Жезқазған – Бейнеу темір жолының ізімен
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда салған темір жолы ұзындығы бойынша бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында ең алдыңғы қатарда. Мыңдаған шақырым темір жол кең-байтақ еліміздің тұрғындар сирек қоныстанған аймақтарына дем берді. Арқалық – Шұбаркөл, Жезқазған – Бейнеу тармақтарын салу арқылы республикамыз таяу уақытта бұл көрсеткішті екі есеге арттыратын болады. Соның ішіндегі соңғысы жүзеге асырылатын жұмыс көлемінің орасан зор үлкендігіне байланысты «ғасыр жобасы» аталып кетті. Бірақ, осының алдындағы темір жолдарға қарағанда бұл тармақ өте қысқа мерзімде және адам күшін мүмкіндігінше арнайы техникамен алмастырып салынатын болады.
Жезқазған – Бейнеу темір жолының ізімен
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда салған темір жолы ұзындығы бойынша бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында ең алдыңғы қатарда. Мыңдаған шақырым темір жол кең-байтақ еліміздің тұрғындар сирек қоныстанған аймақтарына дем берді. Арқалық – Шұбаркөл, Жезқазған – Бейнеу тармақтарын салу арқылы республикамыз таяу уақытта бұл көрсеткішті екі есеге арттыратын болады. Соның ішіндегі соңғысы жүзеге асырылатын жұмыс көлемінің орасан зор үлкендігіне байланысты «ғасыр жобасы» аталып кетті. Бірақ, осының алдындағы темір жолдарға қарағанд
Желдің өтінде жүріп жол салу
Танымал мемлекет қайраткері, бұрынғы КСРО Жол қатынастары министрінің орынбасары Нығметжан Есенғарин: «Қазақстан темір жолының қалыптасуы» кітабында «Орынбор – Ташкент темір жолының солтүстік бөлігін бастағанда кездескен қиындықтар: желі бойында пайдалануға жарамды жолдың жоқтығы, ел қоныстанбаған дала, жұмыс күшінің, судың, негізгі құрылыс материалдарының жетіспеуі жұмыс жүргізуге үлкен кедергі болды», деп жазады. Егер, қай темір жол туралы айтылып жатқанын алып тастасаңыз, бұл Жезқазған – Бейнеу темір жолына қатысты екен деп қалуыңыз мүмкін. Кейбір жағдайды айтпағанда, қазіргі инженерлер мен құрылысшылар сол кездегідей қиындықтарды бастан кешіруде.
– Желі Орталық және Батыс Қазақстанды басып өтіп, әртүрлі табиғи аймақтарды қамтиды. Орталық Қазақстанда шағын төбелер мен жазықтар басым болып келеді. Үлкен және Кіші борсықты алып жатқан Арал аймағы құмдауытты. Желі бойында бұрғылап, жарылыс жасауға тура келетін телімдер де бар. Сонымен қатар, техникалық сумен қамтамасыз етуде де қиындықтар орын алып отыр, – дейді құрылыс барысы туралы «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС бас директоры Сәт Бекмұханбетов. Ұзындығы 550 шақырым болатын Жезқазған – Сексеуіл телімінің құрылысы осы компанияға сеніп тапсырылған.
Қазіргі заманғы ең озық құрылыс техникасын кеңінен пайдалануға қарамастан, білікті маманның тәжірибесі көп мәселені шешеді. Жұмыс барысында кәсіби инженер кадрларының жетіспеу мәселесі туындады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде осындай маман дайындауға жеткілікті көңіл бөлінбегенінің келеңсіз тұсы анық байқалды.
– «Жезқазған – Сексеуіл» және «Арқалық – Шұбаркөл» жобасы бойынша жұмыс көлемі 1000 шақырымнан артық жол құрылысын қамтиды. Бұл аралықта бір мезгілде жеті мың шамасында құрылысшы жұмыс істеуі тиіс. Әр 20 жұмысшыға жетекшілік жасайтын бір инженерден келетін болса, онда осы жобаны жүзеге асыруға шамамен 300-400 техникалық инженер қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі күні мұншама маман табу мүмкін емес. Сондықтан жұмысқа зейнеткерлерді және басқа республика мамандарын тартуымызға тура келді, – дейді «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары Хурам Мұрадов.
Құрылыс барысында кездескен қиындықтарға қарамастан, өндірістік және техникалық мәселелердің қисынын келістіріп, мекеме сеніммен алға басуда.
Қазіргі кезде жол төсемін үю, көпір және су өткізетін құбыр құрылысы, жол бойын электрмен қамтамасыз ететін желі тарту, сонымен қатар, рельсті-шпалды өрім дайындау жұмыстары жүргізілуде. Салынатын жолдың ұзына бойының 60%-ына топырақ үйіліп, 12 көпірдің төртеуі салынып бітсе, қалған сегізінің құрылысы қарқынды түрде жалғасуда.
Жерді дайындау жұмыстары жылдың соңына дейін бітпек. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында темір жолдың екі бағытындағы рельстері түйістіріліп, барлық көпір салынып болады. Бекіту, жолдың айналасын ретке келтіру, электрмен жабдықтау, вокзал, станса, өндірістік және жөндеу жұмыстарын жүргізетін ғимараттар, желілік аудандар салу келесі жылы жүзеге асырылады. 2014 жылы стансаларда балабақша, мектеп, тұрғын үй құрылысы қолға алынады.
– 2,7 млн. шаршы шақырымды құрайтын өте үлкен аумақты алып жатқан Қазақстанның орталық бөлігі игерілмей қалған. Енді осының орнын толтыру үшін көлік мәселесін шешу қажет, – дейді бұрынғы Батыс Қазақстан темір жолының бастығы, темір жол ардагері Марат Хамзин. Оның айтқанын танымал теміржолшы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бұрынғы вице-президенті Қалтай Сәмбетов те қолдап:
– Жаңа желі пайдалануға берілгеннен кейін осы аймақ жедел дамитын болады. Темір жол мемлекетке де, бизнеске де, қарапайым адамдарға да игілік алып келеді. Жүк тасымалдау арзандаса, өндірілген өнімнің өзіндік құны да арзандайды, – дейді.
Жоба жүзеге асырылғанда еліміздің орталығын Ақтау теңіз портымен жалғастырып, сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде еліміз аумағы арқылы транзиттік тасымалға оңтайлы жағдай туып, аймақтағы өндіріс орындарының экспорттық әлеуетін арттырады.
Шынында да жаңа темір жол салу сияқты күрделі техникалық істі жүзеге асыруда майда-шүйде деген болмайды. Құлан далада, желдің өті мен шыжғырған күннің астында, көктем мен күздің лайсаңы мен ызғарына қарамастан жұмыс істеп жүрген қазақстандық құрылысшылардың қайсарлығы мен табандылығын ерекше атап өткен жөн. Өткен ғасырда салынған БАМ-да сол үлкен құрылысқа қатысқан көрнекті инженерлер құрметіне арналып аталған стансалар бар. Мүмкін біз де бір кездері жайлы вагондарда жол жүріп бара жатып отандастарымыздың атымен аталған бекеттердің бар екеніне куә болатын шығармыз. Өйткені, олардың атқарған ісі еліміздің дамуындағы келелі кезеңнің негізіне қаланып отыр.
Мария ЮРЬЕВА.