2010 жыл Қазақстан үшін ел экономикасының дағдарыстан баяу шыға бастағанымен ғана емес, еліміздің бауырлас Ресеймен және Белоруссиямен Кеден одағына кіруімен есте қалатыны күмәнсіз.
Үш елдің интеграциясы жөніндегі саяси шешімнің таза экономикалық мақсаттарды көздейтіндігіне ешкім дау тудыра қоймас, осыған байланысты еліміздің экономикасының, кәсіпкерлігінің және халқының алдында жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашылады. Ең бастысы, мұның барлығы ертеден келе жатқан ортақ тарихы, менталитеті бар және мәдени, достық және туыстық байланыстарын жоғалтпаған үш елдің азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру жайлы жағдай тудыру үшін жасалуда.
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес ірі экономикалық орталықтарымен – Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен ұзақтығы бір жарым мың километрден асатын кедендік шекараға ие, осыған байланысты барынша тығыз экономикалық және мәдени байланыста. Облыс аумағы бойынша Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көлік магистральдары өтеді, әлемдегі ең ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты кенішінің, “Одақ”, “Орынбор - Новопсков”, “Бұхара-Орал”, “Қарашығанақ - Орынбор” газ құбырларының, “Теңіз-Самара”, “Қарашығанақ - Атырау - КТК” мұнай құбырларының болуы өңірге “Қазақстанның Батыс қақпасы” деген страте-гиялық қолайлы мәртебе береді.
Батыс Қазақстан бизнес қоғамдастығы және тұтас алғандағы облыс халқы Кеден одағының құрылуын жылы қабылдады, өйткені бұл кедендік процедураларды елеулі жеңілдетіп, сосын толықтай жоюға мүмкіндік береді, экономика дамуындағы жүйелі ілгерілеуге, бірлескен өндірістер мен салалар құруға, тиісінше тауарлар мен қызмет көрсетулердің ассортиментін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарының айтарлықтай өсуіне кепілдік береді. Бұл деген – жұмыспен қамту, жалақы, көптеген әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, бұл – шекарадағы артық төлемдер мен алымдарды жою есебінен азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіп тауарлары құнының тұрақтылығы және төмендеуі. Түптеп келгенде, бұл адамдардың ортақ экономикалық және гуманитарлық кеңістікте жүріп-тұру еркіндігі.
Біз Кеден одағының өңірлік рынокты кеңейтетініне және оны әлемдегі барынша тартымды рыноктардың біріне айналдыра отырып үш мемлекеттің экспорт-тарын ілгерілетуге жағдай жасайтынына сенімдіміз. Мысалға, минералды және энергетикалық ресурстардың ірі қорына ие болып табылатын Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының дайын өнімдерін өндіруді және экспорттауды ынталандыра отырып, экономиканың шикізаттық бағытын ауыстыруға ұмтылуда. Бірігудің Кеден одағын қалыптастыруға қатысқан елдердің экономикасына, ең алдымен осы елдердің бизнес-қоғамдастығына пайда әкелетіндігі туралы пікір дау тудырмайды. Біз Кеден одағының құрылуын бизнесті қарапайым саудадан кооперация мен ынтымақтастықтың нұсқаларын іздеуге көшуге, соның ішінде үшінші елдердің рыноктарына шығу үшін ынталандыратын тиімді бағдарлама ретінде қарастырған жөн деп есептейміз.
Елдің географиялық жағдайын назарға ала отырып, Қазақстанның тек Қытаймен ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерімен сауда жасағаны қолайлы және әңгіме тек көпшілік қолданатын тауарларды алып кіру туралы ғана емес. Қазақстандық бизнестің, әсіресе, шекаралас өңірлердегілерінің ынтымақтастықты дамыту жөніндегі нақты ұсыныстары бар, Кеден одағының, содан соң біртұтас экономикалық кеңістіктің қызмет ету тиімділігін талқылауға дайын.
Отандық бизнес Кеден одағында белсенді жұмыс істеуге дайын, бірақ әрбір елдің заңнамасында өз ерекшеліктері бар, оның нюанстарын біз білмеуіміз де мүмкін. Сондықтан біз әріптестік бағдарламаларды дамытуға мүдделіміз, ресейлік және белоруссиялық бизнесті үнқатысуға, кооперацияның жаңа нысандарын, жұмыс нұсқаларын, соның ішінде үшінші елдер рыногын іздеуге, шақыруға дайынбыз.
Біз Кеден одағын құру нәтижесінде сөзсіз ұтатындардың қатарында үш елдің шекаралас өңірлерінің кәсіпкерлері болатынына сенімдіміз. Қазақстан бизнесмендері Кеден одағына қатысушылар арасында өндірісін инвестициялық жобаларға сәйкес дамыту жоспарланып отырған тауарларға қатысты қол жеткен келісімдерге оң баға беріп отыр.
Қазақстанда өтпелі кезеңде әртүрлі салалардағы салынып жатқан зауыттардың өндіріс қуатына шыққанына дейін төменгі ставкаларды қолдану мүмкіндігін, сондай-ақ технологиялық құрал-жабдықтар, олардың құраушылары мен қосалқы бөлшектерін кеден бажын төлемей инвестиялық жобалар шеңберінде алып кіруге рұқсат етілуін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың барлығы қолдап отыр.
Жалпы, Кеден одағының Кедендік кодексінің ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі бизнесті қанаттандырып отыр, онда Кеден одағына қатысатын елдерден шығатын тауарларды кедендік ресімдеуді жою көзделіп отыр, бұл – брокерлер қызметіне, уақытша сақтау қоймаларына ақы төлеу және бірқатар лицензиялар алу жойылады деген сөз. Қосымша құн салығы мен акциздер төлеудің келісілген тетіктері мақұлданып, қабылданды. Сөзсіз, Кеден одағы қазақстандық шағын және орта бизнес шоғырланған сауда мен қызмет көрсету саласына жан бітіретін болады. Алайда, сұраныстың пайда болуы отандық бизнес тарапының ұсыныстарын қамтамасыз ете алмайды. Бұл жерде де Үкіметтің (қолдау көрсету бөлігінде) және кәсіпкердің өзінің жауапкершілік аймағы қарастырылады. Осыған байланысты бизнесмендер Кеден одағының мүшелеріне тек кедендік тарифтерді ғана емес, сонымен бірге жеңілдіктерді, субсидиялар мен басқа да кәсіпкерлер мен халықты қолдау құралдарын бір ізге салуды ұсынып отыр.
Ірі инвесторлар оларға бизнесті дамытуға тиімді, жанашырлық жағдай жасайтын жерлерге келеді. Өзге сөзбен айтқанда, біздер инвестициялық климаттың жаңа және жаңартылатын кәсіпорындар үшін салық бойынша мемлекеттік преференциялар, мемлекет-жеке меншік әріптестігі шеңберінде және гранттық шартпен инженерлік инфрақұрылымдар ұсыну, пайыздық ставкаларды субсидиялау, жобаларды іске асыруға, өндірістік-индустриялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған банктер несиелері бойынша ішінара кепілдік беру, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау және кадрларды дайындау сияқты компоненттерін барынша қажырлы пайдалануға тиіспіз. Тұтыну несиелерін қайтадан жандандыру қажет. Біздің көзқарасымызша, көп нәрсе Кеден одағы жұмысының бас кезеңінде шикізаттық емес басымдық салаларды мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдарын сәтті таңдай білуге байланысты болады.
Таяу уақытта тараптардың шекара контурларындағы өзара іс-қимыл жөнінде келісімге қол жеткізуі, ішінара алғанда кеден қызметтері қалай жұмыс істейтінін, ақпараттық қолдау көрсетуге қаншалықты дайын болатынын анықтауы, кеден бекеттеріндегі іс-қимылдың бірлескен регламенті туралы келісуі қажет. Бұл мәселелерді шешу айтарлықтай қиын, өйткені әрбір кеден мемлекеттің мүддесін қорғайды, ал енді егемен елдердің кеден қызметтеріне өзгерген жағдайда жұмыс істеуді үйрену керек.
Кеден одағы біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іргетасы болып табылады. Біріншіден, үш ел орасан ресурстық базаға ие, соның ішінде жеткілікті білікті жұмыс күші бар. Екіншіден, сыйымды рынок бар. Беларусь, Қазақстан және Ресей экономикалары өздеріне жетерліктей толысқан. Ең бастысы – болашақта елдер ортақ ақша бірлігі негізінде валюталық одақ құра алады.
Осылайша, бүгінгі таңда Кеден одағын құру үдерісі кері шегінбес сипатқа ие болды деп нық сеніммен айтуға болады.
З.МУСИНА, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Халықаралық бизнес-орталықтың директоры.
Батыс Қазақстан облысы.