Эссеміздің әлқисасын бейнелеп өрнектесек, бүгінгі таңда қазақтың рухани-мәдени әлемі «Егеменмен» бірге тыныстап тұрғандай. Қасиетті шаңырақтың табалдырығында есім-сойынан ат үркетін талай тарландар мен жайсаңдардың өшпес іздері сайрап жатыр. Расында, Отанымыздың бас газетіне кімдер келіп, кімдер кетпеді десейші?! Сол сөз сардарларының қай-қайсысы хақында сыр тиегін ағытсаңыз, небір елең еткізер жағдаяттарға тап боласыз. Сөйтсе-дағы «Egemen Qazaqstannyń» киелі төріне бір емес-ау, екі мәрте көтерілген журналистика жампозы Мыңбай Ілесов төңірегінде шертер лебізіміз алабөтен-ау. Сонымен...
Жүрегі жылы, жүзі жарқын
Ұзын ғұмыр жолында жадыңда әлсін-әлсін жаңғырып, айрықша әсерге бөлейтін өркешті оқиғалар болады. Сондай сәулелі сәттердің бірі – «Социалистік Қазақстан» газетінің табалдырығын аттаған күн. Сәуірдің мөлдіреген он екінші жұлдызы. Мәңгі ұмытпайтын сықылдымын. Адамзаттың тылсым әлемге – ғарышқа самғаған күні «СҚ»-ға қызметке орналастым. Ішімнен ырымдап «Бұл менің де журналистік жолдағы самғауымның жаңа бір белесі болғай...» дегенім есімде.
Редактор Сапар Байжанов редколлегия мүшелері мен бөлім басшыларын түгел жинап, мені екі-үш ауыз сөзбен таныстырды:
– Жаңа қызметкер алып отырмыз. Аты-жөнін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұған дейін «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі болып істеген.
– Сонда, Сапеке, қай бөлімге келмекші бұл жігіт? – деді редактордың сөзін бөлген ұзын үстелдің арғы бетінде отырған қап-қара кісі қыжырта тіл қатып. – Шашыңды қысқартқаның жөн. Бұл жер «Ленжас» емес, ЦК-ның аржағы...
– Сыдық Алдабергенов жолдас, өндірістік жиналыстар мен лездемелерде сан мәрте айтып жүрміз ғой. Көркемдеу-безендіру бөлімін ашсақ деп, сол бөлімге меңгеруші етіп редколлегия Жанат Елшібековті бекітіп отыр. Орынбасарлар да, алқа мүшелері де өзімен әңгімелесіп, танысты. Жоғары жақ та хабардар. Біраз ой-жоспарлары бар. Алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асырмақшы. Ең бастысы, газетіміздің келбетін өзгертіп, ажарын ашуымыз қажет. О жағын мен өзім егжей-тегжейлі түсіндіріп, қадап-қадап тапсырдым. Тың жаңалыққа, жақсы идеяға бәріңіз де мұрындық болғандарыңыз дұрыс, – деді Сапар аға байсалды қалпын өзгертпей.
– Жанатты осында отырғандардың дені жақсы біледі. – Орнынан сөйлей көтерілген жауапты хатшы Мыңбай аға төңірегіне жанар жүгірте жымыңдады. – Сықа, Жанаттың шашында неңіз бар. «Ленжастың» бастығы Бердіқұловтан бастап барлық жігіттерінің шаштары ұзын. Анау Оралхан мен Жарылқаптарының шашы иықтарын жауып жүрсе, Жақау мен Әшірбектері сақал қойған. Өздеріне жарасады... Ендігі жерде біз бірігіп жұмыс істейміз. Әлгінде секретариаттың бүкіл жігіттерін жинап алып сөйлестік. Өзара міндеттерімізді жіліктеп жіктеп, бөлістік. Бөлімдердің жеке-жеке топтамалары мен материалдары бойынша алдын ала ұсыныстарын, арнаулы беттердің безендірілуі жөніндегі ойларын бұдан былай жаңа бөліммен ақылдасып, бірлесіп жүргізсек, құба-құп. Сондықтан қасымызға кеп жатқан Жанатқа сәттілік тілеймін.
– Дұрыс. Сөйтіңдер, – деді Сапекең қолындағы қалың күнтізбе-дәптерге әлденені шұқшия жазып.
Мыңбай ағадан кейін Сарбас Ақтаев, Бекболат Әдетов, Зұлқарнай Сақиев, Кеңесхан Зәкенов секілді өзім сырттай жақсы танитын жігіттер ой-пікірлерін ортаға салып, ізгі тілектерін айтып, ұсыныстарын білдірді. Бұған дейін кіл алаулаған, жалындаған жастар ортасында емін-еркін еңбек етіп, бұла күн кешкен маған жаңа орта мүлдем бөлекше көрінгені рас. Өңкей сықырлаған, сыздаған шірендер. Кексе кеуделердің костюм-галстуктеріне шейін ұқсас. Сойып қаптап қойғандай шетінен маңғаз, саусақ ұшымен амандасып, еріндерін әрең-әрең жыбырлатып тілдеседі. «Ой, Алла-ай десейші, сықиған «СҚ» десе, сықиған «СҚ».
Қасымда отыратын суретші-ретушер Жанұзақ Әбдіқұлов аға мен фототілші Сайлау Пернебаев мәз. Бұрыннан жүзтаныс екеуі де:
– Өстіп өзің секілді жастарды біздің газетке көптеп алу керек қой, – дейді жарыса. – Әдебиет бөлімінде Сауытбек Абдрахманов, насихат бөлімінде Ержұман Смайылов қана бар. Қалғандары бірін-бірі менсінбейтін сірескен шалдар.
Бұдан қырық жылғы алғашқы әсерді әдейі тәптіштеп, бүге-шігесіне дейін тектен-тек еске түсіріп отырғаным жоқ. Заманына қарай адамы. Әйтпесе, бұл қағиданы орындарын ауыстырып, керісінше айтуға да болатын тәрізді. Мейлі, қалай десек те қатаң жүйенің қатал тәртібінің салқыны белгілі бір мөлшерде адамдардың мінез-құлқына, іс-әрекетіне ықпал еткені сөзсіз. Абырой болғанда қысылтаяң шақта жіңішке жолдан жүрегі жылы, жүзі жарқын Мыңбай Ілесов сияқты қаламдас әрі әріптес ағаның арқасында аман-есен өткенімді енді ғана сезгендеймін. Аса білімді, адамгершілік қасиеттері одан да жоғары, парасатты ағамен маңызды да жауапты жұмыстарда қас-қабағымызбен ұғыстық. Секретариатқа тікелей қатысты ондаған жігіттің бәрімен бірдей тіл табыса алмағанымды жасыра алмаймын. Макет сызу кезінде, апталық жоспарды талқылау сәтінде, лездеме үстіндегі қиғаш пікірлердің бір қуаныштысы – жүз шайысуға жеткізбегені. Қазіргідей азат ойдың шідері тас-талқан етіліп, демократия мен пікірталас алуандығының сүле сәулесінің де көрінбеген кезі. Жасына жетпей қартайғандардың ойлары тұқыл, қиялдары қасаң. Сонысына қарамай ішкі есептері шытырман. Осындай қағаберіс бөгеттерден көбіне Мыңбай ағаның ақылы алып шығатын.
– «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді аталарымыз бекерге айтпаған. Асықпағайсың. Тың идеяны, макеттегі жаңалықтарды, ең ақыры безендіру элементтері саналатын «воздухтар» мен түрлі қалыңдықтағы сызықтарды көбі ұға бермейді. Сондықтан шыда. Көздерін бірте-бірте үйрету керек, – дейтін Мыңбай аға оңаша пікірлескенде.
Аз уақыттың ішінде Мыңбай ағаның өзге де қырларын анық байқадым. Секретариаттың, яғни бас штабтың жұмысын бес саусағындай жетік білетін оның шебер аудармашы екеніне көзім жетті. Орталық Комитеттен тікелей келген маңызды құжаттарды, жауапты адамдардың мақалаларын, партия пленумдарының қаулы-қарарларын орыс тілінен қазақшаға аударатын санаулы журналистердің бірі Мәкең еді. Өте шапшаң әрі сапалы аударатын оған оқта-текте сол кездегі аса беделді ақпараттық мекеме – ҚазТАГ қолқа салып, көмектесіп жіберуін сұрайтын. Қазіргідей электронды пошта мен компьютер жоқ. Журналист ағайындардың бар сүйенері қарапайым мәшіңке мен телетайп. Тіпті, факс та шығармашылық ортаға етене кірмеген шақ. Алматының басқа бір бұрышында орналасқан әйгілі ҚазТАГ-қа барып, тапсырылған аударманы тастүйін орындайтын Мәкең түнделетіп редакциядағы жауапты жұмысын одан әрі жалғастырады. Осы тұста реті келіп тұрғанда айтайын. Мәкең зейнет демалысына шыққаннан соң біраз жыл ҚазТАГ-та аудармашы болып қызмет істеді.
Қым-қуыт жұмыстан мұрнынан шаншылып жүрсе де сылтау айтып сырғақтамайды, барлық шаруаны менің мойныма артып қойдыңдар деп күңкілдемейді. Көмейіне келген ойын оңтайлы тұста бүгежектемей, бастық демей, үлкен демей тура бетіне айтып салады. Әрине, біреулер жақтырады, қайсыбіреулер ұнатпайды. Пора-пора терлеп жүріп бәрін де атқарып тастайды, бәрін де тындырады. Диктовкадан қалт еткенде шахматын ойнап, теннистің шарын үйіріп, редакция жігіттерінің қуаныштарын бөлісіп, сүйікті кәсібіне құштарлана кіріседі-ай! Кешкі ресми материалдарды түгендеп, баспаханадағы техникалық редакторлар Ахан Көпбаев пен Болат Жайсаңбаевтармен хабарласып, кезекті беттердің жай-күйімен танысып та үлгереді. Редактораттың мүшесі ретінде түнгі уақытта «үйдегі жатыпатар редакторлық» міндетін атқарады.
Сонымен қатар Мыңбай аға редакцияда өткен өндірістік жиналыстардың хаттамаларын жүргізіп, ЦК-ға жіберілетін тоқсандық іс-жоспардың орысша нұсқасын тастай етіп әзірлейді. Мұның сыртында айына екі рет редакция қызметкерлерінің табелін толтырып, екі рет қаламақыны жасап, іргедегі баспахананың орталықтандырылған бухгалтериясына дер кезінде өткізу де жауапты хатшының мойнында. Бесаспап Мәкең барлық жүктелген міндетін қай уақытта да зор жауапкершілікпен, биік абыроймен орындайтын.
Шерағаңның таңдауы
Өз ісіне адал, принципшіл, қарымды қаламгер – нағыз журналистика жампозын тоқсан бірінші жылдың басында редакция ұжымы бір ауыздан бас редактордың орынбасары қызметіне сайлауы тегін емес. Әңгіме орайында айта кететін штрих. Еңбек демалысында таудағы шипажайда тынығып жатқан Бас редакторымыз Шерағаң – Шерхан Мұртаза жұмыс күнінің кешкі апақ-сапағында даңғарадай кабинетіне ұжымды тегіс жинап алып:
– Халдерің қалай? Сөз қысқа, – деді қатқыл үнмен. – Өздеріңіз жақсы білесіздер. Менің орынбасарымның бірі Сабыржан Шүкірұлы жаңадан ашылған «Сұхбат» апталығына бастық болып ауысқан. Енді соның орнына замредактор сайлауымыз керек. Тура қазір. Әйтпесе болмайды. Асықпай демалып келгеннен соң қойсам ба деп едім. Телефон әбден мезі етті. Тауда жатқанымды да біліп алыпты. «Замредакторға анау лайық, мынау лайық» деп өтінгендер мен бұйрық бергісі келетіндер тым көбейіп кетті. Ешқайсысын елегенім жоқ. Иә. Шынымен осы отырған сендердің орталарыңда редактордың орынбасары болатын адам жоқ па?
– Неге, Шераға? Көп қой.
– Бар! Бар!
– Өзіміздің ішімізде де толып жатыр. Біреуін қойсаңызшы...
Жиналғандар шулап қоя берген. Мұндайды күтпеген Шерағаңның әлгіндегіге қарағанда жүзі жылыұшырап, қабағы жазыла түскендей.
– Ой, пәлі! Беймезгіл кештетіп, сол үшін келіп отырмын ғой, – деді жадырай күлімсіреп. – Кәне, кімді қоясыңдар. Айтыңдар.
Ертеректегідей емес, демократияға бой үйрете бастаған ұжымның үлкені бар, кішісі бар, жай тілшіден бастап, машинисткаларға дейін өз кандидатураларын ұсынған. Құр әншейін аты-жөндерін атап қана қоймай, өз ой-пікірлерін ортаға салып, ашық талқылаған. Мінеки, осындай талқылау-сараптаудың қатаң сүзгісінен өткен төрт-бес жігіттің арасынан өте талапшыл, әділетті сүйетін Шерағаңның Мыңбай Ілеске тоқтауы тегіннен дейсіз бе.
– Мыңбай мырза бұл орынға әбден лайық. Білімді, өте тәжірибелі. Орысша-қазақша бірдей жазады. Оның үстіне бір орнында ұзақ отырып қалған секілді. Әлдеқашан замредактор болуы керек еді мен білсем. Сіздер де қателеспеген секілдісіздер. Осы ұсынысты қолдап қол көтерулеріңді сұраймын...
Бүкіл ұжым бір кісідей дауыс берді. Бұл баға Мыңбай ағаға берілген биік құрметтің, зор сенімнің нышанын көрсетсе керек.
Бір күнде – екі той
Қызық. Біреулер туралы әңгіме өрбіте қалғанда аузыңа сөз түспей, қаламың да кібіртіктеп, шоқырақтай беретіні бар. Неге? Жүрегің қаламайды демек. Көбік лепесті көпіртіп, көлгірси алмайсың-ау. Өкініштісі, ондайлар да ара-тұра ұшырасады. Амалын тауып көрініп, жақсыатанып жататындарды өз ортамыздан да табамыз. Мейлі, жүре берсін. Жүрек, шіркін, сезіп тұр ғой. Ал Мыңбай аға хақында қалам тербегенде бауыры жазылған сәйгүліктей ойымды тізгіндей алсамшы. Өзім білетін жағдаяттардың бәрін де қамтығым келген. Асыл ағаның адамгершілік қасиеттерін үзіп-жұлып болсын өзгелерге жеткізуге ұмтылғаным анық. Көпке мәшһүр белгілі жайттарды шиырлап қайталамай, дара қолтаңбасын, жазу стилін тәптіштемей, керісінше пендешілік адами қасиеттерін жарқыратып көрсететін эпизодты жаңғыртқанды жөн көрдім.
Алып адам, батыр адам аңғал келеді демекші, бірде Мыңбай ағамыздың өз аузынан естіген осынау оқиға еріксіз еске түскен. Амалсыздан езу тартқызып, мырсылдатқан. Аңқау ағамыздың бір күнде екі тойға барып, екі мәрте шабылғаны жайындағы қызықты көріністі жанарыңызға елестетіңізші.
Әдеттегі сенбі. Түннің бір уағына шейін «Жалын» журналының тапсырмасы бойынша екі-үш орыс жазушысының әңгімелерін тәржімалап, балконға қисая салған Мәкең күн шықпай оянып кетеді. Алматының аптапты жазында үнемі балконда ұйықтайтын ол таудан лекіген таңғы самалда рақаттанып, әжептәуір сергіп қалады. «Қой бүйтіп езіліп жата бергенше, саяжайға барып келейін. Күнұзақ не істеймін. Кешкі тойға үлгереміз…» Тездетіп жуынып-шайынып, Клара жеңгейді мазаламай тілдей записка жазады да, ертелетіп саяжайына тартып кетеді.
Реті келіп тұрғанда Мәкеңнің атына айтар өнегелі әңгіменің бірі о кісінің еңбекқорлығы. Өмірбақи қалада тұрып, қалам ұстап жүрген ақсаусақтардың санатына жатпайды. Жер тырмалап, жер еміп өскен нағыз оңтүстіктің сүйелалақан сүйкімді шаруасындай. Көгілдір көктем шығысымен сарыала күзге дейін бір тынбайды-ау. Ұлан жаз оны саяжайдан табасыз. Қаламнан босай қалған мезетін текке жібермей бау-бақшасын баптап жүргені. Ала шапанын белінен буып алып, күні бойы жер шұқып, жеміс ағаштарын суарып, ертелі-кеш белін бір жазбайды. Сондықтан да болар, егемендіктердің арасынан ең алғашқылардың қатарында Мыңбай ағаның бау-бақшасы жайнап, өрігі мен алмасы, жүзімі мен алшасы мәуелеп жемісін берді. Үш қабатты даңғарадай кірпіш үй бой көтерді. Бірін айтып біріне кетеміз. Қасиетті Отырар топырағында туып-өскен ұлағатты ағамыздың қай ісі де, қай еңбегі де елең еткізерлік.
…Содан Мәкеңнің тіл-хатын оқып, тастүйін әзірленіп отырған Клара жеңгемді кешкі алтыда апыл-ғұпыл таксиге мінгізіп, ВДНХ-ның ішіндегі «Достық» мейрамханасына қолтықтап кіреді. Даңғұр-дұңғыр музыка. Той әлдеқашан басталып кеткенге ұқсайды. Майлы қасықтай лыпып тұрған асаба жігіт құрақ ұшып қарсы алады. Кешігіңкіреп қалғандарына ыңғайсызданған Мыңбай аға кешірім өтініп, асабаға қолындағы бір құшақ гүлді ұсына салады. «Жастардың алдындағы вазаға өзің апарып жайғастырасың ғой…»
– О жағынан қам жемеңіз. Қатырамыз, – дейді әлгі әлекедей жаланып. – Кәне, штрафнойды тартып жіберіңіз алдымен. Бақандай жарты сағат кешігіп келдіңіздер. Сосын сөйлейсіз…
Іле-шала Мыңбай ағаға сөз беріледі. Аш өзегіне түсіп кеткен «штрафнойдың» буымен көсіліп сөйлеген ол жас жұбайларға тілектерін жаудырып:
– Мына азғантай сыйымызды көптей көріңіздер, – деп костюмінің ішкі қалтасынан семіздеу конвертті алып асабаға ұстатады. – Төрдегі жастарға өзің тапсырарсың.
Ду қол шапалақтап, музыканттар дабырлатып тушты ұрып-ұрып жібереді. Екі-үш рүмкені өз орнына қондырған арқа-жарқа Мәкеңнің құлағына Клара жеңешем біртүрлі күдіктене сыбырлайды:
– Байқадың ба, үйленіп жатқан жігіттің аты да Серік екен. Бірақ біздің құда бала Серікке ұқсамайтын секілді.
Екі көзі шарасынан шыққан Мыңбай аға төрдегі жас жұбайларға аңтарыла қарағыштай береді. Сонда барып жаңылысқанын сезеді.
– Тойлары осы «Достықта» емес пе еді. Шақыру билетіне қарашы…
– Шақыру қағазы жазу үстеліңде жатыр еді ғой. Алмағансың ба? Меніңше, онда Достық даңғылындағы мейрамхана деп жазылған тәрізді.
– Мүмкін. Бә-с-е, құда-құдағилар да көрінбейді. Өңкей біз танымайтындар… Жүр, асабаға ақырын ғана айтып, тездетіп шығып кетейік ешкімге білдірмей…
Сөйтіп, аңғал ағамыз жол-жөнекей гүл базарынан тағы да бір құшақ гүлін, сый-сияпатын алып Достық даңғылы бойындағы мейрамханада өтіп жатқан екінші тойға қатысыпты.
Көңілдің төрінде
Естелік екі рет жазылмайды. Сондықтан да көңілдегі көрікті ойлар шашырамай тұрғанда Мыңбай ағаның адами бейнесін ажарландырып, пендешілік тұлғасын толықтырар елеусіздеу штрихтардың бір-екеуін түйіп жеткізгім келеді.
Елгезек ағаның өмірге деген құштарлығы, маңайындағы адамдарға деген ықыласы мен назары бөлекше-тін. Уақыт үдерісіне ілесе білген ағаның ініге ізеті, үлкенге құрметі айрықша байқалатын. Жүріс-тұрысы, сөз саптауы, ең ақыры кішігірім көрінер ұсақ-түйек іс-әрекетінің өзінен тәлім-тәрбие әліппесін оқығандаймыз. Өнеге өрнектерінің қарапайым әдептен құралып жататынына көбіне мән бермейміз-ау. Мәкең бүкіл ұжымның құрметтісі бола білді. Редакция өмірінде болып жататын думанды кештер мен той-томалақтың ұйытқысы да еді. Ән салып, би билегенде өнерпаздардың көшін бастайтын. Қазақ операларынан арияларды, халық әндерін шебер де нәшіне келтіріп орындайтын. Клара жеңгей екеуі қосылып сызылта ән салғанда кейінгі толқын – жастар жағы тәнті болатынбыз.
Не нәрсеге де сергек қарайтын Мәкең сонау бір жылдары дағдарысты, тапшылық кезінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Еркін Қыдырды жанына ертіп алып Шымкенттегі әйгілі «Восходтан» өз бағасына ондаған костюм алып келгені де есте. Сөйтіп, Мәкеңнің арқасында редакцияның бүкіл жігіті екі-үш костюмнен киіп, бір жасап қалған. Республикалық теледидардың тікелей ұйымдастыруымен өткізілген дарындылар мен білімділер сайысында да үздіктер сапынан табылған – өзіміздің Мәкең.
Өмірінің соңғы жылдарында дөңгеленте шоқша сақал қойып, имандылық жолына бет бұрған Мыңбай ағаның елордадағы екінші үйі «Егеменге» бас сұғуы – біз үшін үлкен қуаныш. Әлі де осы әсер үстіндеміз.
Ендігі жерде жақсы аға хақында тек естелік айтармыз. Көңіл төріндегі оның асыл бейнесін замандастары қарымды қаламгер, әріптестері елгезек аға, ұрпақтары ұлағатты әке-ата ретінде еске түсірері анық. Бұған да шүкіршілік. Бұл пәниде қаншама адамдар елеусіз, ескерусіз ұмыт болып жатыр десейші. Тәубе!..
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты