Қызылордада суға шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар жұмысы көбейеді. Дария бойындағы жағажайлар мен демалыс орындарына рейд жасап, кезекшілік ұйымдастырады. Бірақ сақтық шараларын, айтылған ескертулерді елей бермейтіндер көп. Мысалы, былтыр 26 адам суға кетсе, биыл жыл басынан бері оқыс жағдайдан құрбан болғандар қатары 15-ке жетіп отыр.
Жыл он екі ай жұмысы қауырт бұл құрылым бұрын «Судан құтқару қызметі» деп аталатын, 2015 жылы «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мекемесіне қосылды. Осы кезеңнен бастап құтқару қызметінің ауқымы кеңейе түсті. Құтқарушылар су айдындарында ғана емес, үйде, жол үстінде, басқа да жағдайларда қиындыққа тап болғандарға көмекке баратын болды. Былтырдан бастап жедел құтқару жасағы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің құрамында.
– Жалпы, бізде дарияның арнасы төмен болса, қауіпті ұмытып кететін әдет бар. Суы тартылып, қайыры көрініп жатқан тұс өзеннің саяз жері, ал су жиналып тұрған жерлер ойпаң тұстар. Нағыз қауіпті ара сол. Мысалы, жақында бір жас жігіт достарымен бәстесіп, дарияны жүзіп өтпек болған. Қала жақтағы жағалауға жетіп, кері қайырылғанда әл-дәрмені құрыған оны біздің жігіттер байқап қалып, құтқарып алды. От пен суға ерлік жүрмейтінін түсінбейтіндер көп әлі, – дейді жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов.
Құтқарушы қолдан келгенін аянып қалмайды. Бірақ сақтық шараларын бұлжытпай орындау әр адамның өзіне байланысты. Мысалы, 2017 жылы облыста суға кеткендер саны 26 адам болса, 2018 жылы 22 адам осындай жағдайда қаза болған. Былтыр – 26, биыл – 10. Осы жылдар аралығында жалпы саны 35 адам құтқарылған. Қаралы тізімді толтырып тұрғандар арасында балалардың үлесі көп. «Үлкендер ескеретін мәселенің бірі осы. Жақында ғана Тасбөгет кентіндегі каналға шомылған 10 жасар бала, артынша Жалағашта бір жасар қыз арықтағы суға батып кетті. Осының бәрі ересектердің еренсіздігінен», дейді құтқарушылар. Қыс пен көктемде балыққа шыққандар да қауіпсіздікті көп ойлай бермейді. Былтыр Арал теңізіне ығып кеткен екі балықшының бірінің денесі табылды, екіншісі әлі іздестірілуде.
Қала аумағында Арай шағын ауданы мен Белкөл кентінің тұсында ғана арнайы суға түсуге арналған орындар бар. Бірақ аптап ыстықта салқындағысы келгендер кез келген жерден дарияға сүңгіп жатады. Әсіресе, жұрт көп шомылатын Жаңакөпір, Мерей шағын аудандары, 3-ірілендірілген квартал аумақтарында кезекшілік ұйымдастырылады. Күнделікті кезекшіліктен бөлек сенбі, жексенбі күндері төтенше жағдайлар департаменті мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі тарапынан үгіт жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Құтқарушылар мектептер мен оқу орындарында кездесулер өткізіп тұрады. Облыстық білім басқармасы бекіткен кестеге сәйкес мектеп оқушыларына «Төтенше жағдайлардың алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында 23 сабақ өткізіп, 2202 жадынама таратыпты. Төтенше жағдай режімі енгізілгелі бері онлайн түрде облыс мектептеріне «Судағы (мұздағы) қауіпсіздік ережелері», «Суда (мұзда) зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында 4 интерактивті сабақ ұйымдастырылған.
– Қала аумағында, аудандарға жағажайлар, балалар үшін бағасы арзан бассейндер ашу туралы ұсыныс беріп келеміз. Бірақ көп ретте сол аяқсыз қалып жатады. Осы мәселе ескерілуі керек. Бұл су құрбандарының санын азайтудың бірден-бір жолы, – дейді жасақ басшысының орынбасары.
Құтқарушылардың есебінше, қала аумағында 29 қауіпті аймақ бар. Оның бәрін бір мезетте бақылау мүмкін емес. Бірақ мамандар мүмкіндігіне қарай бәрін қамтуға тырысады. Мысалы, шаһардың іргесіндегі Көксу көлі шомылуға емес, катамаран, қайықпен қыдырыстауға арналған. Соны ескермей суға сүңгіген талайлардың жағаға жансыз денесі шығарылған кезі аз емес.
Қазір құрылымның техникалық жабдықталуы жақсарды. Осы күні жасақта 18 техника мен 29 жүзу құралы, қайыққа ілетін 16 мотор бар. 54 сүңгуір маман даярлықтан өткен. Былтыр осындағы мамандар көмегімен 16 қоғамдық құтқарушы даярлықтан өтті. Бір мәселе – құтқарушылардың зейнет жасы. Негізі құтқарушы үшін 63 жасқа дейін қызмет ету өте қиын. Мысалы, сүңгуірлердің суға түсерде қан қысымдары өлшенеді. Ол талапқа сай болуы тиіс. Шыққанда тағы бір мәрте тексеріледі. Су астындағы қысымнан міндетті түрде айырмашылық болады. Қазір тіпті 40 жастан асқандар арасында денсаулығы мықты адамды табу қиын. Әдетте олар 3 адам болып шығады. Оның біреуі суға түссе, екіншісі оны бағыттаушы болады. Үшінші құтқарушы кез келген жағдайға дайын тұрады. Су астындағы іздеу кезінде арқан арқылы жиырмадан астам белгі беріледі екен. Лайлы судың астында бірдеңе көру мүмкін еместігі тағы бар, тек жағалаудағы серігіңнің белгісімен ғана жүресің. Дария астындағы ағыс кез келген сәтте екі бүктеп бір қуысқа тыға салуы мүмкін. Мұндай қиындыққа жас жігіттердің өзі шыдас бере бермейді. Сондықтан бұл саладағылардың зейнет жасын қайта қараған дұрыс. Оқыс жағдайға ұшырағандарға алғашқы болып жететін құтқарушы еңбегі қандай құрметке де лайық болуы тиіс.
Қызылорда облысы