Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әли – қазақ ұлты үшін ерен тұлға. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, даңқты шайырдың соңында өшпес мұра, ақыл-ойдың кені қалды.
Биыл еліміздегі басты мерейтойлардың бірегейі – Қадыр Ғинаятұлының 85 жылдығы қазақ руханияты мен мәдениеті үшін даңқты дата, аса қадірлі күн. Ақынның асыл мұрасын түгендеп, халыққа кеңінен насихаттау – шайырын шын қадірлеген жұртшылық пен туған елінің еншісінде екені мәлім. Бұл орайда, Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының жасап жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай.
Осы жылдың 27 маусымында ашылғанына 5 жыл толып отырған мекеме Қадыр ақынның қазынасын насихаттауда уақытпен санаспай, талмай еңбек етіп келеді. Оған өңірді айтпағанда, түгел еліміз куә. Бұл ең алдымен ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихына алтын әріппен жазылған атын асқақтату, беделін биіктету емес пе?
2015 жылы Қадыр ақынның 80 жылдығына орай өңірде ауқымды шаралар өтті. Батыс Қазақстан облысында ақынның асқақ бейнесін көрсететін екі бірдей ескерткіштің ашылып, ақынның даңқын тағы бір айшықтады. Мүсіннің бірі – Орал қаласында бой көтерсе, екіншісі туған жері – Жымпиты ауылының орталығында «қасқайып тұр».
Оралдағы Қадыр ақынға арналған қола мүсін ұлылықтың қарапайым бейнесіндей. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері Ринат Әбенов, Ербол Зиябеков, Ибрагим Айденовтердің қолынан шыққан көркем туынды маңайынан өткен жанды таңдандырмай қоймайды.
Иә, осыдан тура бес жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен қадасы қағылған Қадыр орталығының қадір-қасиеті жыл өткен сайын артып келе жатыр. Аталмыш орталықтың ашылу салтанатында алғаш болып әйгілі Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Ақұштап Бақтыгереева бастаған аға буын өкілдері ат басын тіреп, алдағы қызметіне ақ батасын берді. Ұлт зиялылары ұлы шайырдың ескерткіші алдында бас иіп, салтанаты келіскен сарайды көріп қайран қалысты.
Басқа өңірде баламасы жоқ бұл орталық – Оралға келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары бағасын алды.
Әдебиет әлемінде дүр сілкінер жаңалық болған Қадыр орталығы ғимаратының шын мәнінде салтанаты келіскен, ерекше. Нысанның архитекторы – Халықаралық архитектура Академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының қайраткері Бөкебай Саматбек Тәженұлы болса, құрылыс мердігері – Қошан Қайдар Жасенұлының басшылығындағы «Болашақ–Т» ЖШС. Міне, орталық құрылысының аз-кем тарихы осындай.
Қазаққа кеңінен таныс Қадыр Ғинаятұлының соңына қалған мұралары да орталықта орналасқан ақын атындағы әдеби мемориалдық кабинетте, музейде сақталған. Мұндағы сөрелерде жиналған кітаптың барлығы Қадыр ақынның жеке кітапханасынан алынған. 6767 кітап осы орталықтың ең маңызды, ең құнды қазынасы.
Мұражайдың негізгі бөлігінде Қадыр ақыннан қалған мұралармен толық танысуға болады. Қадыр Мырза Әлидің Жымпиты ауылының мектебінен түлеп ұшқандағы кәмелеттік аттестаты, сыныптастарымен түскен суреттері алыстан көз тартады. Бала Қадырдан дана Қадырға дейінгі еңбек пен ізденіс жолдарынан сыр шертетін ақпараттар да осында. Талай-талай жырлар, сүйекті шығармалар дүниеге келген ақынның жеке жұмыс бөлмесі қаз қалпында тұр.
Ақын жырлары ел аузына ерте ілігіп, заңғар жазушылар оң бағасын берген болатын. «Ой орманы» атты жинағы үшін 1966 жылы алған Ленин комсомол сыйлығы, 1980 жылы «Жерұйық» атты кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанғандағы дерек пен дәлел көрмеден көрініс тапты.
Тәуелсіздік жылдарында алған марапаттары бір төбе. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры атағы, сонымен қатар Халықаралық «Авьяс» сыйлығы құжаттарын көрмей өту мүмкін емес. Шет елдерге сапары, отбасымен түскен суреттері, тұтынған заттары, ақ қалпағы, қалта телефоны, т.б. құнды жәдігерлері көздің қарашығындай сақтауға әбден лайық дүниелер.
Сонымен қатар мұражайда әдебиеттің көрнекті өкілдеріне, жырау, батырларға арналған көрме залы бар. Сырым, Махамбет батырларға арналған бұрыш өлке тарихынан сыр шертеді. Ұлы ақын Абайдан басталған арнайы бұрыштар келушілерді мол мәліметке қанықтырады. Өлке тарихында ізі қалған орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин, татар халқының ақыны Ғабдолла Тоқай, ғалым Қажым Жұмалиев, «Ақжайық» трилогиясының авторы, жерлес қаламгер Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, еңбек жолын Оралда бастаған майдангер ақын Қасым Аманжолов секілді заңғар тұлғалар жайындағы құнды жәдігерлер баға жетпес байлық іспетті.
Жерлес ақындар Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, жазушы Берқайыр Аманшин, Қадыр ақынның замандастары, әдебиеттің белді өкілдері Мұқағали мен Тұманбай, Фариза, Әнес Сарай, Әбіш Кекілбай, Қажығали Мұхамбетқали, Мырзатай Жолдасбеков хақындағы деректер өскелең ұрпақ үшін аса құнды.
Алпыс жылдық тарихы бар Ақжайық айтысына арналған бұрыш және өңір әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген ақын-жазушылар туралы мәліметтер менмұндалап тұр.
Қадырдай белгілі ақынның беделін аласартпай, биікке көтеріп келе жатқан орталық бес жылда қанша белестен өтті. Шығармашылық ұжым бүгінде облыстағы іргелі мәдениет ошағына айналып, ел-халықпен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Мәдени ұжымның жұмысы сәт сайын жанданып, тың жобалармен толығуда. Айталық, «Елеулі есімдер» жобасымен өнер, мәдениет, білім, денсаулық және басқа да салаларға еңбек сіңірген есімі елеулі жандармен кездесу кештері өткізіліп, рухани шаралар апта сайын тұрақты ұйымдастырылса, соңына өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» атты жоба қолға алынды.
«Ауылдағы ардақтылар» жобасы ауыл тұрғындарының тыныс тіршілігімен тығыз байланысты. Бұл жоба еңбекпен, игі істерімен, атымтай жомарттығымен, қарапайымдылығымен жерлестерінің алғысын арқалап жүрсе де, есімі елге бейтаныс ауыл азаматтарын дәріптеуге арналады. Осындай жаны жайсаң жандармен жүздесу – көпшілікке ой салары анық.
Сондай-ақ өнерлі әулетті көпшілікке насихаттауға арналған «Жұлдызды отбасы» жобасы қолға алынды. Әкелі-балалы, ерлі-зайыпты, ағайынды өнерпаздармен кездесу кешін өткізу арқылы, бұл жобаның мән-мазмұны ашылып келеді. Сонымен қатар «Тасада жүрген таланттар» жобасы жас дарындардың тынысын ашуға бағытталған, бұл жоба осы жылы да жалғасын табады.
Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұлтымыздың асыл құндылықтарын дәріптеумен ерекшеленуде. Атадан балаға мирас болған айтыс өнерінің де жалауын жықпай, Жайық жұртымен «жүздестіру» жолында аянбай еңбек етіп жүр. Мәселен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы», Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаштың бағы – Азаттық» атты республикалық ақындар айтысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында «Жастар жылы» аясында республикалық ақындар айтысы да орталық ұжымының «жұдырықтай жұмылуымен» тиянақты әрі жоғары деңгейде өтті. Елді елең еткізген VIII «Алтын домбыра» айтысы 2019 жылдың желтоқсан айында Орал қаласында дүбірлеп өтті.
«Қадыр жолымен...» жобасы аясында ақынның шығармашылығын насихаттайтын «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы құрылды. Аталмыш өнер ұжымының құрылу мақсаты – қайталанбас тұлға Қадыр Мырза Әли шығармашылығын насихаттау. Яғни ұжым құрамындағы әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста шырқаса, талантты жастар өлеңдерін оқып, әзіл-қалжыңдары мен афоризмге айналған даналық ойларын, қанатты сөздерін кеңінен дәріптейді. Бұл – даланың біртуар перзентінің бай мұрасына деген зор құрмет.
Ұжым бүгінде халықтың оң бағасын ала білді. Облысымыздың аудан, ауылдарында өнер көрсетіп, тәжірибесін шыңдаған «Дала дидары» Атырау, Маңғыстау облыстарына, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына өнер сапарын жасап, Қадыр шығармашылығын құрметтейтін көрерменнің ықыласына бөленді. Өткен жылдың өзінде көршілес Ақтөбе қаласында екі мәрте өнер көрсетіп, болашағының зор екендігін бір бағдарлап алған еді.
Дүниені дүрліктірген аты жаман індет қай саланы болсын әуре-сарсаңға салды. Дәл осындай шақта Қадыр орталығы елмен бірге болды. Ақын қазынасын әлеуметке әлеуметтік желі арқылы жеткізу о бастан бар. Дейтұрғанмен, елдегі жағдайға байланысты ұжым да қашықтан жұмысқа кірісіп, бір сәт болсын дағдарып қалған емес. Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін күн сайын әлеуметтік желіге салып, оқырманға ұсынды. Белгілі өнер иелері, орталықта қызмет істейтін облыс айтыскерлері «Ақжайық» телеарнасы арқылы, орталықтың желідегі парақшалары арқылы ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Бірнеше онлайн айтыс ұйымдастырды. Орталықтың тыныс тірлігінен хабар беретін видеороликтер, онлайн экскурсиялар ұсынылды. Еліміз індеттен аман өтіп, бұрынғы қалыпқа қайта оралғанда, Қадыр орталығы әдеттегідей, қызу жұмысқа кіріспек.
Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, Күйшілер Одағының облыстық бөлімшелері де осы жерде орналасқан. Айтыс алаңында Ақжайық ақындарының жеңісі мен жемісі зор. Бұл өнерлі өлкеге тән болса керек. Өңіріміздегі елге танымал және жас ақындардың басын бір арнаға тоғыстыру, бір жерде дидарласу, ой бөлісу – талантты шыңдайтыны анық. Осы тұрғыда биыл орталықтан Айтыскерлер бөлмесі жасақталып, төл өнер жүйріктерінің жиі бас қосатын орнына айналып келеді.
Қазақстанда баламасы жоқ орталық ғимаратының қапталында сахнасынан талай жұлдыз өнер көрсеткен 1125 орындық амфитеатр жұмыс істейді. Амфитеатрда жаз мезгілінде әрбір аудан өнерпаздары өнер көрсетеді. Бұл – кешкі серуенге шыққан қала тұрғындарының көңіл күйін көтерері сөзсіз. Себебі бұл шағын ауданда Тұңғыш Президент атындағы саябақ тұрғындар игілігіне қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар орталықта М.Горький атындағы қалалық кітапхана бөлімшесі және Қадыр ақынның замандас досы, Бөкей құмында дүниеге келген ақын Жанғали Набиуллин атындағы оқырман бөлмесі жүйелі жұмыс істеп келеді. Бұл бөлмеде Жанғали ақынның отбасының ұйғаруымен жеке кітапханасынан 1200 кітап әкелініп, оқырман игілігіне пайдаланылуда.
Орталықтың 150 орындық концерт залында әр апта сайын әдеби-сазды шаралар өткізіліп тұрады. Яғни өңірімізге танымал ақын-жазушылар, мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткерлер, еңбек ардагерлерімен кездесу кештері, сондай-ақ, өмір жолына айтулы із қалдырған қайраткерлерді еске алу кештері ұйымдастырылып, халықтың көзайымына айналды.
Тірлігі қат-қабат орталықта ақпарат бөлімі жүйелі жұмыс істеуде. Қолға алынған әрбір шараны алдын ала әлеуметтік желілерге жарнамалап, өту барысы мен қорытындысын желі қолданушыларына уақтылы жеткізіп отырады. Бұл ретте орталықта «Қадырцентр» жеке сайты іске қосылса, «Уайтмеджик» студиясы ақпарат және жарнама жұмыстарын бейнебаянда жасауға өз үлесін қосып келеді.
Қашанда жас таланттардың тынысын ашуға үлес қосатын, мәдени ошақтан қоңыр дауысымен тыңдармандардың жүрегін тебірентіп жүрген облыс әншісі Ерлан Қуанышев орталық жанынан соңғы үлгідегі музыкалық құрылғылармен жабдықталған «Дауыс RECORDS» дыбыс жазу студиясын ашты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, композитор Әділбек Сүлейменов жетекшілік ететін елге танымал халықтық «Әжелер сәлемі» ансамблі тәрбие-тәлімі мол халық әндерімен қатар, ел арасына кеңінен тараған мазмұнды әндерді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр.
Сонымен қатар орталықтағы домбыра үйірмесі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ұмтылған ұл-қыздарды құдіретті күй әлеміне жетелейді. Домбыра үйірмесінің жетекшісі – күйші, ұстаз Асқар Кенжеғалиев. Құрманғазы мен Динаның мекені – Ақжайық – түтіні түзу ұшқан күйдің ошағы. Бұл ретте, Қазақстан Күйшілер Одағының облыстық филиалы да (филиал төрағасы А.Кенжеғалиев) қарқынды жұмыс атқаруда. Бұл ұлттық домбыра күні қарсаңында орталықта күйшілер бөлмесі ашылып, ақсүйек өнерге қатысты деректермен толықты.
Ақын атын ұлықтау – ұрпаққа аманат. Бұл орайда, Қадыр орталығы орналасқан қаламыздың 6-шағын ауданындағы ауызекі тілде «62 үй» аталып келген аялдамаға ресми түрде Қадыр Мырза Әли орталығы атауы берілді. Сондай-ақ тағы да бір қуанышты жаңалықтың куәсі болдық. Елордамызда Республикалық ономастикалық комиссиясының отырысында, қалалық мәслихат шешімімен Орал қаласының 5-шағын ауданына Қадыр Мырза Әлидің есімін беру туралы шешім шықты. Бұл Ақжайық өңірінің жетістігі.
Батыс Қазақстан облысы ғана емес, еліміз тамсанып, таңғаларлықтай ерекше ғимаратымен, тың бастама, жобаларымен, игі мәдени іс-шараларымен дараланған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының бүгінгі тынысы кең, келешегі жарқын. Қадыр ақынның қазынасын жинақтап, халыққа насихаттап отырған бірлігі бекем, сәулеті ерек мекеме қаламыздың көркіне сән, руханиятына нәр беріп тұр.
Ел руханиятындағы ұлы тұлғаны ұлықтап, ұрпақ жадына сіңіре алсақ, ұлтымызды ұйыстыруда ұтарымыз көп. Еңселі ғимараттың есігі ел үшін әрдайым ашық.
Бауыржан ХАЛИОЛЛА,
Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры