Дүние – үндестік перзенті. Кез келген жаратылыс өз орнына ие. Жұмыр жер бетінде өсімдік атаулының сан мыңдаған түрі өседі. Үлкен-кішілігіне қарамастан, әр өсімдіктің атқарар өзіндік қызметі бар. Кез келген бір жаратылыс жойылар болса, дүние толық емес деген сөз. Дегенмен әр халықтың болмысына жақын өсімдік бар. Біз үшін шөл қойнауында өсетін жусан құнды. Қай елде өмір сүрсе де, әр қазаққа сол жусан іспетті жүрегіміздің төрінен орын сақтаулы. Біз өз болмысымызбен аяулымыз. Ұлтымыз болмаса, әлемнің кеңдігінен не пайда?!
Сахи Жанахметов Қарақалпақстанның Беруни қаласында дүниеге келген. Ресейдің Таганрог қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті факультетін бітіріп, өзі туған қалада орта мектеп мұғалімі, аудандық мәдениет үйінің директоры, Беруни аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, соңғы жиырма жылда гимназия директоры лауазымында қызмет істеген. Орыс тілінде өлең де жазады. Ұстаздығы, ақындығы оны елге танытса, суретшілік өнері жарты әлемге әйгілі етті. Өзіне тән әдіс, бөлек ағымның бастауында тұрған тұлға екенін жұртшылық әлдеқашан мойындаған.
Қош, сонымен, ол қандай әдіс, қандай ағым? Сахи Жанахметовтің өзі бізбен әңгіме барысында фоносграффито ағымының негізін салғанын айтады. Жалпы, бұрыннан белгілі граффити ағымы бар. Италиялықтар тілінде graffiti – тырналанған, сызылған деген мағынаға ие. Ал Сахи Жанахметов ойлап тапқан әдіс – кәдімгі алмаспен қырнап сурет салу. Бұл әдіс ғимарат қабырғаларына емес, қағазға салынғанда нағыз көркем туындыға айналады. Өз тәсілін негізге ала отырып, фоносграффито атауын да автордың өзі ойлап тапқан. Қазір бұл тәсілмен сурет салатын басқа суретші жоқ.
Сахи Жанахметовтің ең алғашқы көрмесі 1975 жылы Таганрог қаласында өткен. Содан бері автордың 50-ден аса көрмесі өнерсүйер қауым назарына ұсынылды. Ресей, Қазақстан, Грузия, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Дағыстан, Татарстан және Башқұртстанда өткен әдебиет пен көркемөнер күндеріне қатысқан. Одақ кезіндегі бұл шаралар барысында Расул Гамзатов, Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов секілді атақты ақындар оның өнеріне таңғалғанын айтып, қолтаңба бергені – бүгінгі күні аңызға бергісіз әңгіменің арқауы.
Суретші 1970 жылы Бүкілодақтық «Ең үздік жастар жетекшісі» байқауының, 1985 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық әуесқой суретшілер байқауының, 1997 жылы Қарақалпақстан мен Өзбекстанда өткен «Шығармашыл ұстаз» байқауының жеңімпазы болды.
Сахи Жанахметовтің көрмелеріне ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ өкілдері, АҚШ, Франция, Италия, Түркия, Иран, Норвегия, Жапония, Голландия, Корея мамандары, саяхатшылар қатысқан. Ким Сонг Хун, Сонг Бюнг Чеол(Корея), Анке Плас (Голландия) т.б. қонақтар жылы лебіз білдіреді.
Суретші салған Әбу Әли Ибн Сина, Науаи, Абай, Әжнияз, Бердақ, Пушкин, Есенин портреттері әлдеқашан құнды дүниеге айналған. Сондай-ақ оның «Түрік аруы», «Сырластар», «Мен білген, білмеген дүние», «Сен менің әнімдесің», «Мария» атты картиналары халықаралық көрмелерде өте жоғары бағаланды. Жалпы, Сахи Жанахметов шығармашылығы туралы Өзбекстан Көркемөнер академиясының академигі, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ж.Изентаев, И.Савицкий музейінің директоры, өнертанушы М.Бабаназарова, Өзбекстан Суретшілер одағының төрағасы А.Нұр, Өзбекстан қаһарманы И.Юсупов, М.Ашрафи атындағы Ташкент консерваториясының ректоры О.Юсупова және тағы басқа көптеген әдебиет, мәдениет қайраткерлері өздерінің жүрекжарды пікірлерін білдірген.
Қарақалпақстан халық шайыры, Бердақ атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлстан Мәтяқубованың «Іздегенім», «Махаббат мекені», «Дарияға батып бара жатқан күн», «Ата үйім», «Гүлайым», «Ояну қуанышы» кітаптарын безендіруде С.Жанахметовтің суреттері пайдаланылған. Суретшінің 2008 жылы «Қарақалпақстан» баспасынан Қарақалпақстан Білім министрлігінің демеушілігімен жарық көрген «Қарақалпақстан» атты кітабы республиканың мәдени өмірінде үлкен жаңалық болды.
2013 жылы Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің қолдауы, «Беруни ұрпақтары» халықаралық қорының демеушілігімен Ташкент қаласындағы «Sharq» баспасынан «Ақыл-ой, махаббат, сұлулық, жақсылық пен әділдік салтанаты» атты кітабы өзбек, қарақалпақ, орыс, ағылшын тілдерінде басып шығарылды. Бұл кітапта автордың суреттерімен бірге, өлеңдері, поэмалары да жарық көрген. Биыл Ташкент қаласынан «Парнас» атты кітабы өзбек, қарақалпақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқырманға жол тартты. 500 бетке жуық бұл кітапқа С.Жанахметовтің суреттері, өлеңдерімен бірге, ол туралы жазылған дүниелер де енген.
Қарақалпақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Өзбекстан Республикасы Көркемөнер академиясы Суретшілер бірлестігінің мүшесі, мыңнан аса картинаның авторы Сахи Жанахметов аудан орталығында тұрса да, өз шығармашылығымен әлем елдерінде үлкен құрметке ие. Айтпақшы соңғы кезде қандасымыз Жусан Жерден деген бүркеншік есімді пайдаланып жүр. Оның бұл тосын, ерекше есім-сойынан ұлттық болмыс, қазақы мінез байқалады.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты