Естен тандырар есірткінің уыты бар өсімдікті өсірген тұрғын бармағын тістеп отыр. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, оның бұл әрекеті "Қарасора –2020" жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Атырау қаласының маңындағы Химиктер поселкесінің тұрғыны үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар қарасораның 4 түбі табылды. Полиция қызметкерлері оның ауласынан есірткі шөбін тәркіледі. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен (құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде" - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өңір полицейлері аталған іс-шара басталғалы бері ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бабы (Есірткі заттарын сату), 296-бабының 2 бөлімі (Есірткі, психотроптық заттарды сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және 300-бабы (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша 10-нан астам деректі тіркеді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.