Елордада «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Салалық мемлекеттік органның қызметкерлері мен отандық БАҚ өкілдері қатысқан шара елдегі эпидемиялық жағдай талаптарына байланысты онлайн-форматта өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі барлық журналистер мен БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. «Журналистер – қоғамның жанашыры. Қоғам тіршілігіндегі кез келген қиындыққа бірінші болып үн қатып, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы. Расында да, журналистика – шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелікті қатар талап ететін кірпияз мамандық. Өйткені ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу – екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой», деді Аида Балаева.
Министр шынайы ақпарат жеткізуге атсалысқан барлық сала қызметкерлеріне ауыр да абыройлы еңбегі үшін риясыз алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада жоғары кәсіби шеберлігі үшін еліміздің барлық аймақтарынан ондаған медиа қызметкер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен және отандық журналистиканы дамытуға айрықша үлес қосқан медиа майталмандар «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты марапат тек «Qazaqstan» және «Хабар 24» телеарналарының журналистері Мақпал Укенова мен Қанат Базылханов, «Aiqyn» және «Казахстанская правда» газеттерінің журналистері Айтжан Мұржанов пен Асқар Бейсенбаевқа табысталды. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі әріптестерімізден Александр Тасболат, Бекен Қайрат, жақында ғана Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Оралхан Дәуіт, сондай-ақ Гүлназ Аймұхамбетова, Гүлмәрия Құдабаева сала үздіктерінің қатарынан табылды.
Сонымен қатар биыл алғаш рет белгілі журналист және қоғам қайраткері, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығы тағайындалды. Төрт аталым бойынша конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 26 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданды. Сыйлықтың алғашқы иегерлері шара барысында белгілі болды. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжет» аталымы бойынша «Хабар 24» телеарнасының қызметкері Мерей Шохманова, «Әлеуметтік тақырыптағы әлеуметтік желідегі ең үздік жарияланым» аталымы бойынша Ақжелең Рахатдинқызы, «Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет» аталымында Ольга Бугаева және «Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала» аталымында «Егеменнің» Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым жеңіске жетті.
Салтанатты шара кезінде әріптестерін бейнебайланыс арқылы шетелдік бөлімшелерде жұмыс істейтін отандық БАҚ журналистері құттықтады. Қатысушылар 2020 жыл қазақстандық журналистер үшін тек коронавирус пандемиясымен күреспен ғана емес, сонымен қатар жүздеген нағыз кәсіби шеберлердің адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жеткен жетістіктермен есте қалатынын атап өтті. Сондай-ақ биыл республикалық «Казахстанская правда» газеті мен «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігі 100 жылдық мерейтойын атап өтуде, ал «Хабар агенттігі» АҚ-тың медиа нарыққа шыққанына 25 жыл толып отыр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналист мамандығын бойында айрықша азаматтық ұстанымы, кең дүниетанымы мен жоғары адамгершілік құндылықтары бар адамдар ғана алып жүретінін атап өтіп, барлық БАҚ қауымдастығы өкілдеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақыт пен береке тіледі. Мерекелік шара соңында журналистер мерекесіне арнайы жазылған әннің тұсауы кесілді.
Айта кетейік, мереке қарасаңында бас басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің көптеген қызметкері Парламенттің, орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен қалалар әкімдіктерінің, түрлі саладағы құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арнайы марапаттарына ие болды, сондай-ақ бірқатар конкурстың жеңімпазы, жүлдегері атанды. Мәселен, Президенттің Жарлығымен тағайындалған «Халық алғысы» медалін газеттің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлайым Шымтемірқызы кеудесіне тақты. Басылымның Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі, ардагер журналист Темір Құсайын Парламент Мәжілісінің дәстүрлі конкурсы – «Парламент сөзі» сыйлығының лауреаты атанса, Парламент Сенаты ұйымдастырған «Туған ел» байқауының бас жүлдесін газеттің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым иеленді. Бұған қоса Nur Otan партиясының жыл сайынғы «Нұр Сұңқар» республикалық конкурсының «Ұшқыр қалам» аталымын газеттің шолушысы Айгүл Халықова жеңіп алды. Сондай-ақ газеттің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықайды облыс әкімі «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.