• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2020

Көрінбейтін «соғыстың» қаһармандары

426 рет
көрсетілді

Covid-19 індеті әлемді шарпығалы бері Батыс Қазақстан облысында 250-ден аса медицина қызметкері қауіпті вирусты өзіне жұқтырып ауырған екен. Өкінішке қарай, солардың төртеуі өмірден өтіп кеткен.

Елімізде жақында аталып өткен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Бибігүл Айтбаева – «Парасат» орденімен, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігері Марат Балшамбаев – «Құрмет» орденімен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реани­ма­то­лог-дәрігері Салауат Ағдауов, об­лыс­тық кардиологиялық орта­­лық­тың дәрігері Данияр Әре­нов, облыстық жұқпалы ауру­лар ауруханасының аға мед­бике­сі Әлия Маужанова – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыс­тық көпбейінді аурухана мед­бикесі Әсима Гасина – «Шапа­ғат» медалімен, облыстық кар­ди­ол­огиялық орталық медбикесі Венера Мырзағалиева – Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған болатын. Олардың бәрі де – осы коронавируспен күресте тікелей оттың ортасында жүрген мамандар.

– Қазір бүкіл әлемде қатерлі індетке қарсы көзге көрінбейтін алапат соғыс жүріп жатыр. Бұл майданның алғы шебінде дәрі­герлер жүргені заңдылық. Соңғы кезде қайтыс болған әріп­тес­те­рімнің бәрін де жеке танушы едім. Олар өз ісінің білікті маманы болатын, өмірінің соңы­на дейін антына адал болып, өзге науқастарды құтқару үшін өз басын қауіпке тікті. Өте өкініш­ті, әрине. Олардың жарқын бейне­сі біздің жүрегімізде мәңгі сақ­талады, – дейді облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының бас­шысы Болатбек Қаюпов.

Коронавируспен ауырған батысқазақстандық медицина қыз­меткерлерінің бәрі де вирусты науқастан жұқтырғаны анық­тал­ған. Яғни олардың бәрі де кәсіби қызметінде жүріп қатерлі вирус­пен бетпе-бет келген.

Мысалы, Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орта­лық директоры Николай Дмит­риен­ко өзіне төніп тұрған қауіпке қара­мас­тан шалғайдан келген жүкті әйелге медициналық жәрдем көрсеткен. Ол әйелдің коронавирус жұқтырып келгендігі белгілі еді. Сәби мен ананың тірі қалуы үшін барын салған Николай Борисұлы бірнеше күннен кейін пнев­мониядан асқынған трамбоз сал­дарынан қайтыс болды.

Ал Юрий Есенғалиұлы Сари­мов Бәйтерек аудандық №2 ауру­ха­­­насында хирург болып істейтін. Ауған соғысында әскери борышын өтеген жауынгердің кейінгі өмірі денсаулық сақтау саласында өткен. Ол да дәрігерлік қызметіне орай індет жұқтырған пациентпен қарым-қатынас жасауға мәж­бүр болған. Бәйтерек ауданы Ресей Федерациясымен шекарада тұр­ғанын, алғашқы кезде індет жұқ­ты­рушылардың 90 пайызы осы шекарадан келгенін ескерсек, бәй­т­еректік дәрігерлердің вирус жұқ­тыру ықтималдылығы өте жо­ға­ры деді.

Облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Болатбек Амангелдіұлының ай­туын­­ша, Орал қалалық №1 ем­ха­наның рентген-лаборанты Венера Ихсанқызы Құтхожина мен Орал қалалық №6 емхананың пе­диатр-дәрігері Батима Жол­мұ­хамбетқызы Бисенғалиева да кәсі­би міндетін атқару үстінде қаза тапқан асыл жандар.

Рас, қаза тапқан батыс­қазақ­стандық дәрігерлер ресми ста­тис­тика бойынша сovid-19 інде­ті­мен күресу жолында еңбек етіп жүріп қайтыс болған меди­ци­на қызметкерлерінің тізіміне кір­мейді екен. Өйткені олар тіке­лей провизорлық немесе инфекциялық стационарда қыз­мет еткен жоқ. Дегенмен олар­дың кәсіби қызметі барысында covid-19 вирусын жұқтырған нау­қас­тармен бетпе-бет келіп, қарым-қатынаста болғаны шындық. Дәрігер ретінде, маман ретінде олар өз әрекетінің қандай қауіпті екенін анық білді, сонда да тәуекел етіп, өз міндетіне, антына ақырына дейін адалдық танытты. Міне, сондықтан да оларды әріптестері де, қарапайым халық та батыр санайды.

 

Батыс Қазақстан облысы