• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Шілде, 2020

Әр қазақ – Қазақстан қазынасы!

492 рет
көрсетілді

Күллі әлемді құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты кесел Қазақ­стан халқына ауыр тиді. Ковид пен пневмония десе жұрттың жүрегі діріл­дейді. Бейнебір ешкімді әскерге алмай-ақ, сапқа тұрғызбай-ақ қан май­данның қасабына ұшырататын, көз­ге көрінбейтін қырғын соғыс жүріп жатқандай.

Мемлекет басшысының пәр­ме­німен белгіленген Ұлт­­тық аза тұту күні бүкіл елі­мізде атап өтілді. Қар­ғыс атқыр ко­ро­навирус дерті мез­гілсіз өмі­рін қиып, арамыздан жұлып әкет­кен ғазиз жандарды, жа­зықсыз құр­бандарды бүкіл еліміз болып тік тұрып, бір минут еске алып, көк­ке өрлеген Туы­мызды түсіріп, қа­ра жамылып, аза тұт­тық, Құран, дұ­ға бағыштадық. Бұл – біріншіден, біздің аруақ­тарға көрсетілген құрмет, тағ­зымымыз болса, екіншіден ұр­­пақ­тарға тәлім-тәрбие, өне­гелі сабақ. «Өл­генге құрмет – тіріге міндет» дейді халқымыз.

Айдың-күннің аманында індеттің құрбаны болған азаматтарды еске алып, Құран бағыштап, тәубемізге келіп жатырмыз. Келмеске кеткендердің әулеттеріне көңіл айтудамыз. «Өлі риза болмай тірі байымайды».

Тарих талқысында не көр­меген халықпыз?! «Ақтабан шұбырындыны» да, қызыл қырғынды да, ақсүйек аш­тықтың да неше атасын, назалы нәубетін көрген Ұлы қазақ – тамыры таза, діңі мықты ұлтпыз! Бұл қысталаң күндер де өтер-кетер. Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын! Әрбір қазақ – Қазақстанның қазынасы, мемлекет байлығы! Қасымызда жүрген әр адамға қазынаны қорығандай қам­қорлықпен қарап, көзіміздің қара­шығындай сақтай білейік. Аңдып жүрген ажалға алдырмайық, құрдан-құр айырылып, қол қусырып қарап отырмайық. Бір-бірімізге қолұшын беріп, жанашырлықпен жан сақ­тайық. Үмітпен өмір сүрейік. Елі­міздің іргетасын ұстап тұрған бірлі­гімізді қа­дір­лейік. Ар-намысымыз аман болсын. Келешекке деген сенімнен айырылмайық! Ауырып-сырқағандардың те­зірек сауығуын тілейік! Сақ­танып жүріңіздер! Ғұмыр­лы болыңыздар!

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы