Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов пен Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің жеке келісімімен Қостанайға Ресей астанасынан 15 дәрігер келді. Олардың ішінде пульмонолог, хирург, анестезиолог-реанимотолог, инфекционист, эпидемиолог, рентгенолог, дәрігер-зертханашылар бар, деп жазады Egemen.kz
Төтенше жағдай кезінде медициналық көмек көрсетуге маманданған арнайы бригаданы Н.В. Склифосовский атындағы ҒЗИ-дің хирургі Олег Черныш басқарады. Топ құрамында Мәскеу қаласындағы 8 медициналық мекеменің қызметкерлері бар.
Ресейлік мамандар Қостанай облысында 2 апта болады. Жергілікті дәрігерлерге кеңес беріп, короновирус иефекциясына қарсы күреске үлес қосады. Бригадалар Қостанай және Рудный қалаларындағы провизорлық және инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін болады.
Бүгін мәскеулік дәрігерлер облыс әкімі А.Мұхамбетовтың қабылдауында болды. Кездесу барысында аймақ басшысы облыста індетке қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеп, пандемияны еңсеруде екіжақты ынтымақтастықтың әлі де жалғаса түсетіндігіне сенім білдірді.
Олег Черныштың айтуынша, бригада 3 бағытта жұмыс істейтін болады. – Біріншіден, қостанайцлық әріптестерімізге кеңес беру, екіншіден, короновируспен ауырған науқастарды емдеу, үшіншіден, жергілікті дәрігерлерге дәріс өткізу, - деді мәскеулік делегацияның басшысы.