Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтіп, онда Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарының мөлшерін белгілеу, кандидаттардың сайлау қорлары мәселелері қаралды.
Отырыста сөз алған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысымен қысқаша таныстырды.
«Биылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша депутаттыққа 88 адам ұсынылды. Орташа алғанда бір депутаттық орынға 5 адам үміткер болып отыр», деп атап өтті Б.Имашев.
Отырыста Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбиля Мұстафина баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларын таныстыру үшін тең қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Кандидаттардың бағдарламаларын таныстыруға телеарналар үшін 10 минут, радиолар үшін 10 минут, мерзімді басылымдар мен желілік басылымдардағы жарияланым үшін екі мақала көлемінде мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жариялы іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі», деді С.Мұстафина.
ОСК өз қаулысымен Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарын 450 000 теңге көлемінде белгілеген. Оның 300 000 теңгесі теледидардан, радиодан сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін, сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін 70 000 теңге, ал көлік шығындары үшін 80 000 теңге бөлек қарастырылған.
Сондай-ақ С.Мұстафина Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары туралы ақпаратты түсіндірді. Баяндамадан белгілі болғандай, кандидаттың меншікті қаражатының жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақыдан екі жүз есе мөлшерден аспауы тиіс, яғни бұл 8 500 000 теңгені құрайды. Сонымен бірге басқа да азаматтар мен ұйымдардың көрсететін қолдауы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен аспауы тиіс, ал бұл 21 250 000 теңге.
ОСК төрағасы Б.Имашев «Сенат депутаттарының жанама сайлауын өткізу кезінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдану сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді», деп атап өтті.