• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Шілде, 2020

Архив құжаттарына жанашырлық қажет

518 рет
көрсетілді

Жуырда «Egemen Qazaqstan» газетінде Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай «Қазархив» басқармасы қажет» атты мақала­сында өте өзекті мәселені көтеріпті.

2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің №827 қаулысымен «Цифр­лы Қазақстан» мемле­кеттік бағ­дарламасы бекітілді.

Бағдарламаның негізгі мақ­саты – орта мерзімді перспективада цифрлы технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын бо­лашақтың цифрлы экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау.

Бағдарлама шеңберінде виртуалды мұражайлар, мұрағаттар желісін құру және барлық му­зейлік, архивтік қорларды, кон­церт­тердің, пьесалардың жаз­­баларын, материалдық және ма­териалдық емес тарихи және мәдени мұраның маңызды эле­менттерін электронды фор­матқа аудару жоспарлануда. Ақ­паратқа қол жеткізуді жаңа бірыңғай электронды порталын құру арқы­лы қамтамасыз етуге болады, ол еліміздің мәдени өмірін бір танымал ресурсқа аударуға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның әлем­дік кеңіс­тіктегі мәдениеті мен өне­рін алға жылжытудың және оны кең танымал ету мүмкін­дік­терінің ең қолжетімді форматы.

Қазіргі жаһандану заманында тарихи құнды жәдігерлер мен құ­жаттарды көздің қара­шы­ғындай қорғаумен қатар, оны қа­лың көпшілікке таныту және халық игілігіне айнал­дыру – аса маңызды әрі жауап­ты іс. Осы жағдайда құн­ды тарихи құжаттар мен деректер сақталатын архив меке­ме­лерінің орны ерекше. Ар­хивтер бүгіндері мемлекеттің негізгі нышаны болып табылады. Себебі мемлекеттік архивтер еліміздің өткен тарихы туралы деректік және құжаттық мол мәлімет беретін аса маңызды мәселелердің біріне саналады.

Меніңше, «сандық фабрика» жобасына бөлінетін 96 млрд теңге қаржы «ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында» кетпес үшін, «Архив-2025» бағ­дар­ла­масы аясында төмендегі мәселелерге назар аударған жөн деп ойлаймын.

Алдымен архивтердің мате­риал­дық базасын нығайтуы­мыз керек. Қазіргі күні Қазақ­стандағы архивтердің 80-90 пайызға жуы­ғы кешегі кеңес­тік кезеңдегі ғи­ма­раттар. Архив­тер өрт-дабыл қондыр­ғы­ла­рымен жабдықтау, темір және авто­матты сөрелермен, аса құн­ды құжаттарды сақтайтын герме­тикалық өздігінен жабылатын бокстармен жабдықтау соңғы үлгідегі компьютер, кө­шірме аппараттарымен жабдық­тауды қажет етеді. Сонымен бірге біз­дегі архив­тердегі қолда­нылып жүрген нор­мативтік құқықтық актілер әлі де толық дұрыс жол­ға қойылмай келеді.

Жұмыс істейтін жас архивис­терге арнап мемлекеттен жалдамалы пәтерлер бөлуді қолға алған жөн. Қазір қалалық жерлерде жұмыс істейтін жас архивистер мардымсыз ақшамен үй жалдап тұра алмайды, сон­дықтан қаржысы көп жұмыс көзін іздеп кетіп жатады. Олар­ды қызықтырып тұрғын үй кезегіне қою, архвистердің жала­қысын 30-40 пайызға дейін кө­теру керек. Кешеге дейін об­лыстық немесе аудандық әкімдіктегі беделді адамды зей­нет­керлік жасқа жеткеннен кейін архивке басшы қылып жі­беру дәстүрі сақталып келді, бұ­дан арылатын күн жетті деп ой­лаймыз. 

Архивтегі штат бірлігіне мән беру керек, себебі архив қорын­дағы құжаттар санына бай­ланысты штат бірлігін белгі­леу қажет.

Жоғары оқу орындарын­да архивист кадрларын даярлау, архив саласы бойын­ша мәліметтерді сараптау жә­не өң­деу бойынша маман (Data Scientist), ІТ мамандар әзірлеуге мән беретін кез жетті. Қазір аудандық архивтерде бір бағдарламашы жылына 141050 парақты сканерлеп (тігу, сөгу) отыр, осыған жоғары, орта білі­мі бар жұмыссыз жүрген 2 бағдарламашыны қоссақ, жұ­мыс көлемі артқан болар еді. Аудандық жерлердегі ска­нер­ленген құжаттарды облыс ор­талығындағы сервис орта­лықтарына қосу керек.

Архив құжаттарын цифрландыру үшін сервистік орталық, сканерлеу кезінде көшірмені сөккенде, тіккенде әрбір құжат­қа жекелей мән берілгені жөн. Сөгіп сканерлеу, қайта тігу, бүлін­ген, үлбіреп тұрған, мәті­ні өшіп бара жатқан ескі парақ­тарды орнына келтіріп тігу, реставрациялау бір мезетте жүргізілетін жұмыстар. Бұл жұмыстардың барлығына арнайы білімі бар архивист мамандар қажет. Архивтердегі құжаттардың барлығын цифр­ландыру қажет деп ойлаймын. Себебі қорға алынған құ­жат­­тардың барлығы СТК-дан іріктеуден өткен, тарихи ма­ңызы бар құжаттар. Сканерлеу жос­парлағанда алдымен арнайы комиссия құрып, аса құнды құжаттарды жоспарлаған жөн.

Көпшілік жағдайда архив­ті еңбек өтілін анықтап, куә­лан­дыратын орын деген жаң­сақ пікір қалыптасқан. Ар­хивтің қоғамға қандай пайда әкелетінін, әлемге тараған короновирус кезінде архивистер виртуалды көрмелер, онлайн сабақтар, семинарлар, кездесулер ұйымдастыру арқылы көрсете білді. Бағдарлама бо­йын­ша жұмыс көзі ретінде архив саласын жұмыссыздармен толтыру барып тұрған көзсіздік.

Сонымен қатар ұлттық архив құжаттарын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қолына беру ақылға қонымсыз іс деп ойлаймын. «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы заңының 7-бабы «Ұлттық архив қорының құжат­тарын мен­шіктену құқық­тарына кепілдік беру мен оларды қорғау» туралы 6-тар­мақ­шасында «Ұлттық архив қорының мемлекеттік мен­шік­тегі құжаттары мемлекет иелігінен алу мен жекеше­лен­діру, сатып алу-сату, айыр­бастау немесе сыйға тарту, яғни меншік құқығын беруге бай­­ланысты мәмілелер жасау объектісі бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшін басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды» – деп көрсетсе, «Ұлт­­тық архив қорының құжат­тарын пайдаланудағы шектеулер» туралы 16-баптың 4-тар­мақ­шасында «Аса құнды құжаттардың төлнұсқалары, сондай-ақ физикалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз архивтік құжаттар архивтік құжаттарды пайдаланушыларға берілмейді. Олардың орнына көшірмелері беріледі» деп көрсетілген. Біз­дегі аса құнды және ескі құжат­тарды жекенің қолына беру, біріншіден заң талаптарына қайшы келсе, екіншіден, қолда бар барлық құнды құжат желге ұшып, айдың аманында айырылып қалмасымызға кім кепіл бола алады?

«Архив-2025» бағдарламасы аясында бөлінгелі отырған қара­жатты шетелдік архивтерден қатар өзіміздегі құжаттарды ғы­лыми айналымға тартып, ке­шенді зерттеу жұмыстарын жүр­гізген жөн.

 

Болатбек ҚУАТОВ,

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ Арал аудандық филиалының басшысы