Алатаудың ар жағынан тағы да жайсыз хабар естілді. Мәселені мәмілемен шешу орнына бір-біріне таяқ ала ұмтылып, әлі жеткені өлтіруден де тайынар емес. Мүлікті тонап немесе қиратып, үйді өртеп, білгендерін істеуде.
Тағы да революция. Қырғыз ағайындар 2005 жылғы оқиғаларды тағы да қайталап отыр. Әрине, әр ел өз жолын өзі таңдайды десек те, қырғыз халқының тағдырлы күндерді бастан кешіп жатқаны анық. Бүгінгі оқиға ертеңгі күні қалай жалғасатынын дөп басып айту қиын.
Бұл елде билік пен оппозицияның арасындағы шиеленіс әсте де үзілмейді. Оның бір сәт көтеріліп, онан соң біршама бәсеңдейтін кездері бар. Өткен айдың ортасында оппозиция мен билік кезектесіп құрылтайлар өткізгенде, сол шиеленістің біршама шарықтағандай кезі болған. Сірә, билік енді оппозицияның қайта бас қосып, ұйымшылдықпен әрекет ететінін күте қоймағандай. Енді қарсыластардың мәміле жолын іздемей, өз райларынан қайтпауы отқа май құйғандай болды. Алғашында сейсенбі күні Талас облысында, оның орталығында болған қақтығыс лезде бүкіл елді шарпып, ақырында Бішкек қаласы отқа оранды.
Иә, революция Қырғызстанға қайта оралды. Бұл өткендегіден де қызулау десе, артық емес. Көтерілген халық өткеннің тәжірибесінен сабақ алғандай. Құқық қорғау орындарының адамдары көз ашытатын газбен, әрі кетсе резіңке оқпен ататынын аңғарған көтерілісшілердің таяқ пен тас қарулары әлдеқайда күшті еді. Олар барлық жерде де жеңіске жетіп жатты.
Оқиғаның барысын тәптіштеп айтудың өзі артық. Ол сағат сайын өзгеріп жатады. Сәрсенбі күні қырғыз астанасы үлкен шайқастың алаңына айналғандай болды. Республикада төтенше жағдай жарияланып, Бішкекте коменданттық сағат енгізілгеніне қарамай, көтерілісшілер мен құқық қорғау орындары адамдарының арасында қақтығыс толастамады. Көшелерде, алаңдарда мүмкін болған нәрсенің бәрі қиратылды. Үйлердің терезелері шағылып, мәшинелер төңкеріліп, өртелді.
Құқық қорғау орындарының күштері оппозиция жетекшілерін қамауға алғаннан кейін шеруге шыққандардың әрекеттері бұрынғыдан да күшейе түсті. Олар қарсыластарының қаруларын тартып ала бастады. Бұдан кейін алаңға жиналған халықтың қолдауымен олар үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасады. Соның салдарынан бас прокуратураның, парламенттің, ұлттық қауіпсіздік қызметінің ғимараттары отқа оранды. Оппозиция жетекшілері қамаудан босатылды.
Бұл елден нақты ресми хабар алу қиын. Үкіметтің толық құрамында қызметінен кеткені хабарланды. “Халық сенімі үкіметіне” басшылыққа тағайындалған оппозицияның бір көсемі Р.Отынбаева оппозицияның елдегі билікті қолдарына алғанын, сөйтіп, уақытша үкімет құрылғанын, оның елдегі жағдайға толық бақылау жасап отырғанын мәлімдеді. Бір деректерге қарағанда, президент Құрманбек Бакиев пен қорғаныс министрі Б.Қалыев Оштағы президент резиденциясында болса керек.
Қарулы қақтығыс болған жерде өлім бар. Денсаулық сақтау орындары қаза болғандар санын елуден асырып отыр. Жараланғандарды жатқызатын орын жетпеуде деген ақпарат бар.
Мамадияр ЖАҚЫП.