Көзге көрінбейтін, қолға ұстап көруге болмайтын вирус әлемді әбігерге салып, қазақ халқының басына да қара бұлттай үйіріліп, айналасы аз уақыттың ішінде талай-талай тұлғаларымызды арамыздан алып кеткені қабырғамызды қайыстырады. Қаралы хабарларды естіген сайын, жанарымызға жас үйіріліп, жүрегіміз қарс айырылардай күйде отырғанымыз анық.
Ел Президенті халқымыздың тағдыры тарих таразысында тұр деп бекерден-бекер атап өткен жоқ. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өркениет әлемінде парасаттылықтың үлгісіндей болып келсе, дәл бүгінде еліміз өткеніне, ата-баба жолына бір қарайлай отырып, келер ұрпағының саулығы жолында аты жаман індетті жеңудегі әрекет-қимылдарын тоқтатпауы қажет. Әр минут, әр сағат сайын Алладан елдің амандығын тілеп отырған кезеңде жастарымыз санитарлық талаптарды сақтап, карантин режімін бұзбауды түсінсе екен дейміз. Менің алты жастағы шөберем «Табиғат бізге қатты ренжіді, жағдайымыздың нашарлағаны содан» дегенінде үлкен мән жатыр ма деймін. Дертке шалдыққан қаншама қандастарымыздың тағдыры қыл үстінде тұр. Адам жанына араша түскен медицина қызметкерлерінің жағдайы көз алдымызда өтіп жатыр. Олар айлар бойы бала-шағасынан жырақта апатпен күресіп, өз өмірлерін қатерге тікті.
Сондықтан да ел басына күн туған кезеңде сабыр сақтап, әркім өз өміріне, болашаққа асқан жауапкершілікпен қараса деймін. «Сақтансаң, сақтаймын» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаған ғой. Көкірек көзін оятып, өзіміз ғана емес, бауырларымызға да жанашырлық таныту әркімнің міндеті. Бұл індетті баршамыз жұдырықтай жұмылып, ұйымшылдық танытқанда ғана жеңе аламыз. Алла тағала баршамызға күш-қуат беріп, аман-есен қауышар күндер жылдам жетсе екен деп тілеймін.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері