Сыр жерінің қай пұшпағында да көне тарихтың көп дерегін сақтаған көмбе бар. Олардың бірқатары қазір зерттелу үстінде, әлі көп көзіне түсе қоймаған қазына да аз емес. Қазалы ауданының Қарақұм беткейіндегі Тапа дейтін шағын елді мекенде қола дәуірінен қалған көп жәдігерді осы өңірдің байырғы тұрғыны Аманжол Жұмабеков жарты ғасырдан бері жинап келеді. Жуырда Қазалыға жол түсіп, аудан орталығынан жырақта жатқан Тапаға тартып кеттік.
Қарақұм – байырғы заманнан бері осы маңдағы малшы біткеннің жаз жайлауы, қыс қыстауы болып келген мекен. Қазір де тіршілігін төрт түлікпен байланыстырғандар осы құм арасын мекен етеді. Жері отты, шөбі шүйгін малға да, жанға да жайлы өңір жайлы ел арасында «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген сөз бар. Сол Қарақұмды қақ жарып тартып келеміз. Жолбасшымыз Есімбек кезінде осы өңірде көп жыл мал баққан екен. Сондықтан да бұл арадағы айқыш-ұйқыш жолдың әр бұрылысы оған бала кезден таныс. Әр төбенің тарихын таныстырып отырып, аудан орталығынан жүз шақырым қашықтықтағы қыстауға демде жеткізді.
Кезінде 20 шақты үй жайлаған Тапада қазір 2-3 шаңырақ қана қалған. Біз іздеп келген Аманжол ақсақал жарты сағаттың ішінде ауылдың өткен-кеткенімен таныстырып үлгерді. Зейнетке сауда саласынан шыққан ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері құм арасынан қазына теріп келеді екен.
– 1969 жылы осы маңнан табылған ине құятын қалып пен тас жебені Алматы музейіне өткіздім. Содан бері талай құпияны бауырына басқан осы төбелерден жүздеген жәдігер табылды. Қазір қолымда 300-ден астам экспонат бар. Сынықтарды жымдастыра желімдеп, бірнеше құмыра құрастырдым. Олардың көпшілігі қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Бұл осы араға келген ғалымдардың пікірі, – дейді Аманжол Жұмабеков.
Құм арасынан қыш құмыралармен қатар сол замандағы ата-бабаларымыздың қажетіне жараған дән үккіш, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұйымдар шыққан. Аманжол ақсақалдың айтуынша, жәдігердің бәрі осы Тападағы 200 гектардай аумақтан табылып отыр.
Ертеректе бұл жерде қыштан құмыра құятын көне ошақтар көп болыпты. Елу жылдан бері қазына іздеп, әуесқой археологқа айналған Аманжол Жұмабеков ондай жерлерді белгілеп кетіп отырады. Кейін ғалымдар келгенде тапқан жерін көрсетіп, солардың болжам-байламына құлақ түреді. Сондай ошақтардың бірнешеуін бізге көрсетті.
Құм баурайына бізді бастап келген ақсақал белгіленген жердің біріне күрек салды. Ә дегеннен-ақ осыдан 3 мың жыл бұрын жағылған сексеуілдің күлі табылды. Сәлден кейін ошақтың бір қабырғасы айқындалды. Әр жерден құмыра сынықтары мен ақсөңке болған адам сүйектері көзге шалынады. Есте жоқ ескі заманда өткел болғаны байқалатын жолдан өте бере шыққан жалдан шеті кетілген тас жебе таптық.
– Кейде күніге 2 сағатымды осы маңда өткізем. Көп адамның «жасы жетпіске келгенде мынанікі не сандалыс?» деген күңкілін де естимін. Бірақ бұл менің жеке басыма қажет емес. Кейінгі ұрпақтың игілігіне айналуы тиіс қазыналар. Осыған дейін тапқан жәдігерлердің біразын аудандық музейге уақытша қойдым. Мендегі дүниелерге қызығып, Қытайдан келіп қомақты қаржы ұсынғандар болды. Бірақ ұлттың тарихын саудалауға арым жібермеді, – дейді қария.
Негізі, елімізде Орталық Қазақстан қола дәуірінің деректері мол сақталған өңір саналатыны белгілі. Бірақ қазақ қоғамына тән антропологиялық, этностық, мәдени және шаруашылық негізі бастау алатын кезеңнің белгілері Сыр жерінде де аз емес. Мысалы, Аралдың шығыс жағында орналасқан Түгіскен кесенелері қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштерінің бірі саналады. Тек өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Хорезм археологиялық экспедициясы жүргізген зерттеу жұмыстарынан кейін аймақта қола дәуірі ескерткіштеріне қазба жұмыстары жасалған жоқ. Ұзақ жылғы үзілістен кейін, 7 жыл бұрын Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары осы Тапаға бірлескен экспедиция жасады. Оның нәтижесінде археологтар мен жергілікті өлкетанушының авторлық бірлестігімен «Тапа – памятник эпохи бронзы северо-восточного Приаралья» атты мақала жарық көрді. Қазақстан Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ жетекшісі Ақан Оңғар, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Әзілхан Тәжекеев, елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Аманжол ақсақалмен үнемі хабарласып, қолдан келген көмектерін беріп тұрады.
Осыдан 2 жыл бұрын Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Тапа қонысы мен осы аумақты және бір барлап шықты. Нәтижесінде Арал мен Тапа ауылы ортасынан Үрген, Аққұдық сияқты ежелгі тұрақтар орны анықталды.
Аманжол ақсақал жуырда аудан әкіміне кіріп, жәдігерлер табылып жатқан алаңдарды қоршау, мемлекеттік есепке алу туралы өтініш білдірді. Аудан басшысы осыған орай тиісті орындарға тапсырма беріпті. Біраз уақыт бұрын осы маңайда мұнай құбырын жүргізген Қытай компаниясының қалашығы болған. Бұл жерден құнды дүниелер табылып жатқанын естіген олардың да қарап қалмасы анық. Бірнеше мәрте «қара археологтардың» да қара көрсетіп қалған кезі бар. Ақсақал тарихи қазыналар осылай талан-таражға түсіп кете ме деп алаңдайды.
Тапаға жақын Шәкен ауылындағы орта мектеп оқушылары үшін көшпелі көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Кола ішіп өскен балаларға қола дәуірінің дерегін жеткізіп, тарих тылсымына жетелеуде ақсақалға мектеп басшылығы да ұдайы жәрдем беріп келеді.
Тарихи қоныстың зерттелуін білмек болып Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеевке хабарластық.
– Сыр өңіріндегі қола дәуірі ескерткіштеріне назар аударылмай келеді, тіпті зерттеу жұмыстары жоқтың қасы. Тапа қорымының жерлеу ғұрпы, қыш ыдыстардың түрлері және пішіндері, өрнек салу мәнерлері толық және терең зерттеуді қажет етеді. Бұл үшін басқа аймақтардағы қола дәуірі ескерткіштерімен салыстырып, айырмашылықтарын анықтап, туыстас тайпалардың әсерлерін анықтау керек. Сонымен қатар жойылып бара жатқан ескерткіште тұрақты зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн, – дейді Әзілхан Әуезханұлы.
Келген сапарымызды түйіндеп, кері қарай жолға шықтық. Талай тарихты баурайына бүккен Тапа мен Ащы Ақай, Әулие сексеуіл төбелері артта қалып барады. Олардың қойнауындағы көмбені игеруге бүгін кіріспесек, ертең тарихымызды тани түсуімізге септігін тигізетін көп дүниеден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Құм арасынан жарты ғасыр жәдігер жиған жергілікті өлкетанушының алаңы да осы.
Қызылорда облысы