– Соңғы күндері Алматы қаласының аумағындағы дәріханаларға кезек байқалмайды, – дейді Алматыдағы "ГаухарТас" дәріханалар желісінің директоры Гаухар Исабекова.
Дәл осы сәттерде Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етуде өндіруші зауыттармен, жеткізушілермен және дәріханалармен бірлесіп күшейтілген шаралар қабылдануда.
"ГаухарТас" дәріханалар желісінің директоры Гаухар Исабекованың айтуынша, дәріханаларда бұған дейін шынымен де кезектер болғанын хабарлады, дегенмен жағдай тұрақталған.
"Соңғы 1-2 күннен бері үлкен кезектер жоқ. Әлеуметтік қашықтық та сақталуда, қалада ауа райы жылы болғаннан кейін, қауіпсіздік мақсатында дәріханаға 1 адамнан ғана кіргізу шешімі қабылданды", – дейді ол.
Сонымен бірге, дәрілік құралдар мен препараттарды жеткізу мәселесі де атап өтілді. Аталған жұмыс әкімдікпен бірлесіп жасалған.
"Коронавирус пандемиясын ескере отырып, халық арасында сұранысқа ие дәрілік препараттар фирмаға келіп жатыр. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігімен жасалған қосымша келісім бойынша кеше парацетамол алдық. Бұған дейін 3 күн бұрын жеткізіліп еді", – деп хабарлады Гаухар Исабекова.
Соған қарамастан, дәріханаларда парацетамолды бір қолға 2 данадан береді. Бұл бір жерде аталған дәрімен шамамен 250 адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта парацетамолды жеткізу көлемін ұлғайту күтілуде.