• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Маусым, 2020

Пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 60 қылмыс анықталды

570 рет
көрсетілді

Пандемия жағдайында қазіргі заманғы цифрлық технологиялар мен ғаламтордың мықты мүмкіндіктерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы алдын алу және ақпараттық жұмыстарды іске асырудың жаңа форматы құрылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Атап айтқанда, танымал болып келе жатқан "Antikor.LIVE" онлайн-жобасы. Бұл алаңда Агенттік қызметкерлері де, түрлі саланың сарапшылары да сөз сөйлейді. Кез келген адам нақты уақыт режимінде қызықтыратын сұрақты қоя алады. Сәуір айынан бастап еліміздің барлық өңірінде 1200-ден астам тікелей эфир ұйымдастырылып, оларды 900 мың азамат қараған.

Сол сияқты электрондық үкіметтің "Ашық диалог" порталында да сұрақтар қоюға болады. 5 интернет-конференция барысында барлық түскен өтініштер бойынша толық түсініктемелер берілді.

Азаматтар "Adal kómek" жобасына ерекше назар аударып отыр. Оны үйлестіру белгілі құқық қорғаушы Айман Умаровамен бірге жүзеге асырылады. Жобаның заңгер-волонтерлері 600 онлайн-кеңес өткізді. Нәтижесінде азаматтардың 1770 проблемалық мәселесі шешілді.

Агенттік жанынан құрылған қоғамдық алаңдардың қызметі жанданды. Арнайы мониторингтік топ бұзушылықтарды анықтау үшін тосқауыл бекеттер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға мониторинг жүргізді. Астанада және өңірлерде ақпараттық-насихаттау штабының белсенділері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналған әлеуметтік желілерге 800-ге жуық бейнеүндеулер жолдады. Олар тарихымызда тұңғыш рет сыбайлас жемқорлық тақырыбында онлайн режимде айтыс өткізді.

Өскелең ұрпақ үшін "Парасаттылық – Ұлы Абай мұрасы" тақырыбында кезекті жалпы республикалық акция өтті. "Balapan" және "EL ARNA" телеарналарында еліміздің 760 мың оқушысы бейне-сабақты тамашалады.

Агенттіктің өңірлік департаменттері жанынан "Antikor ortalygy" сервистік орталықтарын ашу бойынша жұмыс жалғасуда, онда жүгінген кез келген азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта білікті құқықтық көмек ала алады.

Бүкіл ел аумағында мұндай орталықтар қазірдің өзінде 15 және олардың әрқайсысы «Адалдық алаңы» жобасы аясында сындарлы әріптестікке алаң ұсынады, оның алдында парасаттылық мәдениетін ілгерілету контекстінде қоғамдық бақылау құралдарын пәрменді іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер тұр.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша жұмыс аясында мемлекеттік органдарға бизнес-процестерді жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жетілдіру бойынша мыңнан астам ұсынымдар мен ұсыныстар енгізілді. Тек мемлекеттік сатып алу мониторингі аясында ағымдағы жылдың басынан бері шамамен 4 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды.

Агенттіктің құқық қорғау қызметі ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауға, сыбайлас жемқорлықтың жүйелі фактілерінің, пандемиямен күреске бөлінген бюджет қаражатын жұмсау кезінде заңсыз іс-қимылдарының жолын кесуге бағытталған.

Төтенше жағдай режиміне байланысты  сыбайлас жемқорлыққа қатысты 60 қылмыс анықталды, олардың көпшілігі блокпост және әкімшілік арқылы заңсыз өткізгені үшін пара алу, карантиндік шараларды бұзғаны үшін жауапкершіліктен бас тарту сияқты болып келеді.

Агенттік жүргізіп отырған кешенді жұмыс апта сайын "Antikor News" арнайы жаңалықтар шығарылымы арқылы жарияланады. Бүгінгі күнге дейін оның 14 шығарылымы мемлекеттік және ресми тілдерде дайындалып, Facebook, Instagram, Telegram және YouTube әлеуметтік желілерінде орналастырылды.