• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 07 Шілде, 2020

ҰБТ-2020 мәресіне жетті

280 рет
көрсетілді

Әне-міне дегенше бұрынғыдан бөлектеу басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу де тәмамдалды. Пандемия өршіп тұрған елең-алаң шақта тестілеуді тапсыру талапкерлерге де оңайға соқпады, биылғы ҰБТ ата-аналарды да жылдағыдан екі есе алаңдатқаны анық. Сонымен, жанын шүберекке түйген талапкерлер үшін сын сағат артта қалды. Бірақ кімнің бағы мен бабы қоса шапқаны алдағы уақытта қаралатын комиссияның отырысында анықтала жатар. Әзірге ҰБТ-2020-ның бұрынғыдан, анығы былтырғыдан қандай өзгешелігі мен жаңашылдығы болғанына тоқталайық.

Талапкерге еркіндік берілді

Ең алдымен сандарды сөйлетсек, осыған дейінгі жылдарда ҰБТ-ға өтініш бергендердің саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. 131 754 талапкер тестілеуге өтінім берген. Бір ерекшелігі осы жылы талапкерлер ҰБТ-ға өтінішті онлайн тәртібінде де тапсыра алды. Жалпы жас буынның жаңашылдыққа және жаңа технологияға бейім келетіні бар ғой. Соның бір дәлелі болар, 90 мыңнан аса талапкер өтінішті онлайн түрде толтырған. Бұл бір жағынан вирусты таратпаудың алдын алса, екінші жағынан заманауи жетістіктер арқылы жыл сайынғы сабылысты біраз жеңілдетті. Ал ең маңыздысы түлектерге таңдау еркіндігі берілді. Бұрын мектепті нашар бағаға бітіргендерді мектеп басшылары немесе педагогтер ҰБТ тапсырмауға үгіттейтін.

Биылғы ҰБТ-ның тағы бір айтуға тұрарлық жаңалығы – мемлекеттік білім беру грантының бұдан былай тілге емес, білім беру бағдарламасына бөлінетінінде. Бұл мәселенің маңыздылығы сол, көбіне орыс тілінде тест тапсырушылар небәрі 50 балмен грантқа түссе, дәл сол мамандыққа қазақ тілінде тапсырған талапкерлер 70 балмен грантқа ие бола алмай жататын. Осыдан келіп қазақ мектебін тәмамдаған түлектер грант алу үшін мүмкіндігі мол орыс тобын амалсыз таңдайтын еді. Ал биыл талапкерлер оқу тілін грантқа тәуелділік танытпай таңдай алады.

 

119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады

Білім және ғылым министрлігінің ақпа­ра­тына сүйенсек, республика бойынша 161 пунктте жүргізілген ҰБТ-ның әділ өткізі­лу барысын қадағалау мақсатында қала­лар мен өңірлерге министрлік тарапынан 1 983 өкіл жіберілген. Бұдан бөлек ҰБТ-ның ұйымдастырылу барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері кірген, 510 адам мүше Арнайы мониторингтік топ рұқсат бақылады.

Биылғы ҰБТ-ға тіркелген азаматтардың 92,1%-ы тестілеуге қатысқан, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94%-ды құраған болатын. Осы жылы былтырғымен салыс­тыр­ғанда тіркелген тестіленушілердің аз болуын пандемияның өршіп тұруымен бай­ла­ныстыруға болатын секілді. Себебі ми­нис­трліктің мәліметінше, 119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмапты. Ал осы талапкерлер үшін 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылмақ.

 

Орташа көрсеткіш өзгермеді

Осы жылы ҰБТ тапсырғандардың ішінде 82 154 талапкер тестілеу тәртібінде белгіленген шекті балды жинай алды. Демек былтырғы көрсеткіш көп өзгерген жоқ. Айталық, 2019 жылы 65,5 балл орташа көрсеткіш болып саналса, 2020 жылғы ҰБТ-да бұл 64,06 балды құрады.

Биылғы ҰБТ-ның бұрынғыдан келесі бір өзгешелігі – тестілеу ұйымдастыруда алғаш рет электронды үкімет базасы арқылы Face ID жүйесінің пайдаланылғанында. ҰБТ-ға кіргізу талаптарынан талапкерлердің хабардар болғаны әсер етті ме, биыл өзінің орнына тестілеуге басқа адамды кіргізу әреке­ті­­­нің саны айтарлықтай азайды. Мәселен, өткен жылы мұндай 34 жағдай орын алса, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болған. Яғни дәл осындай заңсыз әрекет бір жыл ішінде 27-ге төмендеді.

 

Калькулятор қолдануға рұқсат етілді

Талапкерлерге калькуляторды пайда­ла­нуға рұқсат беруін осы жылғы ҰБТ-да алғаш рет қарастырылған мүмкіндіктің бі­рі­не жатқызуға болады. Әлбетте талапкерлер тестілеуге өздері қалаған есептеуіш құ­­ралды әкеле алмады, оларға кіреберісте қара­пайым калькулятор берілді. Бұдан бө­лек биыл бірінші рет түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды. Бұл – ел­дегі төтенше жағдай кезінде қашықтан оқу форматына көшуге мәжбүр болғандықтан қабылданған шешім.

ҰБТ тарихында алғаш рет талапкерлердің ата-аналары тестілеу өткізу пункттеріне, тіпті маңайына жолай алмады. Бұған да пан­демия себеп болды. Дегенмен ата-аналар үйде отырып ҰБТ-ны бақылауға мүм­кін­дік алды. ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан аса адам ҰБТ-ның өткізілу барысын онлайн режімде бақылады. Бұл екінші жағынан талапкерлердің тәртібін қадағалауға және тестілеуден кейін де олардың әр әре­ке­тіне арнайы комиссияның сараптама жаса­уына қажет. Өйткені ҰБТ ережесіне енгі­зілген жаңа өзгеріске сәйкес енді 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейне­жазбада грант иеленген талапкердің ты­­­йым салынған заттарды пайдаланғаны анық­­­­талса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жо­­йылады.

Қоса кету керек, мемлекеттік білім беру гран­тына үміткер болу үшін өткізілген мау­сымдағы ҰБТ-да шекті балл жинай алма­ған­дар үшін тамыз айында тағы да тестілеу ұйым­дастырылады. Ондағы нәтижемен тестіленушілер еліміздегі жоғары оқу орын­да­рының ақылы оқу бөліміне түсе алады. Негізі университеттердің ақылы бөліміне қабылдану үшін талапкерлердің шекті балл жинағанын айғақтайтын қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарайды.