• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 03 Шілде, 2020

Елбасы тағылымы

1241 рет
көрсетілді

Өздерін жер-жаһандағы демократияның атасы санайтын америкалықтардың әлемдік саясаттануға енгізген «мемлекет құрушы әкелер» дейтін қастерлі ұғымы бар. Көпті көрген, көп оқыған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтар болсақ: «Барша қазақстандықтар үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның мемлекет құрушы әкесі». Ешбір артық-кемі жоқ, дәл осылай айтты және бұл – ешкім күмән келтірмейтін ақиқат.

Өткен жылы бір америкалық әріп­тесім: «Сіздер елорданың атын тағы өзгер­тіпсіздер, бұл жеке басқа табыну емес пе?» деп тұтқиылдан сұрақ қойды. Мен назарымды тіктей: «Ел астанасын мемлекет құрушы әкенің атымен атауды біз сіздерден үйрендік», деп жауап бердім. Америкалықтың жүзіндегі мысқыл лезде жым-жылас болып, төменшіктей берді.

Иә, данышпан Абай атамыз: «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол», деп айтқандай, елін сүйген Елбасыны халқы да құрметтеп, екінші Президенттің ұсынысымен мемлекет астанасы «Нұр-Сұлтан» деген нұрлы, шуақты, айбынды атауға ие болды. Енді санаулы күндерден соң Елбасы мен ел астанасының туған күнін қатар тойлаймыз.

 «Жазылар естеліктер мен туралы»,  деген екен арқалы ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Жер-жаһанның алуан тілде­рінде Елбасы туралы жүздеген, тіпті мыңдаған мақала, зерттеу еңбегі мен ғұ­мыр­баяндық кітап жазылды. Аузымен құс тістеген ғалымдар мен қаламгерлер Ел­басы жүргізген шебер саясаттың, та­бысты экономикалық реформаның, келісім мен өзара құрметке негізделген халық­аралық қатынастардың, бір сөзбен айтқанда «Назарбаев феноменінің» қыр-сырын ашу­ға талпыныс жасайды.

Сонымен «Елбасы тағылымы» деп біз нені айтамыз? Ол қазақтардың бүгінгі және болашақ ұрпақтарына не береді? Мемлекет басшысының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет істеген көмекшілерінің бірі ретінде қос мереке қабат келген күні біз де өзіміз көрген, көкейге түйген сан алуан тарихи оқиғаны саралап, көпшілікпен ой бөлісуді жөн көрдік.

Ең алдымен, мемлекет болу үшін жер керек. Бұл – бұлжымайтын аксио­ма. Бұқар бабамыз айтқандай, бізге «өгіздің терісі – талыстай» ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ атақонысымыз ешбір халықаралық құжатпен ресімделмеген еді. Тіпті қазақ жерінің Балқашқа дейінгі бөлігі Қытай оқулықтарында шығыстағы қызыл империяның территориясы деп көрсетілді. Әуелі орыстың А.Солженицын дейтін Нобель сыйлығын алған жазушысы, кейін КСРО-ның соңғы президенті М.Горбачевтің өзі билігінің ақырғы кезеңінде Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі деген сандырақ пікір айтып, жария түрде арандатушы әрекетке барды. Егер сол бір ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған қиын сәт­терде Қазақстан басшылығы тарапынан қызуқандылықпен айтылған ұшқары пікір, асығыс әрекет орын алғанда, біздің территориялық тұтастығымызды сақтап қалу неғайбыл еді. Мұны Украинадағы қазіргі қалыптасқан жағдай дәлелдеп отыр. Кемеңгер Елбасы осы бір «қиын түйінді» қисынмен шешіп, қазақ жерінің шекарасын халықаралық құжаттармен бекітіп, біржолата және мәңгілікке шегендеп берді. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлының қазақтардың бүгінгі және болашақ ұрпағы алдында сіңірген баға жеткізгісіз зор еңбегі.

Екінші. Елбасымыз дамудың ұшар биігіне жеткен Батыс пен Шығыс елдерінің тәжірибесін зерттеп, зерделеп, жинақтап, жүйелеп, ұлт менталитетінің сүзгісінен өткізіп, «Қазақстан жолы» атты мемлекет дамуының дербес, жеке дара моделін жасады. Аға буын «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп баға берген дәл осы жол бізді өркениет биігіне бастап келеді. Алла бұйыртса, әлі талай биікке де шығамыз.

Үшінші. Қаншама ұзақ жолдың алғашқы шақырымнан басталатыны сияқты «Қазақстан жолы» да ешкім бас­паған соны соқпақтардан бастау алды. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тәжірибе не­гізінде 1997 жылы жасалған «Қазақстан-2030» бағдарламасында жүйеленді. Елба­сымыз осы құжатта алға қойған мақ­саттарды мерзімінен бұрын орындаған соң әлемдік экономиканың дамуы мен жа­һандық геосаясаттан туын­даған жаңа проблемаларды қорытып, ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан-2050» бірегей стратегиясын жасады. Дүние жүзі саясаткерлері айрықша құжат ре­тінде мойындаған дәл осы стратегия Қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елінің биігіне шығаратын болады.

Төртінші. Елдің етек-жеңі жиналып, мемлекеттік институттар қалыптасқан соң Назарбаев саяси реформаны мықтап қолға алды. Ол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қабылданған ел егемендігі туралы декларацияның, тәуелсіздік туралы конституциялық заңның да басты авторы болып, АҚШ-тың «мемлекет құрушы әке­лер» қызметін жалғыз өзі атқарды. Қазақ қоғамына тың тыныс, соны серпін берген жаңа Конституцияның да басты авторы болды. Дәл осы Конституция ұлттық заң­нама жүйесіне берік іргетас болып қа­ланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Президенттік биліктің іргесін бекітті. Биыл 25 жылдығын атап өтетін Ата заң – береке-бірлік пен ынтымақтың Конституциясына айналды. Бұл да Елбасы даналығының айқын айғағы болса керек.

Бесінші. Тұңғыш Президентіміз Ата заңға негіздеп, ел тарихында алғаш рет қос палаталы кәсіби Парламент түзді. Қай саясатта болсын, таразы басын тең ұстауды жөн көрген сабырлы Елбасы ұсынған қос палаталы Қазақстан Парламенті уақыттың барлық сынынан сүрінбей өтіп, өз қызметін абыроймен атқаруда. Кезінде осы жүйені сынаған көршілердің өзі біртіндеп біздің үлгіге көшті.

Алтыншы. Тәуелсіздіктің берік қор­ғаны, қалқанына айналған Қазақстан Қарулы Күштерін құрып, оның Жоғарғы Бас қолбасшысы болды. Қорғаны берік тәуелсіз елдің ғана іргесі кеңейіп, түтіні түзу ұшады. Олай болмаған жағдайда ел берекесінен айрылады. Ілкідегі Тәжікстан мен Грузия, кейінгі Армения мен Әзербайжан, алдыңғы Молдова мен Қырғызстан және бүгінгі Украинадағы қанды оқиғалар – осының айғағы. Әрине, Қазақстан әскер қуаты жағынан алып империялармен иық тіресе алмайды, бірақ өз қатарының алды екені рас. Қарулас достыққа, адал әріптестікке мығым. Оны күні кеше Мәскеудегі шеруде көк туды желбіреткен қазақ сарбаздары дәлелдеп берді. Біле білген адамға бұл да үлкен саясат.

Жетінші. Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, данышпан Мұхтар туған топырақтағы Семей полигонынан қазақ көп зардап шекті, әлі де шегіп келеді. Мен дәл осы өңірде өсіп, сол зұлматты өз көзіммен көрдім. Осы ажал апанын 1991 жылдың өзінде-ақ жапқан Елбасымыз екенін күллі қазақ жұрты ешуақытта ұмытпақ емес. Н.Назарбаевтың бүкіләлемдік ядролық қарусыздануға, атом жарылыстарын тоқ­тату мен бейбітшілікті сақтауға қосқан осы бір теңдесі жоқ үлесі оны сол жыл­дардың өзінде-ақ әлемдегі батыл ойлы мемлекет басшыларының қатарына қосты. Елбасымыз кезінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мының биік мінберінен жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы Дүние жү­зіндегі ядролық қарусыздану қозға­лы­сының көшбасшысына айналды.

Сегізінші. Ел тәуелсіздігін алғанда Қазақстан Республикасының өз валютасы да жоқ еді. Ұлттық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, оны сыртқа сыр шығармай, алдын ала шетелде бастырып, аяғынан тік тұрған валюта жасаған да Елбасымыз болды. Қазір Қазақстан Республикасының елдегі экономикалық тұрақтылықтың кепілі саналатын Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 90 миллиардқа жуық АҚШ долларына жететін қаражат бар. Бүгінгі пандемия жағдайында бізге дәл осы қордағы мол қаражат көмекке келді. Ел ертеңін ертеден-ақ болжаған Елбасының бұл да бір көрегендігі деп біліңіз.

Тоғызыншы. Алдағы мақсат айқын­далып, міндет зорайған соң Елбасы аста­наны Сарыарқаның төріне қондырды. Ол – қазақтың бағына туған елдің ұлы перзенті болса, Нұр-Сұлтан – Елбасының төл пер­зенті. Елорда қазақтың атағын аспандатып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұш­панды күйіндіретін болашақтың қаласына айналды. Бүкіл Қазақстанға шуақ шашқан Нұр-Сұлтанмен бірге қазақтың көші оңтүстіктен солтүстікке қарай бет алды. Бұл халқымыздың демографиялық кескін-келбетіне көрік беріп, елдің еңсесін көтерді.

Оныншы. «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген экономикалық мақ­саттарға қол жеткізу үшін «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдар­ламасы» жасалды. Соның аясында бү­кіл еліміз бойынша мыңдаған зауыт­тар мен өндірістік кәсіпорындар ашы­лып, әлемге танымал жапон, корей авто­мобильдері, америкалық локомотивтер шығарыла бастады. Мүмкін, салынған кәсіпорындардың бәрі бірдей аяғынан қаз тұрып кетпеген болар. Жартылай, ширек қуатымен жұмыс істеп тұрғандары да жоқ емес. Бірақ дәл осы кәсіпорындардың ел экономикасын әртараптандыруға айтарлықтай үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Елбасымыз ел экономикасындағы үшінші инновациялық жаңғыртуды да өзі бастап берді. Осыған сәйкес жаңа кәсіп­орындармен бірге Қазақстанға әлем­дік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шы­ғаратын жаңа технология келіп, үшінші технологиялы жаңғыру өрістеді.

Он бірінші. Ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамыды. Ке­ңес за­манында қолдан жасап, қо­сып жа­зып жүріп, әупірімдеп бір миллиард пұт (16 миллион тонна) астық­ты әрең алатын Қазақстан ауыл шаруа­шылығы саласында жүргізілген жү­йелі реформаның нәтижесінде жыл сайын 20 миллион тоннаға жуық ас­тықты еркін жинайтын дәрежеге жет­ті. Қазір Қазақстан әлемдегі ең ірі ас­тық экспорттаушы алғашқы алты мем­ле­кеттің қатарынан берік орын алды. Жалпы, бұл салада да алда атқаратын шаруа аз емес. Ендігі жерде табысты саннан гөрі сападан іздейтін, жыртылған жердің көлемімен емес, алынған өнімнің мөлшерімен есептейтін, озық технология­мен өлшейтін уақыт келді. Фермерлер осыған ұмтылуы керек.

Он екінші. Өз дегенімен емес, тағдыр­дың жазуымен көп ұлтты мемлекет бол­ған Отанымыз береке мен бірліктің ме­кеніне айналды. Елбасы қиыннан қиыстырып жол тауып, сан алуан ұлт өкілін көк тудың астына тоғыс­тырды. Қазақстанды мекен еткен әр алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің тізгінін тең ұстап, бірегей мемлекеттік институт – Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Қо­ғамдағы орны мен құзыреті Ата заң­да бекітілген бұл ұйым ел бірлігі мен ха­лықтар достығына берекелі қыз­мет істеп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тара­пынан әлем мемлекеттеріне үлгі-өнеге ретінде ұсынылуда.

Он үшінші. Адамзат тарихында соғыс атаулының басым көпшілігі дін үстемдігі үшін болған. Елбасы әрбір қазақстандыққа наным, сенім бостандығын берді. Алуан түрлі конфессия өкілдерінің басын қосып, дүние тарихында қатарынан бес рет Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының съездерін өткізіп, ежелгі Қазақ жерін хақ жолындағы ізгі жандардың бата-ша­пағатына бөледі. Мұны батыс пен шығыстың саясаткерлері, ел сарап­шылары мойындап, көпке үлгі етті.

Он төртінші. Ата-баба дәстүрі мен ұлт мәдениетінің ұлы қасиеттерін жас­тайынан бойына сіңірген Елбасы қазақ халқының көне заманнан күні бүгінге дейінгі бай мұрасын жүйелетіп, «Мә­дени мұра» бағдарламасын жасатты. Кезінде осы бағдарламаның басы-қа­сын­да болғанымды мен де мақтаныш етемін. Көне мәдениетті әлемнің ең озық мәдениетінің үрдістерімен ұштастырып, Астанада Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, «Астана опера» театры, «Астана балет» балет театры, Ұлттық кітапхана, Ұлт­тық мұрағат, Ұлттық музей сияқты бірегей мәдениет нысандарын салдырды. Мұның бәрі жаңа замандағы қазақ мәдениетін әлемдік биікке көтерді. Өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты стратегиялық мақаласында ұлты­мыздың рухани жаңғыруының жаңа бағытын айқындап берді.

Он бесінші. Тәуелсіздік жылдары екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдарынан тұратын ұлттық ақпарат кеңістігі қалыптасып, цифрлы ақпараттық технологиялар енгізілді. Кеңес заманында жалғыз телеарнаға телміріп қалған қазақ­стандық көрермендерге қазір 100-ге жуық арна қызмет істеуде. Ел аумағында Фейсбук, Твиттер, Инстаграм, Ватсап, Телеграм сияқты әлеуметтік желілерді ер­кін қолдануға болады. Кейбір дамыған елдерде бұлардың біразы бұғатталғанын біз білеміз. Осылайша, Қазақстан жаһандық ақпарат жүйесінің бөлінбес бөлшегіне айналды.

Он алтыншы. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында жеке-дара мемлекеттік мәртебеге ие болған ұлттың ұлы қазынасы – қазақ тілін қолдану аясы кеңейді. Кеңестік кезеңде жабылған 600 мектептің орнына 1000-ға жуық қазақ мектебі ашы­лып, орта білім беру жүйесінің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқытатын оқу бағдарламасына көшті. Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы жасалып, қазақ жазуын латын алфавитіне көшірудің нақты мерзімі белгіленді. Ел арасында «тіл саясаты – әлсіз, тым жұмсақ» дейтін пікірдің де бар екенін білеміз, бірақ «үй артында кісі бар» екенін және олардың ішінде ілінісуге сылтау таппай отырғандардың да жоқ емес екендігін ұмытуға болмайды. Республика халқының 72 пайызы қазақ, мектеп оқушыларының осыншама мөлшері қазақ мектебіне баратынын ескерсек, ендігі жерде қазақ тілінің басына төніп тұрған қауіп жоқ. Тек Абай атамыз айтқандай, «ақырын жүріп, анық басқан» жөн.

Он жетінші. Ғылым, білім саласы айтар­лықтай өсіп, тәуелсіздік жылдары 1000-ға жуық жаңа мектеп ғимараты салынды. Әлемдік университеттермен терезесі тең «Назарбаев университеті» ашы­лып, респуб­ликамыздың әрбір өңірінде 20-дан астам «Назарбаев зияткерлік мектебі» бой көтерді. Елбасы тапсырмасымен «Болашақ» стипендиясы бойынша он бес мыңға жуық талантты жас шетелдердің беделді университеттерінде білім алып, бүгінде ел болашағына қызмет істеуде. «Әкелік қамқорлық» деген дәл осылай болар.

Он сегізінші. Еліміздің денсаулық сақтау саласы да айрықша дамыды. Кешенді «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабыл­данып, 100-ден астам аурухана мен емхана салынды. Астанада әлемдік деңгейдегі ең озық техникамен жарақтанған Ұлттық медициналық хол­динг ашылып, оның құрамындағы «Рес­публикалық диагностикалық орта­лық», «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы», «Республикалық жедел меди­циналық көмек көрсету ғылыми орталығы», «Республикалық балаларды оңалту орталығы», «Республикалық ней­ро­хирургия орталығы» және «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» сияқты ауқымды медициналық мекемелерде ең күрделі операциялар жасалуда. Қазіргі кезде бүкіл әлемді коронавирус індеті жаулап тұрғанда отандық медицина халыққа көмек қолын созды. Дер кезінде салынған ауруханалар мен озық технологиялар, медициналық жабдықтар мыңдаған отандасымыздың өмірін сақтап қалды.

Он тоғызыншы. Елбасы жыл сайы­н экономикалық күш-қуаты артып, саяси беделі көтеріліп келе жатқан жетекші елдердің басын құрайтын, бүгінде әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың біріне айналған, құрамына Қазақстанмен шекаралас елдердің бәрі кіретін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құру ісіндегі бастамашылардың бірі болды. Осылайша, ол әлемдегі саяси күштердің ара салмағын сақтауға үлкен үлес қосты. Кім не десе де, Қытай дәл қазір қарыштап дамып келеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Егер ғылым, білім Қытайда болса, сонда барып үйрен», деп хадисінде көрсетілгендей, біз де бұл елдің озығынан үйренуіміз, тозығынан жиренуіміз керек.

Жиырмасыншы. Мемлекет басшы­сының жеке-дара бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі де өзінің өміршеңдігін көрсетіп берді. Әуелі Ресей мен Орталық Азия елдерінің басын қосқан бұл ұйымның құрамында қазір Ресей, Қытай, Үндістан бастаған 26 мүше, АҚШ пен Жапония қостаған 8 бақылаушы мемлекет бар. Дәл осы ұйымның Алматыда өткен саммитінде Н.Назарбаев бүгінде ара-тұра шекісіп қалатын Азия алыптары – Қытай мен Үндістан, Пәкістан мен Үндістан басшыларын бір үстелдің басына отырғызып, төрағалық жасады. Ол бұл құрылымды ХХІ ғасырда қатер-қауіп ошағы саналған Азиядай алып құрлықтағы ең қиын түйінді мәселелерді шешетін ЕҚЫҰ-ның Азиядағы аналогі ре­тінде ықпалды халықаралық ұйымға айналдырды.

Жиырма бірінші. Елбасы туған елінің даңқын асырып, айбынын асқақтатып, Еуропаның шаңырағына бастады. Мен 1994 жылы қазанда ЕҚЫҰ-ның Будапештегі саммитіне қатысып, осындай ұлы жиындар бізде қашан өтеді деп ойлаған едім. Елбасы Қазақстанды Еуропаның ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданы қоса қамтып, 56 мемлекеттің басын қосатын ЕҚЫҰ-ның төріне шығарды. Күмәнсіз, қапысыз, өз абыройымен, өз беделімен шығарды. Қашанда бізді үйретумен келген кәрі құрлықтың басшыларын қазақ жеріне келтірді. Әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін, Алаш жұртының азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатты.

Жиырма екінші. Қашанда екі тізгін, бір шылбырды қатар ұстап, алысты болжап, биікті межелейтін Елбасы дүние жүзінің 57 елінің басын қосатын Ислам конференциясы ұйымына төраға болды. Бұл да еліміздің абыройын асырды. Елба­сымен бірге дін қарындастың рухын көтеріп, еңсесін тіктетті. Әлем халқының бір жарым миллиардтан астамын қамти­тын осы ұйымның тізгінін ұстау Елба­сының мұсылман дүниесіндегі аса биік халық­аралық беделінің айқын көрінісі ретінде қабылданды. Мұны әлемдегі ең ірі мұсылман елінің басшылары да мойындап, жиі-жиі айтуда.

Жиырма үшінші. Түркі халықтары ежелден Еуразиядай апайтөс алып құрлықтағы басты интегратор болған. Еуразиялық одақ туралы орыс және түркі халықтарының зиялылары ежелден-ақ армандағанымен, бұл жоба да орындалусыз қалған. Осы идеяға 1994 жылы жан бітіріп, оны 20 жыл бойына табандылықпен алға жылжытты. Әрине, бұл ұйымның да жұмысына сын көп. Ол дәл Елбасы жоспарлағандай деңгейде жүзеге аса қоймаған шығар, бірақ қа­уымдастықтың Қазақстан тауарын көршілердің үлкен нарығына шығаруға, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тигізер пайдасы зор екені анық.

Жиырма төртінші. Қашанда ел бола­шағын ойлайтын, туған халқын әлемдік биіктерден көруді қалайтын Елбасы дүние жүзіндегі ғылым мен техниканың, өнер­кәсіптің, жаңалық атаулының ең үздік жетістіктерін насихаттайтын ЭКСПО көрмесін 2017 жылы Астанада өткізуге қол жеткізді. Шындықты айтқанда, Елбасы ұсынған «Болашақтың энергиясы» – керемет идея. Қазақстанда таза энергия көзі саналатын жел де, су да, күннің көзі де жетіп артылады. Өкініштісі, орындалуы баяу. Ең бастысы – қимыл-қозғалыс, әре­кет бар. Алдағы жылдарда қарқыны да кү­шейеді деп үміттенеміз.

Жиырма бесінші. Қазақтың ұлы хан­дары мен баһадүр батырларының бәрі дерлік туған халқын бір тудың астына, бір мемлекеттің аясына жию үшін күресті. Ең ұлы миссия қара қазан, сары баланың қамы болды. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы кезінде сталиндік қуғын-сүргіннің кесапатынан жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың басын атажұртта қосып, берісі Ресей, Қытай, Моңғолия, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан, арысы Ауған­стан, Иран, Түркия, Германияда тұратын миллионнан астам қандасымызды тарихи Отанына алдырды. Халқының саны миллион­ды қойып, жүз мыңға да жетпейтін мемлекеттер де аз емес. Сондықтан бұл – ғаламат еңбек.

Жиырма алтыншы. Елбасы үшін қазақ жерінің қай тұсы болсын қымбат. Бірақ ол талай хандардың ордасы, әулиелер мекені болған Түркістанды әрдайым жүрек төрінде ұстайтын. Президент ретінде қабылдаған ең ірі шешімдері – халқы миллионнан асқан шырайлы Шымкентке республикалық мәртебе беруі мен Түркістан облысын құруы болды. Бұл екі жарлық 4 миллионнан астам қазақ қоныстанған киелі өңірдің тынысын ашып, қанатын жайды, әлеуетін арттырып, ажарын кіргізді.

Жиырма жетінші. Билікке қол жеткізу оңай емес, ал оны өз қолымен беру тек рухы мықты адамдардың ғана қолынан келеді. Әлем тарихында мұндай оқиға өте сирек болған. Елбасы атақ-даңқы ша­рықтап тұрған кезде өз еркімен, өз қолымен Президенттік қызметін сенімді серігіне ұсынды. Жай ұсынып қана қойған жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлын министр, вице-премьер, Премьер-Министр, Сенат төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары сияқты биік-биік қызметтерден өткізіп, әлемге танылған саясаткер болған кезде ұсынды. Елбасы таңдауы бүкілхалықтық қолдауға ұласты. Саясаттағы сабақтастық деген осындай-ақ болар.

Жиырма сегізінші. Тәуелсіздік – кейбіреулер айтып жүргендей, қазақтарға өз­дігінен келе салған Тәңірдің сыйы емес. Кеңес Одағындай алып империя ыдырап, ұзақ жылдарға созылған қарулы қантөгістер мен қақты­ғыстар орын алған күрделі заманда Елбасымыздың аса үлкен стратегиясымен жүзеге асқан «бар­ша қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық». Сол «қасиетті құндылықты» жариялаған да, оны тағдыр мен тарихтың сынынан аман алып өтіп, бүгінгі күнге жеткізген де Елбасымыз.

Міне, «армансыз туған асыл ер» Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздіктің 28 белесінде туған халқына сыйлаған 28 сыйы дәл осындай. Елбасының қазақ халқына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін басқаша да санауға болар, бірақ біз дәл осылай жүйелеуді жөн көрдік. Ендігі жерде әр қазақ Елбасы жариялаған, сақтаған, өркендеткен ең қасиетті құн­дылығымыз – Тәуелсіздікті бәрінен биік қойып, оны нығайтуға қалтқысыз қызмет етуі керек. Сонда ғана еліміздің еңсесі биік, рухы асқақ, болашағы жарқын болады.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы