Ұстаз әл-Фараби ізгі қала жайлы ой-толғамдарында қалалар мен қауымдар жайын талқылай отырып, халқы ымырамен, өзара ізгілік гүлзарында ықпалдасып ғұмыр кешетін қайырымды қалаға жанды ынтық, жүректі іңкәр етуші еді ғой. Сол қалаға қарама-қайшы құбылыс – ізгілікке құрылмаған қалалар жайын да баян қылғанда, надандық жайлаған қараңғылар қаласы, тән қалауын ғана қанағаттандырар қажеттіліктер қаласы, тұрғындары байлықты ғана аңсаған айырбас қаласы, жүрек тоналған бақытсыздар қаласы және басқаларды бағындыруды ғана көксеген билік құмарлық қаласын көріп, жан жадағай тартып, жүрек жүдейтін.
Халқы ұзақ та бақытты өмір сүретін, жақсылық пен әділдік дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасатын қайырымды қала белгісі неде дегенде, әуелі сол қаланың тұрғындары ізгілік белгісі өзімізде бар ма десе керек, қайырымды қала қайда дегенде, біздің бойымыздағы қайырымдылық қайнары қайда десе керек-ті. Фукидидтің, көне заман ойшылының «Қала дегеніміз – тас қабырғалар емес, адамдар» деген ойын жалғастырар болсақ, қайырымды қала, ізгі мемлекет дегеніміздің өзі қайырымды адамдар, ізгі қоғам деген мағына ала бастайды емес пе. Ақылды адам бойында бес құндылығы жоқ қаладан аулақ жүргені абзал, дейді Ас-Самарқанди. Ол қандай сипат дегенде, әділ басшысы, тұма бұлақ – тұнық суы мен құнарлы топырағы, ғақылдан шырақ ұстаған ғалымы, сырқаттың қай сырына да қанық болар шебер емшісі және жомарт әрі мейірбан адамдары екен.
Осы ойлардың ожау түбінде қалар қаспағы да сол, қала дегеніміздің адамдар екені. Қаланың тууы, өмір сүруі, тіпті күйреуі де адамдарға байланысты. Осы құндылықтар мен қасиеттер біртұтастанып, қаланың жаны мен рухына айналатындай. Иә, әр қаланың өз жаны, мінез-құлқы, менталитеті болады. Нәби де нәркес армандар мен үміттердің үкісі іспеттес Нұр-Сұлтан қаласының – NS шаһарының жаны және рухы қандай деген ой келеді осы ретте. Ол осы жиырма үш жылдың ішінде қалыптасып, толысып үлгерді ме? Оны біз сезіне алдық па?
Мәселен, әлемнің ең ұлы қалаларының қалыптасқан бет-бейнесі, әдебиет пен өнердегі өзіне ғана тән детальдары мен штрихтары, адамзат өркениетінде алар орны бар.
«Маған ұлы Лондонның рухы ұнайды, мен оны барлық тұстан сезінемін», деген екен жазушы Шарлотта Бронте. Лондон рухы іргетасын римдіктер қалаған, күлге айналып, феникс құсындай қайта түлеген, қазір әлемдік экономиканың Вавилонына айналған қаланың рухы ғана емес, ағылшын халқының, ағылшын тілінің бүкіл әлемдегі өрісі мен беделінің символы. Демек, қаланың рухы асқақ болу үшін ұлттың өзі, мемлекет, оның тілі мен менталитеті де асқақ болуы тиіс. Сонда ғана ол рухты жан-жақтан, барлық тұстан сезінуге болады.
Ал Рим ше? Мәңгілік қаланың орталық алаңында «Milliarium Aureum» аталған алып тұғыр болған екен. Римге қараған барлық провинциялардың астаналарына барар жол осы «нөлдік километрден» есептелген. Содан келіп әлемдік сөз құндылығына айналған «жолдардың бәрі Римге алып барады» деген тіркес те қалыптасқан. Сол тұста әлемдік өркениеттің кіндігіне айналған Рим қаласы кейін де өз әсемдігі мен ғаламат шармын жоғалтқан жоқ. Гетенің өз империясының қалаларын емес, дәл осы қаланы «О, Рим, сен мен үшін бүкіл әлемсің» дегені де жайдан-жай емес. Ғұмырында бір мәртебе болса да Римді көрген жан бақытсыз болмайды, дейді тағы да ұлы ақын. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейді енді бір ақын Жан Кокто. Париж өзінің бар сән-салтанатымен, Луврымен, әдебиет пен өнердегі ағымдар мен бағыттарды қалыптастырушы мәдени құбылысымен, рас, әркімге сүйкімді. Әгәраки, сенің жолың болып, жастығыңды Парижде өткерсең, одан кейін қайда барма, қайда тұрма – ол сенімен бірге қалады, өйткені Париж – әрқашан көңіліңде қалатын мереке дегенде Хемингуей әлемдік қалаларды сезіну мен түйсінудің жаңа дәуірін ашып берерін білді ме екен?!. Жаңа сипаттағы жиһангездер мен дүние кезушілер жер бетінің қай қаласына барғанда да осы мерекені іздейді, жан дүниесін жаңартып әрі жасартып жіберер таңсық әлемді, таңғажайып әсерлерді іздейді. Барлық қалалар осы талапты қанағаттандыруға ұмтылады. Париж жайлы Достоевскийдің ойы да қызық. Қасірет тартсаң да бақсыз болмайтын бірден-бір қала осы, дейді. Гете мен Достоевскийдің қаланы бағалауын бақсаңыз, екеуінің де бақыт сыйлай алатын қаланы ғана ұлы қала деп танитынын аңғарасыз.
Әрине, теңіз жағасында шашылып жатқан маржандар секілді Нью-Йоркті айналып өтуге болмайды. Біздің ғасырда ұлы қала қандай болуы керек десек, соның бірнеше санатына жауап берер шаһар да осы. Адамдар бұл жайлы айтқанда, оның алыптығы мен асқақтығын, аспанға ұмтылған ғимараттары мен джунглилік концепциясын, дүниенің байлығы шырқ үйірілген иірімдерін де кейінге ысырады. Қала жайлы айтқанда, оның тұрғындарының менталитеті жайын сөз қылуға әуес келеді. «Бұл қалада бір конверттің ашылуына да адамдар жинала салады, әйтеуір шампан құйылса болғаны» немесе «Нью-Йорк: барлық адамдары аттаншыл, бірақ ешбірі ашынбайтын қала», «Тек осы қалада ғана зомби болып киінген адам ешкімнің назарын аудармай-ақ көшеде жүре алады» деген анықтамалардың өзі-ақ қаланың жанын көз алдына жайып салады.
Кез келген қала әлемдік қала болуға, жаһандық сапарнаманың жаңа ұранына айналуға ұмтылады. Біз де соған ұмтылдық. Экспо өткіздік. Елорда арқылы елдің бет-бейнесін қалыптастырғымыз және көрсеткіміз келді. Жағрафиялық Ұлы даладан идеологиялық Ұлы далаға өтер тұста қағандар тәжіндегі көзотаға секілді Нұр-Сұлтан шаһары да жарқ етті, жаңа қала тұрды, жаңа өлшемдерін ұсынды. Экспо-ға келгендер астана бойынан шығыстық нәзіктікті, батыстық өжеттікті қатар көргендерін айтты. Футуристік қала деді. Алып ғимараттар адамдар үшін салынбағандай деді. Бірақ бір құбылысты әзірге сезіне алмағандай: оның жұмбақ жанын. Оның рухы – далалық өркениеттің рухы. Қаланың жұмбақ жанын түсіну үшін әлі талай ұрпақ алмасар. Бәс тігемін, бір күні бір ғана сөз сол жұмбақты шешіп береді.