"Жасыл" жобаларды қаржыландыруды дамыту үшін барлық мүдделі ұйымдардың үйлесімді жұмысы қажет. 2020 жылғы 17 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында "Жасыл технологиядағы дағдарыстан кейінгі инвестициялық мүмкіндіктер" тақырыбында алғаш Green Talks өтті", деп хабарлайды Egemen.kz .
Іс-шара Қазақстанның Франциядағы Елшілігі және БҰҰДБ-мен бірлесіп "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КеАҚ (IGTIC) онлайн-форматында ұйымдастырылды. Қазақстандағы экономикалық жоспарлау процесіне экологиялық менеджмент және табиғи ресурстарды басқару аспектілерінің қаншалықты тиімді біріктірілуі, перспективада экономиканың өсуіне соншалықты елеулі ықпал ететін болады.
Осыған байланысты тұрақты "жасыл" өсуге инвестициялау үшін қажетті қаражатты жұмылдыру мәселелері бірінші кезекте тұр. Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамада тиісті инвестиция шамамен $3-4 млрд немесе жылына ЖІӨ шамамен 1% шамасында деп бағаланады. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі осындай қаржыландыруды қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарына сәйкес жеке сектор арқылы тартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанда «жасыл» технологиялар нарығы қалыптасу сатысында тұр және жандандыруды талап етеді.
Green Talks-ты аша отырып, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов оны дамыту үшін елімізде бірінші кезекте тиісті заңнамалық және нормативтік базаны қабылдауды қамтитын мемлекеттік қолдау қажет екенін атап өтті. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) туралы заңның арқасында қазір республикада бұл нарық дамып келеді. 2019 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы белгіленген қуаты 1030 МВт болатын 90 ЖЭК объектісі жұмыс істеді, мұның өзі бір жыл бұрынғы – 531 МВт-ға қарағанда екі есе көп.
Жалпы "жасыл" технологияларды дамыту ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және басқа да секторларды қоса алғанда, қазіргі уақытта әзірленіп жатқан ҚР Экологиялық кодексінің жаңа редакциясында көзделеді. Ахметжан Пірімқұлов аталған секторды мемлекеттік қолдау тетіктері көп жағдайда қоса қаржыландыру, жеңілдікті кредиттер, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және "жасыл" облигациялар бойынша купондық мөлшерлемені қолдану сияқты "жасыл" қаржыландырудың әртүрлі құралдарын қолдану арқылы нақты "жасыл" жобаларға таралуы тиіс екенін атап өтті. Іс-шараның модераторы болған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, Экологиялық кодексінің жаңа редакциясын талқылау шеңберінде IGTIC Орталықтың қатысуымен әзірленетін "жасыл" жобаларды жіктеудің бірыңғай жүйесі – ірі жобаларды инвестициялаудың қолданыстағы тетігіне олардың "Жасыл Таксономия" экологиялық талаптарға (шекті мәндерге) сәйкестігін тексеру элементін енгізуді ұсынды.
Бұдан басқа, IGTIC жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерінде және мемлекеттік сатып алуларда шартты жеңілдіктер беру есебінен Қазақстан кәсіпорындарында «жасыл» технологияларды қолдануды ынталандыруды ұсынады. Германияның Тұрақты және жасыл қаржыландыру кластерінің бас директоры, сондай-ақ Франкфурт қаржы және менеджмент мектебі жанындағы климатты қаржыландыру және тұрақты энергетика жөніндегі ЮНЕП орталығын басқаратын Карстен Лёффлер "жасыл" трансформация туралы айта келе, мұндай жобаларды инвестициялауды қамтамасыз етудегі қаржы секторының маңызды рөлін атап өтті.
Оның айтуынша, "жасыл" қаржыландыруды тарту түсінікті және қолжетімді болуы үшін "Жасыл Таксономияны" әзірлеу қажет. Өз кезегінде, ЭЫДҰ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директораттың "жасыл" өсу және жаһандық қатынастар департаментінің басшысы Куми Китамори тұрақты және төмен көміртекті дамуға көшудің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы жасыл өсу, қаржы және инвестициялау саясатын ілгерілету бойынша бағдарлама туралы айтып берді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) атқарушы директоры орынбасарының міндетін атқарушы және Стратегиялық бастамалар офисінің Басшысы Дейв Турк ХЭА дайындаған CoVid-19 кейін 2023 жылға дейін тұрақты қалпына келтіру жоспары туралы айтып берді. ХЭА бағалауы бойынша, Жоспарға жұмсалатын шығындардың жалпы қажеттілігі келесі үш жыл ішінде жылына шамамен $1 трлн құрайды: бұл әлемдік ЖІӨ-нің 0,7%-ға жуығы. Парниктік газдарға қатысты ол бүкіл әлемде CO2 тікелей өнеркәсіптік шығарындылары 2018 жылы 0,6%-ға төмендегенін атап өтті.
Өнеркәсіптік өндірістің болжамды өсуіне қарамастан, шығарындылар 2030 жылға қарай жылына 1,2%-ға төмендеуі тиіс. Энергия тиімділігін арттыру, отынның жаңартылатын түрлерін қолдану, сондай-ақ көміртекті басқару мен сақтауды қоса алғанда, төмен көміртекті технологияларды зерттеу және өрістету шешуші мәнге ие болып отыр. Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Green Finance Intelligence директоры Айгүл Құсалиева атап өткендей, бүгінде бүкіл әлемде "жасыл" қаржыландыруды тартудың басым тәсілдерінің бірі "жасыл" облигациялар болып табылады. АХҚО ҚР Экологиялық кодексіне "жасыл кредиттеу" және "жасыл облигациялар" сияқты жасыл қаржыландыру құралдарын пайдалануда бизнесті экономикалық ынталандыру шараларын нақтылауға бағытталған түзетулерді ұсынды. Ұсынылған түзетулер қатарына: "жасыл қаржыландыру" анықтамасы, берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау және "жасыл" облигациялар бойынша купондық сыйақы ставкасын субсидиялау кіреді.
"Жасыл" қаржыландыру нарығы мен "жасыл" технологияларды қолдаудың тиімді жүйесін құру үшін Ұлттық Банк тарапынан қаржы секторының реттеушісі ретінде, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігі тарапынан "жасыл" нарықтың негізгі үйлестірушілері ретінде белсенді көшбасшы позиция талап етіледі.
Модератордың айтуынша, Қазақстанда "жасыл" жобаларды қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары мен шетелдік инвесторлар қатыса алады. Экологиялықтың халықаралық өлшемдерін ескере отырып, "жасыл" қаржыландырудың тиімді жүйесін құру шетелдік "жасыл" қорларға жол ашу.
Негізгі талап – "жасыл" қаржыландырудың қазақстандық жүйесі барынша ашық, ал қаржы құралдарына қойылатын талаптар-шетелдік инвесторларға түсінікті болуы тиіс. Green Talks қатысушылары, олардың ішінде мемлекеттік және жеке мекемелердің, сондай-ақ қаржы секторының өкілдері болды, "жасыл" технологиялар мен "жасыл" инвестициялар нарығының соңғы даму үрдістерін тереңірек зерделеуге ниет білдіре отырып, "жасыл" қаржыландыруды дамыту қазақстандық қаржы секторының мүдделеріне сай келеді деп келісті, өйткені оның тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді және IGTIC ұйымдастырған онлайн-алаңдағы осындай талқылаулардың болашақта да жалғасатынына сенім білдірді.