• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Қазан, 2013

Ілтипатты ынтымақтастық

280 рет
көрсетілді

Қазақ елінің елордасында Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының күндері өтіп жатқанын бұдан бұрын да айтқан едік. Сол игілікті істің аясында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Уфа қаласының қалалық өңірі әкімшілігінің басшысы Ирек Ялалов екі қала арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Қазақ елінің елордасында Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының күндері өтіп жатқанын бұдан бұрын да айтқан едік. Сол игілікті істің аясында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Уфа қаласының қалалық өңірі әкімшілігінің басшысы Ирек Ялалов екі қала арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Бұл келісім сауда-экономи­калық, мәдениет пен өнер, өзге де гуманитарлық салалар, басқа да құрылымдар бойынша өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге бағытталған. Сол секілді, Астана мен Уфа қалаларындағы көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс жүйелеріндегі озық тәжірибелер бойынша ақпараттар алмасуға келісілді. Мұнымен қатар, халық шоғыры мол қалаларды таза ауызсумен қамтамасыз етудің жаңа технологияларын енгізу, қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, табиғи немесе техногенді сипаттағы дүлей апаттар мен төтенше жағдайлар зардаптарын жою, экологиялық сақтандыру мен экологиялық сертификаттауды енгізуді жетілдіру бойынша жобаларды жүзеге асыру да жан-жақты ойластырылған.

Ал ғылым және жоғары технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты, денешынықтыру және спортты дамытудағы серіктестікті өрістету де келісімнен көрініс тапқан.

Екі қаланың арасындағы туристік әлеуетті ұлттық дәстүрлер шеңберінде өрістетіп, жаңа заманға сай бағыттарды жетілдіріп, осы сала бойынша атқарылатын қызметтер шоғырын кеңейту жолдарына да жете мән беріліпті. Сол секілді аталмыш құжат ақпараттық саладағы, соның ішінде электронды бұқаралық ақпарат құралдары және телерадио бағдарламалары арасындағы өзара тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, оны осы ынтымақтастық шеңберінде орнықтыру да жан-жақты қарастырылған. Мұндай келелі істі кемшіліксіз атқарып отыру үшін, үнемі іс үстінде болатын үйлестіруші органды құру да ойластырылған.

Уфа – Ресейдің ірі өнеркәсіп және көлік құрылымдары шоғырланған, ғылым мен мәдениеттің үлкен жетістіктері жетіп артылатын 700 шаршы шақырымды алып жатқан тарихи қала. Онда өнеркәсіп әлеуеті шамамен 50 пайызды құрайтын ірі орталықта мұнай өндіру, химия және мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары тәрізді ірі және орташа кәсіпорындар жұмыс істейді. Екі қала басшысы құрылымдар бойынша өзара келісімде көрсетілген жұмыстарды жүйелі жүргізу арқылы бауырлас жұрттардың ілтипатты ынтымақтастығы жалғасын таба береді деген байламға тоқтады.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар