс базасында өтті. Бұл орында түрлі шаралар өтіп жүр, бірақ сөзі мен ісінен жалындаған алаудай жастық жігер атойлаған жастар келгенде табиғат аясы да жұмаққа айналып жүре бергендей болады. Форум жұмысына өңірдегі жастар белсенділері, «Жасыл ел», педагогикалық және құрылыс жасақтарының жас сарбаздары, ауылдың жастары және жас жұмысшылар, жас мамандар, этномәдени бірлестіктердің жастары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
Облыстық форумда өрендер осы сауалға жауап іздеді
Облыс жастарының биылғы форумы Қостанай қаласынан әудем жердегі қайыңы мен қарағайы, терегі жайқалған «Белая юрта» демалыс базасында өтті. Бұл орында түрлі шаралар өтіп жүр, бірақ сөзі мен ісінен жалындаған алаудай жастық жігер атойлаған жастар келгенде табиғат аясы да жұмаққа айналып жүре бергендей болады. Форум жұмысына өңірдегі жастар белсенділері, «Жасыл ел», педагогикалық және құрылыс жасақтарының жас сарбаздары, ауылдың жастары және жас жұмысшылар, жас мамандар, этномәдени бірлестіктердің жастары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
– Жастардың басқосуы, форум – қазір ойнап-күліп тарайтын шара емес. Онда белгілі бір істің бітуіне, жастардың бір ұшқын алып кетуіне жағдай жасауға тырыстық. Оларға көп нәрсе үйренуі, көруі керек. Мысалы, биылғы форумда «Жастар біздің мемлекетіміздің өркендеуі үшін не ұсына алады?» деген мәселені төтесінен қойдық. Бұл оларды ойландырады, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Әлия Сапарова.
Форумның басты идеясы да осы болды: жастар біздің мемлекетіміздің өркендеуі үшін не ұсына алады? Жастар алдымен өзінің туған ауылында, мектебінде, ауданында өзін көрсетуі, жақсы істерге талпынуы, білім алуы қажет. Өз мектебінің, көшесінің, ауылының проблемасын көкірек көзімен көре алуы тиіс. Форум ұйымдастырған «әлеуметтік лифт» осыдан басталады. Айтарға бәрі де қарапайым секілді. Жақсы оқыған бала мектептегі құрбыларына үлгі болады, одан ауылдағы үлкендердің алғысын алған бозбала уақытпен бірге өсіп, кәсіби биіктейді, елінің, жұртының үмітін ақтар тұлғаға айналады. Мұның барлығы да жастарға терең білім алғанда, шарқ ұрып ізденгенде мүмкін болатынын насихаттауды форум өзіне мақсат етіп алды.
Облыс жастарының биылғы форумы жаңа форматта өтті. Онда on-line жүйесімен дауыс беру арқылы сайланған және “Жастардың алтын кітабының» лауреаттарынан, республикалық жастар ұйымдарынан, жастар бастамасы орталықтарынан шақырылған – барлығы 120 делегатты форумда сарапшылар жобалар жасау мен ұтымды бастамалар көтеруге оқытты. Бұл үшін топтық жұмыстарда миксерлер, тренингтер, пікіралмасулар болды. «Жас келсе – іске!» деген. Ең бастысы, – жастарда қызықты бастамалар болса, ол өмірге жолдама алары да хақ. Форумда «Projectlive» шығармашылық зертхананың жұмысы тиімділігін көрсетті. Онда форумға қатысушылар бес топқа бөлініп, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік, жастар саясаты мен мәдениет салаларына жасаған жобаларын құрамында облыстағы сала басқармаларының жетекшілері мен мамандары бар эксперттер тобы қарап, оның үздігін анықтады. Алтынсарин ауданынан келген жастардың «Красный кордон ауылындағы ескі саябақты қалпына келтіру» жобасы үздік деп танылды. Ксения Пономаренко жетекшілік ететін бұл жобаны жасағандар осы істі тиянақтау үшін демеушілерге дейін тауып қойған екен. Оларға 100 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Жоба жасаудың шарты бойынша оның жүзеге асырылуына елу адам тарту керек. Сонымен қатар, ол қаржыны аз керек ететін, күнделікті тірлікте қарапайым, ұсақ-түйек болып көрінгенімен маңызы үлкен болуы және бір айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Жобалар жас отбасыларының бала тәрбиесі, көшелерді таза ұстау, қарттарға көмек беру сияқты көптеген әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Ескі саябақты қалпына келтіру жобасы солардың ішінде нақты және тиянақты жоба деп танылды.
Форумда жастардың облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовпен кездесуі өтті. Мұның ерекшелігі road-show нысанында, яғни ашық әңгіме, еркін сипатта өтуінде еді. Онда жастар әкімге кез келген үш сұраққа жауап бермеуге «кеңшілік» жасады. Алайда, әкім жастар қозғаған сауалдардың барлығына да жауап берді. Ашық әңгімеде жұмыс, облыстық «Тобыл» футбол командасының жағдайы, интернет, әлеуметтік сала, жолдар, жастар, тағы басқа көптеген өзекті мәселелер қозғалды.
– Біздің елімізде кез келген мәселе тек сөз жүзінде айтылып қана қоймайды, ол өмірде жүзеге асырылады. Жастар саясатына қатысты да осыны айтар едім. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жас ұрпақтың білім алуы, мамандық игеруі, тәрбиесі үшін қыруар істер атқарылуда. Жастарда «бәрін мемлекет шешеді» деген масылдық ой болмауы тиіс. Мемлекет деген – сіздер мен біздерміз, Қостанай облысы да – бәріміз. Жүз адам шашқанды, екі адам жинаса одан ешқашан береке болмайды. Сондықтан жүректе жалын, көзде от болып, әркім бір қадам болса да алға ұмтылғанда ортақ табысқа қол жетеді, – деді облыс әкімі.
Форумда жастар ән мен биге, түрлі қызықты ойындарға да кезек берді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы.