Соңғы жылдары ауылшаруашылық құрылымдарын мемлекеттік қолдау жүйеге түсіп, елдегі шаруаның ісі алға басты. Осының нәтижесінде жыл сайын алынған егін көлемі артып, мал басы көбейіп келеді. Бірақ ала жаздай атыз жағалаған ағайынды инвестициялық субсидия талаптарының жиі өзгере беретіні алаңдатады. Осының кесірінен көп шаруашылық қолдауға қолы жетпей, қиналып отыр.
Сыр бойында күріш шаруашылығымен айналысатын ірі құрылымның бірі – «Абзал и К» толық серіктестігі. Жылына 5 200 гектар жерге күріш егетін серіктестік жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған табысты шаруашылық саналады.
– Мемлекеттің қолдауымен инвестициялық субсидия арқылы соңғы жылдары техникамызды толық жаңартып алдық. Қазір егін алқабынан баяғы кеңестік кезден қалған көне комбайн таппайсыз. Олардың орнын жұмысы өнімді озық техникалар басты. Бұл бейнеті белден келетін диқан жұмысын едәуір жақсартып отыр, – дейді серіктестіктің коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов.
Бірақ осы субсидияны төлеу талаптары қазір шаруалар арасында көп түсінбестік туғызып жүр. Мысалы, субсидия шартында техниканың шекті бағасы белгіленген. Қазіргі күні бұл бойынша комбайн бағасы 118 млн теңге болып тұр. Мемлекет техника сатып алған адамға осы құнның 25 пайызын өтеп береді.
Бірақ диқандар қазір мұндай бағаға комбайн табу қиын екенін айтады. Оның үстіне пандемия кезінде АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай өсті. Осы күні егін оратын техниканың ең арзаны – 150 млн теңге. Шаруа оны сатып алғанның өзінде мемлекет оған шекті бағаның, яғни 118 млн теңгенің 25 пайызын ғана өтеп береді.
Сонда шаруашылық әр комбайн бағасынан орта есеппен 8 млн теңгеден ұтылады. Бұл барлық шаруашылық құрылымдарына ортақ проблема.
– Мысалы, соқаға қойылып отырған шекті баға – 3,5 млн теңге. Бұл Ресейден шығатын ең сапасыз соқаның құны. Ал біз жақында 15 млн теңгеге неміс соқасын алдық. Бірақ оған субсидия ретінде жаңағы 3,5 млн теңгенің 25 пайызы ғана беріледі. Осы мәселеге орай әлемдегі озық фирмалар шығаратын ауылшаруашылық техникаларының құны салыстырылып, орташа баға қойылса деген ұсынысымыз бар, – дейді Сағидулла Сыздықов.
Субсидияға өтінім қабылдауда да мәселе жоқ емес. Qoldau.kz порталы арқылы интернеті жақсы тартатын, компьютері қуатты адам ғана өтінім беріп үлгіре алады. Осыдан да интернет жетпеген ауылдардағы шаруалар қолдаудан шет қалып жатыр. Талап бойынша техниканы сатып алғаннан кейін 2 жыл ішінде ғана субсидия ала аласыз. Осы уақыт аралығында үлгермесеңіз, қолдаудан қағылдым дей беріңіз. Мысалы, былтыр «Абзал и К» компаниясы 42 млн теңгелік субсидиядан айырылып қалды.
Диқандар қолдау ережелерінің жыл сайын өзгеретініне де наразы. Мысалы, компания былтыр 300 млн теңгеге күріш өңдейтін цифрлы зауыт салды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына субсидия алудан үміттеніп, құжаттар толтырды. Бірақ биыл бұл қолдау тоқтатылуы мүмкін деген хабар жетіп отыр. «Жыл сайын өзгере беретін ереже талаптарына бейімделіп үлгермейміз. Сондықтан да талаптарды 5 жыл сайын ғана жаңартып отырса», дейді олар.
Жалпы, шаруашылықтарға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегі көп болып отыр. Палата өкілдері диқандар өтінішімен пандемия кезінде белгісіз себептермен экспортқа шығатын өнімдер қатарынан түсіп қалған күрішті қайта қостыруға күш салды. Осының нәтижесінде бір ғана «Абзал и К» компаниясы соңғы 1-2 ай көлемінде 3 мың тоннадан астам өнімді сыртқа жөнелтті.
Облыстық кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков диқандар мәселесінің ұдайы назарда болатынын айтады. Үкімет пен салалық министрлік алдында шаруаларды шаршатып жүрген проблемалар талай мәрте көтерілді. Кейбір мәселелер жақын арада шешімін табады деген үміт те жоқ емес. Мысалы, жеке адамдар үшін теңгені басқа валютаға ауыстырғанда курс айырмашылығы 6 теңгеден аспауы керек. Ал заңды тұлғалар үшін мұндай шектеу жоқ. Шаруалар осыдан да көп ұтылып қалып жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен бұл мәселе оңтайлы шешілді. Жақында ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі техникалар бағасына қатысты коммерциялық ұсыныс сұратты. Бұл тиісті орындардың инвестициялық субсидия төңірегінде көтерілген мәселелерді зерттеуге кіріскенін аңғартады.
– Бүгінде барлық субсидияға қатысты өтінім Qoldau.kz порталы арқылы жүреді. Әрине жаңалыққа бейімделген жақсы. Кәсіпкерлерді әкімшілік кедергі мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан құтқаратын жобаны біз де қолдаймыз. Бірақ шаруашылықтардың «дәл осы портал істі қолдан қиындату үшін жасалған» деген шағымы көп. Арнайы IT маман болмаса, қарапайым ауыл тұрғыны үшін өтінім беру өте қиын. Тілін түсінбегендіктен сырттан адам жалдап, әлекке түсіп жатқандар көп. Әрине олардың тегін істемейтіні түсінікті. Тіпті араларында 100 мың теңгелеп ақша сұрайтындар бар дегенді естиміз. Осылайша шаруа шығынға батады, – дейді Жасұлан Серіков.
Бұрын өтінім ХҚКО арқылы жүргізілген. Ондағы мамандар қандай құжаттар қажеттігін түсіндіріп, шаруаларға бірталай көмек көрсетіпті. «Qoldau.kz зейнет жасындағы адам да оңай қолдана алатындай қолайлы болу керек. Сонда ғана шаруалардың шырылы азаяды», дейді Жасұлан Сақтапбергенұлы.
Жыл басында облысқа инвестициялық субсидия үшін 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оған ілінбей қалғандар қатары көп болған соң палата өкілдері салалық министрлікке тағы қаржы қарастыру жөнінде өтініш беріпті. Қазір соның жауабын күтіп отыр.
Осыған дейін Qoldau.kz арқылы субсидияға өтінім берген әр адам 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлеп келіпті. Қазір бұл 11 АЕК-ке көтерілген. Бірақ бұл қаржы шаруа қолдау ала алмай қалса да қайтарылмайды. Бұған наразы болған ауылдағылар кәсіпкерлер палатасына шағымданады.
Шаруаларды шаршатып жүрген мәселелердің бір парасы осындай. Ала жаздай атыз жағалаған ағайын осы түйіннің тарқатылғанын тілейді.
Қызылорда облысы