• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 23 Шілде, 2020

Халық сенімінен артық күш жоқ

1046 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдарынан бастап білемін. Арамызда пікір қайшылықтары да болды. Бірақ уақыт бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымызға сызат түсірген емес. Себебі Президенттің журналистермен кездесуі кезінде айтқанындай, пікір әртүрлі, халықтың біртұтас екені қадым заманнан белгілі. Ақиқаттың өзегі ашық пікірталастарда, пікір қайшылықтары барысында ашылады, соңғы нәтиже мемлекеттік және ұлттық мүддеге басымдық берумен түйінделеді.

Бұл – өткен тарих.

Ұлт болып ұйысып, Пре­з­идент Тоқаевтың қасынан та­былудың кезі келгені ішкі түйсікпен сезіліп тұр. Қазір­гі жағдайды 1990 жылдар, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы жағдаймен де са­лыстыруға болмайды. Ол жылдары тәуелсіз елміз деген қасиетті ұғымның өзі мұз жарғыш кемедей қиыншылықтарды ең­серіп шығуға сеп болғаны ұмы­тылған жоқ. 1990 жылдар мен қазіргі уақыт арасы жер мен көктей. Сондықтан 1990 жылдардың қиындығын алға тартып, халықты сабырға ша­қырумен мәселе бітпейді. Қазір жағдай ушығып кетті. Экономикамыздың кемшін тұстары әр-әр жерден білініп қалып жатыр. Жүректің сыздауына себеп болатын құбылыс­тармен қоса, қауіпті дерт көп замандастарымыздың қатарын сиретіп кетті. Індет еліміздегі байлар мен кедейлер арасындағы тең­сіздікті, адамдардың тұр­мы­сы арасындағы алшақ­тық­ты ғана емес, біздің мүм­кін­дігімізді де көрсетіп берді. Тәуел­сіздігіміздің тарихын бөл­шек­теп қарауымыздың нәти­жесінде біз осы күнге жеттік. Халық Көк бөрі тәрізді дертіне дауа іздеп, сабылып кетті. Мен мұны тура мағынасында айтып отыр­мын. Басқаша айтқанда, жаңа­руға ұмтылу, шегінерге жол қал­мағанын және ендігі жер­де кемшіліктерді жасырып қалу­­­дың мүмкін еместігі белгілі болып қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты алаңға алып шыққан – кедейлік» деген бір ауыз сөзін қазіргі жағдайға берілген баға ретінде қабылдау керек. Бұл – біле білген адамға өте ауыр баға. Ал бұл пікірдің Пре­зидент, кәсіби дипломат Тоқаев тарапынан айтылуы бас­қа жолдың қалмағанын, ендігі жерде тек шындық қана алға жыл­­жуға мүмкіндік беретінін бай­қатып тұр.

Мына індет көп нәрсенің бетін ашты, кім екенімізді, жаңа­ның жанталаса жұмыс істе­генмен жақсы нәтижелерге қол жеткізудің қиындығын көрсетті. Халық ауызбіршілігі мен бір-біріне деген мейірімін жоғалтып алмапты. Оған тәубе дейміз.

Үкімет құрамына таза ауа керек. ХХ ғасырдың емес, ХХI ғасырдың дағда­рыс менед­жерлері керек. Өткен тарих өз миссиясын ат­қарды. Пре­зи­дентіміз маңында­ғылар­дан өз бойындағы таза­лық ­пен зия­лылықты, саяси мә­де­ниет­ті­лік пен дегдарлықты талап ете­тінін ел көріп-біліп отыр. Дәл қазір билік басына діліне адал азаматтардың келуі – жаңарудың басы.

Жалпыұлттық мүддені біл­діру халықтың өзін-өзі танып, бағалану дәрежесін көтеру қабілетімен ғана емес, соны ойдағыдай жүзеге асырудың жолын табу қабілетімен де дараланып тұруға тиісті.

«Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен қарым-қаты­нас мәселесі де «бөлтірік бөрі астынданың» кебін киіп қалмас үшін үнемі назар аударып, арғы жақ-бергі жағын бағдарлап отыруға тиіс басты шаруамыз болып қала беруі керек. Тағдырымыз, арғы-бергі тарихы бір туыс мемлекеттерміз.

Орталық Азиядағы бес мемлекет шын ынтымақты ортаға айналғысы келсе, бағыттарын айқындап белгілегені жөн. Осы тараптағы Президент саяса­тының ұстанымы ел үшін маңыз­ды деп есептеймін.

Мемлекеттің ұлттық мүд­деге қатысты саясатын халық білуі тиіс.

Ел басқарып отырған аза­­­мат­тарға қолдау білдіру халық­аралық тәжірибеде бар. Ел көшін бастаған ерлерге қатысты сөз бастағанда әсіре- мақтаулардан аулақ болсақ екен деймін. Орыс­тарда «Жалған мақтаудан өлі сөздің иісі шы­ғады» деген сөз бар. Мақтан мен жағымпаздық арқы­лы Мем­­лекет басшысының айбынын асырамыз деген ұғым келмеске кетті.

Қазір Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев үшін халықтың сенімінен артық күш жоқ болар. Халықтың Президентіміздің қасында шындықты сүзгіден өткізіп жеткізетін сарай жырау­лары емес, ой салатын, шын­дықтың бетіне тура қарай­тын аза­маттар жүрсе екен деген талабы заңды.

Ел мен ел басқарып отыр­ған тұлға арасындағы байланыс, табиғи үйлесімділік ал­ға жүруімізге жол ашып, ұлт болып ұйыстырады. Екі арада­ғы байланыстың индикаторы – сенімнің деңгейіне қарап өлше­неді.

Қазір қазақтың жерінің біртұтастығына көзінің сұғын қадап отырған сырт күштер жетеді.

Қазақты қазақ қана тығы­рық­тан алып шығады.

Тәуелсіздік үшін күрес енді бас­талды. Елдің аманатын жауапкершілігіне алған аза­матқ­а сенім білдіретін кез келді. Ең бастысы, ел сенімін сезіну Президент үшін де ма­ңызды фактор.

 

Мұрат ӘУЕЗОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері