Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Айнасыз автопортрет» деп аталатын виртуалды көрме ашылды. Музейдің «Тенгри Умай» заманауи өнер галереясымен бірлескен кезекті жобасы белгілі суретші Рустам Хальфиннің шығармашылығын қамтыған. Экспозицияда қылқалам шеберінің 1980-2008 жылдардағы шығармашылық өмірбаянының әртүрлі кезеңдерімен танысуға болады.
Хальфин – нағыз өнерде ешқандай шекара болмайды деп пайымдаған суретші. Ол еліміздегі жаңа бейнелеу тілдері мен тәсілдерін меңгеруде алғашқылардың бірі болып, өзінің айналасында алғыр зияткерлік орта қалыптастырды. 1980-ші жылдардың ортасында жұбайы, суретші Лидия Блиновамен бірге пәтерлік көрмелер ұйымдастырып, заманауи сурет өнерінің өріс жаюына да сүбелі үлес қосты.
– Оның стилінде түс пен фон, абстракция мен бейнелілік арасындағы шекара жойылады. Орыс авангардының соңғы өкілдерінің бірі Владимир Стерлиговпен, кейінірек оның ізбасарларымен байланыс Хальфиннің шығармашылық дүниетанымының көкжиегін кеңейтті. Ол алдымен кескіндеменің көркем көрініс табуы үшін сәулет өнерін зерттеп, ал кейін өзін көкейкесті өнердің өкілі ретінде жариялады. ХХ ғасырдың көрнекті философтарының шығармаларын зерттеумен әуестенді. Атап айтқанда, француз постмодернизм философтарының еңбектері оны өз денесін зерттеуге итермеледі. Кескіндемедегі зерттеу жұмысы Хальфинді алдыңғы дәуірлердегі кескіндеме саласындағы үлкен жетістіктерді түсінуге тартты. Оның еңбектерінде Матисс, Сезанн, Малевич, Веласкестің шығармаларына сілтемелер бар, дейді өнертанушы Екатерина Резникова.
Көрмедегі «Айнасыз автопортрет» топтамасына біріктірілген көріністік адам мүсіндері бір қарағанда түсініксіздеу көрінеді. Сала мамандарының сөзінше, бұл туындылардың да өзіндік философиясы бар. Ондағы сызықтардың кескіні қол мен жамбастың иілісін, айналадағы әлемнің ерігіш формаларымен «көз кескінін» білдіреді. Заттар мен құбылыстардың жасырын мәнін түсінуге ұмтылу, болмыс заңдылықтарын интуитивті білу, суретшінің өзі оның бір бөлігі болып табылатын ғаламның көркем моделін іздеуге жетелейді.
Сопақ-күмбезді жүйенің әсерінен жасалған кескіндеме – таза эксперимент, онда пейзаж кеңістігі нысан-ортаны, кеңістік пен түсті бақылауға арналған өріске ауысады. Мұнда заттар өз тығыздығын жоғалтады, салмақсыздыққа ие болады. Қалыптасқан жолмен жүруді жеткіліксіз деп санаған шебер Малевич пен Стерлиговтың идеяларын дамыта түскен.
Көрмеде «Суретшінің терісі» жобасының бірнеше инсталляциясы ұсынылған. Хальфин мен оның серіктестері түрлі материалдардан жасаған артефактілер топтамасы жыл сайын оңып кететін болған. Көркем емес материалдар қолданылған бейнелі туындылардың авторлық интерпретациясы шынайы визуалді пікірлер тудырады.
АЛМАТЫ