Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 2 749 адамнан асты. Олардың ішінде 838 адамның бойынан симптомды індет анықталған. Ал дерттен 1290 адам айығып, жазылып шықты.
Жалпы, облыста 5581 адам медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Оның ішінде стационарлық емдеуде 2583 науқас болса, 895 симптомсыз науқас үй жағдайында емделіп жатыр. Ал үйде оқшауланғандар саны 2103 адам екен.
– Инфекциялық ауруханалардағы реанимация бөлімдерінде ауыр және өте ауыр жағдайдағы 41 пациент бар. Олардың 39-ы ересек адам, 2-еуі бала. 15 науқас өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған. Жалпы, соңғы аптада инфекцияның өсу қарқыны 4 пайызды құрады. Облыста эпидемияға қарсы және зарарсыздандыру шаралары жалғасуда, – дейді Алматы облысындағы індетпен күрес жұмысының барысымен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Өкінішке қарай өткен жылмен салыстырғанда облыста өкпесі қабынғандардың үлесі 2,5 есеге өсіп отыр. Науқастар арасындағы өлім-жітім көбейіп кеткен. Былтыр осы мерзімде пневмониядан 90 адам қайтыс болса, қазір 190 адам дерттен көз жұмған.
– Облыста соңғы аптада провизор бөлімінен 618 адам емделіп шықты. Жалпы, күн сайын өкпесі қабынған 150-ден астам науқас емделіп шықса, осы диагнозбен емханаға түсетіндер саны 200-ге дейін жетіп отыр. Ауруы асқынған пациенттер санының өсуіне байланысты инфекциялық стационарда соңғы екі аптада орындар саны 3 есе, яғни 17 стационарлық мекемеде 150-ден 500-ге дейін артты. Пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 31 стационарда төсек саны 1 мыңнан 3 мыңға дейін көбейтілді. Мәселен, Талдықорған қаласындағы 300 орындық инфекциялық стационар облыстық аурухана базасына көшірілді. Тері-венерологиялық диспансер базасында 85 провизорлы төсектік орын ашылды. Сонымен қатар бүгіннен бастап облыстық фтизио-пульмонология орталығында 120 төсектік провизорға науқастарды қабылдау басталды. Талдықорған қаласы бойынша 532 провизорлық қабылдау орны 532 төсекке дейін жетті, – дейді Б.Байжұманов.
Ал облыс аумағында дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау және оның бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында бірнеше мониторинг тобы құрылып, жұмыс істеуде. Қазір аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы мен бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен мониторинг тобы құрылған. Сол сияқты Nur Otan партиясының аудандық, қалалық филиалдары да бұл мәселені бақылауда ұстайды. Дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасы мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылған. Бүгінге дейін Алматы облысындағы фармацевтикалық қызметпен айналысатын 70 нысанға мониторинг жасалған. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін медикаменттердің бір қолға сатылатын көлемі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысы