Премьер-Министр Асқар Мамин Минск қаласына сапары аясында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесу өткізді және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕАҮК) отырыстарына қатысты, - деп хабарлайды Egemen.kz
Беларусь Республикасының Президенті А. Лукашенкомен кездесу барысында сауда-экономикалық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, цифрлық салалардағы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы екі елдің ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.
ЕҮАК отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Үкіметінің басшысы өзара іс-қимылдың проблемалы мәселелерін шешу үшін уақытылы әрі сапалы ақпарат алмасу мақсатында ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық, көлік және кедендік бақылау салаларындағы ұлттық жүйелердің интеграциясын жеделдету қажеттігін атап өтті.
Қазіргі кезге дейін ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту аясында 88 ортақ үрдіс әзірленді, оның ішінде тек 19 (21%) іске қосылған.
Үкімет басшысы өзара жеткізулерді ЕАЭО өндіруші кәсіпорындарын осыған дейін ұлттық режимді ұсыну туралы келісімге қол жеткізілген мемлекеттік сатып алуларға барынша толық тарту есебінен арттыру мүмкін болатынын атап айтты.
Премьер-Министр 2018 жылы ақпан айында Еуразиялық экономикалық комиссия құрылымында құрылған «Цифрлық офис» жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. 78 цифрлық бастамадан тек 14-іне (18%) қолдау білдірілген, 20-сы аяқталу үстінде (40-ы қабылданбаған, 4-уі қарастырылуда).
Отырысқа қатысушылар ЕАЭО ішкі нарығының жұмысы аясында кедергілерді жою, арнайы қорғаныш, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдану тетіктерін жетілдіру, сәйкестендіру құралдары арқылы тауарларды таңбалау жүйесін одан әрі дамыту, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру, сондай-ақ басқа да мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша «Жерді қашықтан зондтау ұлттық деректер көзінің негізінде ғарыштық және геоақпараттық өнімдер мен қызметтерді өндіру және ұсыну бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кіріктірілген жүйесі» мемлекетаралық бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама жерсеріктердің қолданыстағы және перспективалы топтамаларының ресурстарын біріктіруді, орташа және жоғары шешімді ғарыш аппараттарының базасында Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) бірлескен ғарыш жүйесінің және ғарыштан түсірудің бірыңғай деректер банкін құруды қарастырады, оларды әзірлеу және өндіруді ЕАЭО елдерінің кәсіпорындарының кооперациясы жүзеге асыратын болады.
ЕҮАК ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында COVID-19 коронавирус инфекциясының және басқа да инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу бойынша тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын және денсаулығын сақтау саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітіп, ЕАЭО агроиндустриясын дамыту және индустрияландыру картасын әзірлеу туралы өкім жасасты, сондай-ақ 2021 жылдың 1 наурызынан бастап кеден операцияларын электронды түрде жасаған жағдайда көлік, коммерциялық және басқа да құжаттарда кеден органдарының белгілерін қоймау туралы шешім қабылдады.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Беларусь Премьер-Министрі Р. Головченкомен, Қырғызстан Премьер-Министрі К. Бороновпен, Ресей Үкіметінің Төрағасы М. Мишустинмен және Молдова Премьер-Министрі И. Кикумен екіжақты келіссөз өткізді.