Алтынсарин ауданына қарасты Сатай ауылының тұрғыны ащы суға сылқия тойып алып, бүкіл полиция қызметін әбігерге салып қойды. Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 20 шілде күні "112" нөміріне белгісіз біреу хабарласып, Алтынсарин ауданы орталығына жарылғыш зат қойылғанын, аудан түгелімен жарылып кететінін хабарлаған.
"Іс-қимыл алгоритміне сәйкес қосымша күш-құралдарды тарта отырып, арнайы жоспар жүргізілді. Жүргізілген іс - шаралар нәтижесінде Алтынсарин ауданы, Сатай селосының 27 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Ол мас күйінде осы ақпаратты қасақана хабарлаған. Қазір ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұның сыртында, лаңкестік туралы жалған ақпарат таратып, жедел қызметтерді әбігерге салған адам полицияға келтірілген бүкіл шығынды өтейтін болады", - деді департаменттің баспасөз қызметі.