• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Президент 20 Шілде, 2020

Қ.Тоқаев: Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек (Президент Үкімет мүшелері мен әкімдерді қатаң сынға алды)

152 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қатысты селекторлық отырыс өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды.

– Баяндама бетінде жағдай бақы­лауда болғанымен, іс жүзін­де олай емес. Президент Әкімші­лігіне еліміздің барлық дәріха­наларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жам­был, Қарағанды облыстарында, Нұр-­Сұлтан мен Алматыда дәрі тап­­шылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағ­а­сы қым­бат екені анықталды. Көлең­ке­лі бизнестің көлемі артып бара жа­тыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құқық қорғау органдары көтер­ме және бөлшек саудамен айна­лысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.

Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырға­нын жеткізді. Барлық проблема жұ­мысты дұрыс жоспарламау­дан басталатынын айтқан Қасым-Жо­март Тоқаев мұны кәсіби шебер­ліктің төмендігі деп бағалады.

Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасау­ды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түр­кістан, Жамбыл, Алматы облыс­тары мен Шымкент қаласында бай­­қалады. Президент әкім­дер­дің карантин режімін сақтау­ға ба­ғытталған түсіндіру жұмыс­тарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.

– Әкімдер аса күрделі жағ­дайда жұмыс істей алмайды. Өзек­ті проблемаларды шұ­ғыл ше­­шуді, азаматтарға мем­лекет­тік сая­сатты дұрыс түсін­діруді біл­мейді,– деп мәлімдеді Пре­зидент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқ­мейіл­­судің, ма­сайраудың қақ­па­ны­на түскен». 

Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қоз­ғалды. Қазір күніне 32 мың адам­нан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен өңірлер ара­сында көрсеткіштердің ал­шақ­тығы байқалады.

– Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың тө­мен­дігі – жергілікті жерлердегі лабо­ра­ториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар ара­сындағы тестілеу нәтижесін рет­теуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде жұқпалы ауру жұқ­тырған азаматтарға арналған төсектік орындар көбейген. Бірақ бұл өзге медициналық қыз­мет көрсету орталықтарын жа­будың есебінен артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға меди­циналық көмек көрсетудің қолжетімділігі төмендеп кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ жүк­ті әйелдерге жоспарлы меди­ци­налық көмек көрсетуді кезең-ке­зеңімен қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

Президент ауыр дертке шал­дыққан азаматтардың саны кө­бейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шыққанын айтты.

– Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл – ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өн­дірістік баллондардағы оттегіні пай­далану деректері анық­талған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегі­мен қамтамасыз ету және үй жағ­дайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кет­пеуіміз керек екенін атап өтті. Өйт­кені халқымыздың жартысы­на жуығы ауылдық жерлерде тұра­ды. Бү­гінде ауылдағы аза­мат­тар үшін диагностика және ем­деу ша­ралары қолжетімді емес еке­­нін айта келе, Қ.Тоқаев оларға қарапайым дәрі-дәр­мек­тің жетпей жатқанына тоқталды.

– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы жә­не қажетті инфрақұрылымның жоқ­тығы жығылғанға жұдырық бо­лып отыр. Үкімет 2300 әмбе­бап мо­бильді бригаданың жасақ­талға­нын баяндады. Алайда олар, негізі­нен, қала тұрғындарына ғана қыз­мет көрсетеді. Ауылды назар­­дан тыс қалдыруға болмай­ды! Үкі­метке өңірлермен бірлесіп, ба­рынша қысқа мерзімде ауыл­дар­ды диагностика және емдеу ісі­мен, қажетті дәрі-дәр­мекпен, медициналық құрыл­ғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарын аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер жасалып жатыр.

– Соңғы екі аптада мәйітті тасы­малдау және жерлеу үшін төле­нетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көте­ре бермейді. Әкімдерге бір күн ішін­де «жерлеуден жемтік іздеген­дерді» жөнге келтіруді тапсыра­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дертке шал­дығушылар санының артуы, ко­ронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвес­­­ти­­циялық ахуалына, ту­рис­тік әлеуетіне жә­не елі­міз­ге тар­ты­ла­тын жаңа техно­­логия­ларға да кері әсер ете­тінін атап өтті. Үкі­мет барлық сын-қа­­терлер­ді жою үшін бұл жағдай­ды өзі­нің жұмыс жоспарында ес­керуі керек.

Қазақстан Президенті панде­мия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократиялық кедер­гі­лер, жауапкершіліктен бас тарту жүз­деген адамның өмірі мен денсау­лы­ғына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде ста­тистикалық мәліметтер Үкі­меттің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жал­ған ақпарат таратуынан, қоғамды адас­тырудан сақтайды. 

Отырыста Премьер-Министр­­дің орынбасары, Ведо­мство­аралық комиссияның жетек­шісі Ералы Тоғ­жанов, Денсаулық сақ­тау минис­трі Алексей Цой, Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұр­ғым­баев, Ал­маты қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құ­мар Ақсақалов, Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов есеп берді.