2013 жылғы 15 қазанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, III-V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов 65 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.
Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов 1948 жылғы 11 қарашада Қостанай қаласында туған. 1971 жылы Новосібір кеңестік кооперативтік сауда институтын бітірген. Еңбек жолын Қостанай облыстық тұтынушылар одағында бастаған. 1974-1991 жылдары Қостанай және Торғай облыстарында комсомол, партия органдарында қызмет атқарды. 1991 – 1994 жылдары халық депутаттары Торғай облыстық кеңесі аппаратының басшысы, Торғай облысының Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болды.
1994 жылы ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары болды. 1995 – 2004 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2013 жылғы 15 қазанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, III-V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов 65 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.
Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов 1948 жылғы 11 қарашада Қостанай қаласында туған. 1971 жылы Новосібір кеңестік кооперативтік сауда институтын бітірген. Еңбек жолын Қостанай облыстық тұтынушылар одағында бастаған. 1974-1991 жылдары Қостанай және Торғай облыстарында комсомол, партия органдарында қызмет атқарды. 1991 – 1994 жылдары халық депутаттары Торғай облыстық кеңесі аппаратының басшысы, Торғай облысының Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болды.
1994 жылы ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары болды. 1995 – 2004 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Орал Байғонысұлы өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің, жоғары біліктілігі мен адамгершілік қасиетінің арқасында қоғамда үлкен беделге, зор абыройға ие болды. Ол әрдайым тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалау жолында азаматтық парызына адал қарап, қоғамда реформаларды жүзеге асыруға, тұрақтылық пен келісімнің орнығуына зор үлес қосты.
Оның бұл қасиеттері үшінші, төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып қызмет еткен кезінде ерекше жарқырап көрінді. Парламент Мәжілісіне басшылық жасай отырып, Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов Елбасының стратегиялық бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде аянбай еңбек етті. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталды.
Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов бүкіл күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін туған еліміз бен халқымыздың игілігіне жұмсаған Қазақстанның шынайы отансүйгіш перзенті бола білді. Ол өзінің мол тәжірибесімен, дарынымен және кәсіби шеберлігімен, айқын мақсатымен, әділдігімен әрі қарапайымдылығымен ерекшеленіп тұратын жан еді.
Орал Байғонысұлы Мұхамеджановтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі.
Ауыр қаза
Шіркін, дүние-ай! Ортамыздан халқымыздың қабырғалы азаматы Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов фәниден бақиға аттанып отыр. Қасиетті Торғай туып-өскен өңірі болса, Сарыарқа төсінде өмірінің соңына дейін халқына аянбай еңбек еткен ел перзенті еді. Кеңес заманында ауданның көрнекті басшысы, егемендік тұсында Елбасының сенімді сардары ретінде жаңа мемлекет, қоғам құруға белсене араласқан қайраткер еді. Екі мәрте Парламент Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды. Іскер, шебер, халқына жаны ашитын депутат, басшы екенін көрдік. Адал еңбегі үшін халық оны құрметтеді. Барынша ақкөңіл, ашық, серілігі мен ой сергектігі, парасаты мен пайымы мол азамат еді. Дос болдық, аға-інідей болып араластық, сыйластық. Сондықтан да мен үшін бұл – ауыр қаза.
Қош, қош бол, ардақты Оралым! Жатқан жерің жайлы, иманың жолдас болсын. Сенің орның тарихта, есімің әрқашанда бізбен бірге.
Академик Кенжеғали САҒАДИЕВ.
Жаны жайсаң азамат болатын
Бұл фәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Орал Мұхамеджановты өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.
Орекең жайлы айту маған оңай емес. Тура көздеп келген қапыл қаза жаны жайсаң, ақылы байтақ алтын досымнан көз жаздырып кетті. Қай қызметте жүрсе де досқа адал, ақ көңілімен айналасына шуақ шашып тұратын замандасымның маған әрбір іс-әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай, тереңдік бардай болып көрінетін. Өмірінің қай кезеңінде болмасын ол осалдық танытқан жоқ. Үнемі алға ұмтылып, еліне, халқына адал қызмет ете білді деп ойлаймын.
Орекең парасатты, жаны сұлу адам еді. Үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын, кемшілікке төзбейтін. Лауазымы қандай дәрежеде болса да, адамның қателігін бүкпесіз бетіне айтатын. Еңбек жолын қарапайым экономистіктен бастаған ол мемлекеттік қызметтің барлық сатысында қызмет атқарды. Менімен бірге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі аппаратында, одан кейін ІІІ-ІV-V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде депутат болып сайланып, Мәжілістің Төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді көмекшілерінің бірі ретінде қиын кезеңдерде қасынан табыла білді деп ойлаймын.
Адам – бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Алла адал досымды алдынан жарылқап, оның иманын өзіне серік етсін. Артында қалған ұрпақтарына Жаратқан Ием жар болып, ұзақ ғұмыр сыйласын, отбасына жақсылықты жақын етсін демекпін.
Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Қазақтың өзіндей дарқан еді
Қазақ халқы абзал азаматынан, тәуелсіз еліміздің қалыптасуына елеулі үлес қосқан қайраткерінен айырылды. Туған ұлтының, кең даласының, Алаш дүниесінің барлық ізгі қасиеттерін бойына сіңірген Орекең, Орал Байғонысұлы енді арамызда жоқ. Қазақтың асылдары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты берген киелі топырақта кіндігі кесілген ардақты азамат сол заңғарлар салған жолды таңдамай тұра алмас еді. Атқа ерте қонды, ел басқарды, отарлаудың зардабын молынан тартқан Торғай өңірінің экономикасын дамытуға, ұлттық рухын жаңғыртуға барын салды. Жүрегі елім деп соқты, жерім деп елжіреді. Осынау қасиетін, сабырлы ұлтжандылығын Қазақстан Республикасының Парламентін басқарған кездерде де таныта алды. Мәжіліс Төрағасы ретінде мәдениет пен өнер, тіл мен дін туралы заңдардың ұлтқа қызмет етуін айрықша қадағалады. Орал Байғонысұлының тікелей ұйымдастыруымен Парламент Мәжілісінде алғаш рет қазақ тілі туралы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ана тілі ардақталды, оның даму жолдары нақты көрсетіліп, ел Үкіметіне жүктелді.
Орекеңнің алды ашық еді, кеңпейіл болатын. Қызмет бөлмесіне кез келген уақытта бара беретінбіз. Әңгімені әзілден бастап, тереңдетіп әкететін. Тарихтан, ән өнерінен, әдебиеттен сөз қозғауды ұнататын. Торғай, Қостанай, Орталық Қазақстанның өткенін, тарихи тұлғаларды жетік білетін.
Орал Байғонысұлы адалдығы мен имандылығына дақ салдырмай, жұрт көңілін қалдырмай, пендешілікке алдырмай өтті. Жақсы көруші едік, дұғамыздан қалдырмаспыз. Құрметтеуші едік, рухын қадірлеумен болармыз. Үлгі етуші едік, қайраткерлігін бағалай түсерміз.
Бақұл бол, қайран Ореке! Жаның жәннатта нұрлансын!
Алдан СМАЙЫЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
Елбасының сенімді серіктестерінің бірегейі
Ел-жұрттың аманатын арқалап, перзенттік борышын үлкен жауапкершілікпен атқарып, үлкенге сыйлы іні, кішіге абзал аға атанып, Елбасының сенімді серіктестерінің бірегейі бола білген Орал Байғонысұлының өмірден өтуі – үлкен қайғылы жағдай.
Орекең елімізге ғана емес, төрткүл дүниеге танылып келе жатқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері еді. Мен Орекеңмен танысқаныма 30 жылдан асыпты. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Торғай облысында жас маман ретінде қызметімді бастаған кезімде Орал Байғонысұлы бұғанасы қатайған, оңы мен солын байыптап, артынан ел-жұртын ерте алатын басшы еді. Одан кейінгі кезеңде Орекең Торғай облысының Амангелді ауданында басшылық қызметте жүргенде мен аудандық соттың төрағасы болып тағайындалдым. Көрші тұрдық, адами зор құрметпен араластық, кейін де араласып жүрдік.
Табиғатынан кең жаратылған Орекең барлық жағынан да талантты еді. Үшінші және төртінші шақырылымдағы Мәжілістегі Төрағалық қызметі ел үшін өте қажетті заңнамалық шешімдер қабылдайтын кезеңге сәйкес келді. Солардың ішінде дүниежүзілік қаржылық дағдарыстың дер кезінде алдын алу мақсатында ұлттық заңнаманы жетілдіру жолындағы Елбасының тапсырмаларын әріптестерімен біріге отырып, абыроймен атқарып шыққан зор еңбегін ерекше атаған жөн деп есептеймін.
Әрине, Орекең жайында әлі де талай естеліктер мен пікірлер айтылар. Ал бүгінгі қаралы күнде марқұмның отбасына көңіл айта отырып, қайғыларына ортақ екенімді, талантты ағамыздың жарқын бейнесі әрдайым есімізде жүретінін жеткізгім келеді.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
Соңғы деміне дейін Отанына қызмет етті
Орал Байғонысұлымен 1996 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінде он жылға жуық қызметтес болдық.
Орекең қызметте өзінің айрықша мінезімен, ұшқыр ойымен ерекшеленіп, еліміздің дамуына және өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Кейін, 2007 жылдың күзінен бері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде заңшығарушылық салада да әріптес болдық. Ол Мәжілістің Төрағасы болған жылдары еліміздің заңшығарушылық өндірісінде халыққа қажетті өте маңызды заңнамалар қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, әрбір заңның аса ыждағаттылықпен жасалуына қатты көңіл бөлетін. Әрбір әріптесін сыйлай отырып, өз талабын орындата білетін басшы еді. Оның адамгершілігі араласқанның көңілінен, ерекше дарыны мен көкке өрлеген әсем дауысы естігеннің есінен кетпес.
«Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес, Ақсүйекке оқ тисе, көршісіне сездірмес...» деген сөздер осы Орал бауырыма қатысты айтылған сияқты. Өзінің соңғы демі таусылғанша сыр білдірмей, Отаны мен халқына қызмет етумен болды.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда мемлекетке адал еңбек етіп, соңындағы ұрпаққа жемісін қалдырған дарабоздардың бірі еді. Сондай азаматтарымыздан мезгілсіз айырылып қаламыз деген кімнің ойында болды.
Досым Оралдың мезгілсіз қайтыс болуына орай ұл-қыздары мен ағайын- туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Орал Байғонысұлының иманы саламатты болсын, артында қалғандарға өмір берсін! Оның жарқын бейнесі әрқашан есімізде сақталады.
Үсенгелді МЕДЕУОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.