Митинг ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау талап етіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" басылымына берген сұқбатында айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Бейбіт жиындар мен митингтерге қатысу – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы. Ата заңымыздың кепілі ретінде азаматтардың құқығын толық қамтамасыз ету – менің міндетім. Бұл жөнінде былтырғы Жолдауымда айттым. Парламент "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылдады. Қоғамдық сараптамадан өткен аталған заң – менің ойымша, еліміздегі демократияны ілгерілету үшін жасалған маңызды қадам", деді Президент "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында.
Осы орайда ол бейбіт жиындарды өткізу үшін рұқсат сұрамай-ақ, бес күн бұрын жергілікті билікке ескертсе жеткілікті екенін айтып өтті.
"Осындай жиындарды өткізу үшін бірқатар арнайы орын бөлінді. Митинг ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау талап етіледі. Сондай-ақ олар Конституцияға қайшы келетін үндеулермен шықпауы, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық туғызбауы қажет. Бұл – қалыпты жағдай. Әсіресе АҚШ-та және басқа да дамыған елдерде болған соңғы оқиғаларды ескеру керек", - деді Мемлекет басшысы.