Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/6 мекемесі пандемия кезінде халыққа көмек қолын созып ізгі іс жасаудан тыс қалған жоқ. Мекемедегі жазасын өтеушілер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге арнап 40 мың бірреттік қорғаныш киімдерін тігіп шықты.
- Біз колония аумағында бірнеше жылдардан бері қызмет етіп келеміз. Алғашқы цех ГМ-172/1 мекемесінде ашылған болатын. Карантин шаралары енгізілгенге дейін біз арнайы киімдер тігіп, жиһаз жасаумен айналысқан едік, дейді колония аумағындағы "Рамит-Ақтау" жауапкершілігі шектеулі серіктестік цехының бастығы Юсиф Гамидов.
Цех бастығының айтуынша, корнонавирус пандемиясына байланысты орын алған қиын жағдайға олардың тез әрі батыл бейімделуіне тура келген. Киім тігуден басқа өндірістер жабылып, дәрігерлерге арналған қорғаныш костюмдерін жедел әрі сапалы тігу қарқынды қолға алынды.
Қазіргі таңда "Рамит-Актау" Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
40 мыңға тарта бірреттік қорғаныш костюмдері мен бірнеше мыңдаған бетперделер тігіп өз тұтынушыларына ұсынды. Қазір өнеркәсіп цехында әлі 15 мың костюмге жететін материал бар. Бағасы қолжетімді киімдер мен бетперделерге дәрігерлік мекемелермен бірге өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қаматамасыз етуді жолға қойған өзге де мекемелер қызығушылықпен сұраныс түсіруде.
Жазасын өтеушілер қиын кезде халықтың қолтығынан демеп, пандемиямен күреске өз көмектерін қосуды азаматтық, ел алдындағы перзенттік парыз деп санап, зор ықыласпен жұмыс жасауда.
ГМ-172/6 мекемесі аумағында "Енбек-Атырау" мемлекеттік мекемесі мен "Рамит-Актау" ЖШС жұмыс істейді. Қос кәсіпорын пандемия ылаңы басталғалы бері 61200 бетперде, полиция қызметкерлері мен мекеме қызметкерлеріне арнап 279 қорғаныш киімдерін, дәрігерлер мен өзге де қызығушылық білдірген мекемелер үшін 40 000 бірреттік қорғаныш киімдерін дайындады.
Жазасын өтеп жүрген жандардың елге деген жанашырлығы, ауырпталықты халықпен бірге көтерісіп, өз мүмкіндіктерінше көмек ұйымдастыруы жан сүйсінтеді.