• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 15 Шілде, 2020

Тарихи мұраны зерттеуге кірісті

374 рет
көрсетілді

Волонтер жылы аясында ел жастары қайырымдылықтан бөлек мемлекеттің тарихи құндылықтарын дәріптеп, оған үлес қосып жүр. «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы шеңберінде Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылы маңындағы «Жылқышы төбе» археологиялық қазба орнына волонтерлер жұмылдырылды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын анықтай отырып, нысанды қалпына келтіру, ашық аспан астындағы археологиялық мұражай ашу және Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы бойында орналасқан үл­кен туристік нысан құруды мақ­сат еткен жобаға бүгінде жүз­­де­ген жалынды жасты тарту қа­рас­тырылып отыр. «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ жауап­кершілігінде.

Сырдария мен Жуалы алқабының орта ағысы, яғни Жам­был облысының барлық Жуалы ауданы қаңлылардың байырғы иеліктері екені мәлім. Мұны ар­хеологиялық қазбалар да  растайды, нәтижесінде осы өңірден қаңлы мәдениетінің өте қызықты және бірегей нысаны табылған.

Археологиялық жұмыстарға бірінші болып тарих факультетінде оқитын түркістандық студенттер барды. Олар әрі қарай археология­мен айналысу үшін бағыт алып, тәжірибе жинады. Қазір нысанда екінші топ жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, нысанға 3 волонтерлік топ барады деп жоспарланған.

«Волонтерлердің археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына қа­тысуы өте маңызды, үлкен жұмыс. «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы өте маңызды және өзекті жоба. Волонтерлер негізінен жастар, студенттер. Осындай жобалар арқылы жастар қазақ халқының шынайы тарихы туралы біледі. Оған өз үлестерін қосады. Қазақстандағы қаңлы тарихымен бірнеше археолог қана айналысады. Біздің экспедиция жастарға  б.э.д. ІІ ғасырдан бастап үлкен уақыт кезеңін зерттеуге түрткі болмақ», дейді тараздық археолог, өлкетанушы, «Қазгеоархеология» ЖШС ғылыми ұйы­мы­ның төрағасы Ескендірбек Торбеков.