Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында цифрлы экономика үшін адами капиталды дамыту мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндады.
3 млн-нан аса маман даярланды
А.Аймағамбетов атап өткендей, қазіргі таңда адами капитал кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторына айналды. Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы цифрлы дағдыларды талап ететіні атап өтілді. Осыған орай 2030 жылға қарай әлем бойынша кем дегенде 1 млрд адамды қайта оқыту қажеттігі туындады.
McKinsey болжамдарына сәйкес, 2030 жылға қарай цифрлы дағдыларға деген қажеттілік кемінде 55%-ға өседі. ЭЫДҰ баяндамасында жұмыс орындарының 32%-дан астамы цифрландыру нәтижесінде түбегейлі өзгереді деген болжам келтірілген. Бұл ретте компьютерлік сауаттылық туралы ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы цифрлы құзыреттер туралы да айтылып отыр.
«Цифрлы құзыреттілікке қосымша, адам капиталы үшін функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, креативтілік, оқу және талдау қабілеті болып табылатын soft skills-ті дамыту қажет. Бұл бағыттағы басты қадамдарды біз бастадық», деді Білім және ғылым министрі.
2016 жылдан бастап еліміздегі мектептерде функционалдық сауаттылықты дамытуды қарастыратын жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Келесі оқу жылында мектептердің жаңа бағдарламаларға көшуі аяқталады.
Келесі қадам – білім берудің барлық деңгейлеріне цифрлы құзырет енгізу. Министрліктің алдында әлемдік стандарттарға сәйкес IT саласының мамандарын даярлау, барлық азаматтардың базалық цифрлы сауаттылығын қамтамасыз ету сынды міндеттер тұр.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Цифрлы білім беру» ауқымды жобасын жүзеге асыруды ұсынамыз. Жоба үш негізгі бағытты қамтиды. Бұл – базалық цифрлы құзыреттер, мамандандырылған IT-кадрларды және басқа салалардың қызметкерлерін IT-құзыретімен үйлестіре отырып дайындау. Осы жобаның нәтижесінде терең IТ білімі бар жаңа мамандар даярланады», деді А.Аймағамбетов.
Аталған жоба аясында жыл сайын 400 мыңнан астам «цифрлы құзырет» кадрлары шығарылады. Осылайша 2030 жылға қарай барлық деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 млн-нан астам маман даярлайтын болады.
Министрдің айтуынша, орта білім беруде 2013 жылға дейін ақпараттық технологиялар пәні 7-сыныптан басталады, мазмұны ескіргеннен кейін ол 5-сыныпқа қосылды. Бұл бағдарламаларда көбінесе компьютерді пайдалану, кеңсе қосымшаларын меңгеру секілді қарапайым дағдылар мен жаңартулар талап етілді. Сондықтан 2021 жылдан бастап цифрлы сауаттылық пәні 1 сыныптан бастап енгізіледі. Балалар алгоритмді, ақпараттық гигиена мен қауіпсіздікті үйренеді, 3 сыныптан бастап – Scratch кодтау тілін, STEM, 3D-принтинг, робот техника негіздерін үйренеді.
Сонымен қатар IOS, Android операциялық жүйелері, сондай-ақ Рython, С++ бағдарламалау тілдері оқытылады. Ол үшін еліміздің облыс орталықтарында 25 жаңа арнайы IT-лицей ашылды, 447 STEM зертхана және 2 мыңға жуық робот техника кабинеті ашылды. Оқушылар сарайларында 560-тан астам балалар технопаркі мен робот техника кабинеттері ашылды.
«Сабақтан тыс үйірмелерде балалар роботтарды бағдарламалауды, 3D-printing оқуды үйренеді. Дегенмен олар әлі де жеткіліксіз деп санаймын. Педагогтер де IT сауатты арттыру курстарынан өтеді. Әсіресе IТ оқытатын мұғалімдердің робот техника мен бағдарламалау бойынша оқудан өтуі маңызды», деді министр. Бұған қоса колледждерде IT-мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Жаңа жоба аясында әр облыста IТ-құзыреттілік орталығы ашылады. Орталықтар WorldSkills халықаралық стандарттарын іске асыру үшін әдістемелік, талдау, жаттығу жұмыстарын ұйымдастырады.
Қазір елімізде IT-мамандығы бойынша жоғары білім беру жүйесінде 51 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 326 кәсіби стандарт негізінде IТ-бағыт бойынша бағдарламаның 95%-ы жаңартылды. Университеттерге академиялық еркіндік берілді. Жаңа оқу жылынан бастап 91 инновациялық бағдарлама енгізіледі.
Цифрлы сауаттылардың үлесі 82,1 %
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бүгінде ел халқының цифрлы сауат деңгейі 82,1%-ды құрайтынын айтты.
«Жалпы, IТ саласында адами капиталды дамытудың нәтижесінде бүгінгі таңда цифрландырудың жалпы экономикалық тиімділігі 802,5 млрд теңгені құрады. Әртүрлі салада 120 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Отандық стартаптарға 38 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Халықаралық рейтингтерде жақсы жетістіктер бар. Жұмыс әрі қарай жалғасады», деді министр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, бизнес пен экономика салаларын цифрландыруға ерекше назар аударылады. Оның ішінде экономиканы цифрландырудың басты драйвері ретінде 10 технологиялық платформа іріктелді. Нәтижесінде жаңа жоғары технологиялық компаниялар пайда болуда. Бұл үшін бірінші кезекте жоғары білікті мамандар қажет. Бүгінде IТ-мамандарға жыл сайынғы қажеттілік 30 мыңнан асады.
Елімізде IТ-мамандарын дайындайтын екі мамандандырылған жоғары оқу орны бар. Олар жетекші халықаралық серіктестермен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірлейді. Сонымен қатар үздік 10 ЖОО пулы құрылды. Олар халықаралық университеттермен бірге өздерінің оқу бағдарламаларын дайындады. Аталған ЖОО-лар IТ-мамандарды оқыту жүйесінің өзегі болып табылады. 2025 жылға дейін IТ-дағдылары бар 1,8 млн қызметкер және 370 мың жоғары білікті маман даярланады. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде 2025 жылға қарай цифрлы сауаттылық деңгейі 87%-ға жетеді.
«Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов цифрлы экономика үшін адами капиталды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Цифрландыру дәуірінде адами капиталды дамытудың елеулі нәтижесіне тек IТ саласында емес, сонымен қатар экономиканың аралас секторлары мен салаларында кадрларды оқытуға және даярлауға бағытталған ұлттық деңгейдегі бастамалардың көмегімен ғана қол жеткізуге болады.
«Осыған байланысты біз сингапурлық «Skills Future» бағдарламасының тәжірибесін (Болашақ дағдылары) масштабтауды ұсынамыз. АХҚО-ның үздіксіз кәсіби даму бюросы оны қаржы индустриясының мамандарын даярлау үшін сәтті бейімдеді», деді Қ.Келімбетов.
Бұл бағдарламаның негізгі аспектілері – өндірістен қол үзбей үздіксіз кәсіби даму, жобалық тәсіл мен оқытудың белсенді әдістемелерін және индустрия мен академиялық білім беру қоғамдастығының тығыз өзара іс-қимылы есебінен оқыту бағдарламаларының қолданбалы сипатын қолдану.
«Барлық білім беру бағдарламасын мектеп, колледж және ЖОО деңгейінде өзекті ету және оқуға жобалық тәсіл енгізу ұсынылады. Біздің ойымызша, бұл бастама алдағы 5-10 жылда 1 млн-нан астам адамды қамтиды», деді Қ.Келімбетов.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер-Министр атап өткендей, 2019 жылы Адами даму индексі бойынша Қазақстан 189 елдің ішінде 50-орынды иеленді. Елімізде 1826 робот техника кабинеті, 447 STEM зертхана, 1746 IT-сынып, 21 IT-орталық бар.
Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, «Цифрлық білім» ауқымды жобасының іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар цифрлы дағдыларды оқыту, IT-мамандар даярлау және қайта даярлау бойынша бағдарламаларды әзірлеу, алдыңғы қатарлы оқу орындарының тәжірибесін өңірлік университеттер мен колледжерде тарату, «Астана» ХҚО-ның тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеріп, жаңа кәсіптік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмысын жандандыру қажет екені айтылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар кешенін жаңарту, байланыс операторларымен бірлесіп, отандық білім беру ресурстарына шектеусіз қол жеткізу мәселесін пысықтау тапсырылды.
«2025 жылға қарай халықтың цифрлы сауатының деңгейін 87%-ға дейін жеткізу керек және өңірлер үшін бірыңғай жұмыс алгоритмін әзірлеу қажет», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне «цифрлы портфельдің» талаптарына сәйкес заманауи компьютерлік жабдықтар мен робот техника кабинеттерін, мектептерге арналған STEM қосымша сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Көлеңкелі экономикамен күрес
Үкіметтің селекторлық отырысында «көлеңкелі экономиканың» үлесін төмендету шаралары қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев баяндады.
Қазақстанда 2025 жылға қарай «көлеңкелі экономика» деңгейін ІЖӨ-нің 20%-нан төмен деңгейге жеткізу көзделген. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде еліміздегі бақылаудан тыс экономиканың үлесі 2019 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің 27%-ынан 23,62%-ға дейін төмендеді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін 1,5 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Елімізде бақылаудан тыс қызметті заңды айналымға тартуды ынталандыру, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы заңнамалық базаны дамыту үшін тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, бизнеске қолайлы болуы үшін және импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудаға дейін тауардың қозғалу ашықтығын қамтамасыз етуге арналған «Виртуал қойма», «Таңбалау» модульдерімен «АСТАНА-1», «Электронды шот-фактуралар» кешенді ақпараттық жүйелері бар. Тексерулерді, бизнеспен байланысты азайту, сондай-ақ тексеруді тағайындау кезінде адами факторға жол бермеу үшін «Тәуекелді басқару жүйесі» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Үкімет басшысы заңсыз экспорттық-импорттық валюталық операцияларды жою бойынша ұсыныс енгізуді, қызметтерді цифрландыруды жетілдіру, ақпараттық жүйелерді одан әрі интеграциялау, Қазақстан аумағында тауарларды қадағалау жөніндегі жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ төлемдер мен төлем жүйелері туралы қолданыстағы заңнамаға электронды ақша иелерін міндетті түрде сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Премьер-Министр мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, артық талаптарды қысқарту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, нақты әкімшілік салық салу арқылы бизнестің көлеңкелі сектордан шығуын экономикалық ынталандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. «Бизнесті ашық жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.