Күллі әлемді құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты кесел Қазақстан халқына ауыр тиді. Ковид пен пневмония десе жұрттың жүрегі дірілдейді. Бейнебір ешкімді әскерге алмай-ақ, сапқа тұрғызбай-ақ қан майданның қасабына ұшырататын, көзге көрінбейтін қырғын соғыс жүріп жатқандай.
Мемлекет басшысының пәрменімен белгіленген Ұлттық аза тұту күні бүкіл елімізде атап өтілді. Қарғыс атқыр коронавирус дерті мезгілсіз өмірін қиып, арамыздан жұлып әкеткен ғазиз жандарды, жазықсыз құрбандарды бүкіл еліміз болып тік тұрып, бір минут еске алып, көкке өрлеген Туымызды түсіріп, қара жамылып, аза тұттық, Құран, дұға бағыштадық. Бұл – біріншіден, біздің аруақтарға көрсетілген құрмет, тағзымымыз болса, екіншіден ұрпақтарға тәлім-тәрбие, өнегелі сабақ. «Өлгенге құрмет – тіріге міндет» дейді халқымыз.
Айдың-күннің аманында індеттің құрбаны болған азаматтарды еске алып, Құран бағыштап, тәубемізге келіп жатырмыз. Келмеске кеткендердің әулеттеріне көңіл айтудамыз. «Өлі риза болмай тірі байымайды».
Тарих талқысында не көрмеген халықпыз?! «Ақтабан шұбырындыны» да, қызыл қырғынды да, ақсүйек аштықтың да неше атасын, назалы нәубетін көрген Ұлы қазақ – тамыры таза, діңі мықты ұлтпыз! Бұл қысталаң күндер де өтер-кетер. Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын! Әрбір қазақ – Қазақстанның қазынасы, мемлекет байлығы! Қасымызда жүрген әр адамға қазынаны қорығандай қамқорлықпен қарап, көзіміздің қарашығындай сақтай білейік. Аңдып жүрген ажалға алдырмайық, құрдан-құр айырылып, қол қусырып қарап отырмайық. Бір-бірімізге қолұшын беріп, жанашырлықпен жан сақтайық. Үмітпен өмір сүрейік. Еліміздің іргетасын ұстап тұрған бірлігімізді қадірлейік. Ар-намысымыз аман болсын. Келешекке деген сенімнен айырылмайық! Ауырып-сырқағандардың тезірек сауығуын тілейік! Сақтанып жүріңіздер! Ғұмырлы болыңыздар!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы