Қазіргі кезде Жамбыл облысында карантиндік шаралардың сақталуын бақылау жұмыстары күшейтілуде. Құрамында әкімдік, полиция, санитарлық қызмет және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар мобильді топтар күн сайын өңірдегі көңіл көтеру орындарына рейдтік жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде күн сайын карантин режимін бұзушылар анықталуда, - деп хабарлайды Еgemen.kz.
Жалпы, карантин талаптарын бұзу жағдайы Тараз қаласында жиі кездесуде. Мәселен, жуырда ғана көне шаһардағы қонақүйлердің бірінде карантин талаптарының бұзылуы анықталған. Бұл жерде бір топ адам спирттік ішімдік ішіп, бассейнге түсіп демалған.
Осындай жағдай облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде де орын алған. Алайда, аталған мекеме басшылығы мобильді топты көре сала, 40-қа жуық келушіні үш VIP-бөлмеге жасыруға тырысқан. Сөйтіп, керісінше олардың ауру жұқтыру қаупін жоғарылатқан. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, тексерушілер есіктерді ашу үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Осындай заңбұзушылықтар Тараз қаласындағы басқа ойын-сауық орындарында да кездескен. Рейд нәтижесінде бір түнде шамамен 2 миллион теңге айыппұл салынып, хаттамалар толтырылған. Сондай-ақ, мобильді топтар карантин кезінде қоғамдық тамақтану нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптары мен жұмыс жағдайларын белсенді түрде түсіндіруде. Дегенмен, Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев азаматтар бұл рейдтердің негізгі мақсаты айыппұл салу емес екенін түсінуі керектігін айтады.
"Қазіргі эпидемиологиялық жағдай халықтың карантин шараларын барынша ұстануға міндетті екендігін көрсетуде. Күн сайын көптеген адамдар коронавирустың құрбанына айналуда. Олардың ішінде өзіміздің туыстарымыз, достарымыз бен таныстарымыз да болуы мүмкін. Әр адам өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Өзімізді сақтап, айналамызға қауіп төндірмеуіміз керек. Біз олар үшін жауапкершілік сезінуіміз тиіс", - дейді ол.
Жамбыл облысы