Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық акт – «Неке және отбасы туралы» кодекс. Онда балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары анықталған. Балалар – қоғамның әлсіз қорғалған өкілдері және олар ерекше қорғауды қажет етеді. Сондықтан да мемлекет пен халықаралық қоғамдастық жалпы кәмелетке толмағандарды жеке топқа оқшаулаған.
Ювеналды әділет (кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі) сот төрелігінің мамандандырылған жүйесін, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті заңнама мен мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың кешенін, оларға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруды, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарына ден қоюды білдіреді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарды құру – Қазақстандағы ювеналды әділет жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Ювеналды сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарын дұрыс бекіткен Бірінші халықаралық құқықтық құжат – БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы.
1994 жылғы 12 тамыздан бастап Қазақстан – БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қатысушы. Аталған Конвенцияны іске асыру мақсатында 2002 жылы «Бала құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 2003-2006 жылдары республикада «Қазақстандағы ювеналды әділет» халықаралық жобасы іске асырылды, оның шеңберінде Қазақстан Президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында алғашқы эксперименттік ювеналды соттар құрылды. Кейіннен, ювеналдық әділет жүйесін дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды, ол ювеналдық сот ювеналдық әділет жүйесінің ең маңызды буыны саналатынын анықтады. Пилоттық ювеналды соттар қызметінің оң тәжірибесі ескеріле отырып, мұндай соттар еліміздің барлық облыс орталықтары мен кейбір ірі қалаларында құрылды.
Заңдарды түбегейлі жаңартумен ювеналды соттардағы азаматтық және қылмыстық істердің саны айтарлықтай өсті. Әкімшілік іс құжаттарына енгізілген өзгерістерге байланысты әкімшілік істер саны азайған. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді қарау практикасы бұл санаттағылардың көбіне қылмысты жұмыспен қамтылмауына, кәмелеттік жасқа толмауынан жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болмауына, ата-анасының ауыр материалдық жағдайына байланысты оқуын жалғастыру мүмкіндігінің жоқтығына, сондай-ақ жұмыс істеуге және оқуға деген ниетінің болмауына байланысты жасайтынын көрсетті. Бұл ата-аналардың жасөспірімдерге көңіл бөлуінің жеткіліксіздігін, ал жекелеген жағдайларда ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеу мен асыраудан бас тартуын, балалардың мінез-құлқына ата-аналық бақылаудың жоқтығын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша полиция органдарының қанағаттанғысыз жұмысын көрсетеді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы келіп түскен істердің 95%-ы кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылық туралы істер санатына жатады, бұлар көбінесе ата-аналар тарапынан тәрбиенің тиісті түрде берілмеуінен туындайды. Қазіргі уақытта республика соттарында кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарау бойынша біркелкі тәжірибе қалыптасты, онда істерді қарау кезінде бірінші кезекте кәмелетке толмағандардың мүдделеріне басымдық беріледі. Бүгінде ювеналды сотта іс жүзінде әрбір іс психологтің қатысуымен қаралады.
Өкінішке қарай, соңғы жылдар ішінде некені бұзу туралы азаматтық істердің өсу үрдісі байқалады. Бұл жалпы қоғамға теріс әсер етеді, осыған байланысты отбасын сақтауға бағытталған жаңа тетіктерді құру қажеттілігі туындап отыр. Олардың бірі – отбасылық соттар құру. Жоғарғы соттың бастамасымен «отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Халықаралық тәжірибеге негізделген жоба Ақтөбе қалалық соты, Ақтөбе қалалық №3 соты, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты базасында жүзеге асырылуда. «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсаты – отбасын сақтау және кәмелетке толмаған балаларға қолайлы жағдай жасау. Аталған соттарда бөлек кабинеттер бөлініп, келіссөздер жүргізу үшін арнайы жағдайлар жасалған. Жұмыс тәртібінде үкіметтік емес ұйымдар және ұйымдастырушылық сипатындағы жалпы сұрақтарды шешуге құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен тұрақты түрде дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп тұрады.
Қазіргі таңда Жоғарғы соттың қолға алуымен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотты, азаматтық сотты және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотты, яғни осы үш бағытты өз құрамына біріктіретін сот құру мәселесі қарастырылуда. Мұндай сот некені бұзу туралы істерді қарап қана қоймай, мәселесі бар отбасыларға дағдарысты еңсеруге, отбасылық агрессорды жауапкершілікке тартуға, тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды емдеуден өткізуге көмектеседі. Некені бұзудан сақтау мүмкіншілігі болмаған жағдайда қалыпты қарым-қатынас құру және балаға қатысты ата-ана міндеттерін орындауға көмектесумен айналысады.
Ювеналды әділет жүйесінің маңызды қағидаты кәмелетке толмағанның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың басымдығы болып табылатындықтан, кәмелетке толмағанға қатысты барлық шешімдерді мамандандырылған сот ғана шығаруы тиіс. Осыған байланысты, ювеналды әділет кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот төрелігінің ерекше жүйесі ретінде қаралуы тиіс.
Ювеналды әділеттің әлеуметтік маңыздылығы – сот процеске өзге қызмет пен мекемелердің мамандарын тартусыз қол жеткізе алмайды. Психологтерді, педагогтерді, қорғаншылық және қамқоршылық органдардың өкілдерін тарту кәмелетке толмағанның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, оның мінез-құлқын, қажеттіліктерін, мүдделерін, ерік-жігерін, психикалық даму дәрежесін, құқық бұзушылықтың туындау себептерін анықтау қажеттілігінен туындайды.
Егер азаматтық істерге тоқталсақ, мысалы, балалардың тұратын жерін анықтау туралы дауларды қараған кезде ата-ананың темпераментінің ұқсастығын (немесе айырмашылықтарын) ескере отырып, ата-аналардың бірінің балаға психологиялық артықшылық көрсетуін анықтау ұсынылады. Сол үшін сот отырысына қатысуға психологиялық диагностика жүргізіп, талдау мен ұсыныстар дайындайтын психолог тартылады. Сұранысқа байланысты психолог баланың психикалық жай-күйін, жеке-психологиялық ерекшеліктерін, баланың әкесіне не шешесіне және отбасының басқа мүшелеріне қатынасын, сондай-ақ қалыптасқан жанжалды ахуалдың психикалық жай-күйіне әсер етуін, ата-анасына бауырмалдық деңгейін және әрқайсысымен қарым-қатынас қажеттілігін анықтау мақсатында психологиялық диагностика жүргізеді. Психолог талдау кезінде әр ата-ананың психикалық жай-күйін, жеке-психологиялық ерекшеліктерін, ата-аналық ұстанымы мен тәрбиелеу стилі ескеріледі.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты балаларды тәрбиелеуге қатысты істерді қарау кезінде, «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыру аясында жасақталған меморандумдар негізінде психологтерді іске тартады. Сонымен бірге ювеналды сотта штатты психологтің пайда болуы соттың істі неғұрлым тез қарауына мүмкіндік берер еді. Нәтижесінде, психолог дауласушы тараптармен әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізе отырып, сотты іс бойынша дұрыс шешім қабылдауға бағыттайды.
Заң балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды қарауға қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қорғаншылық органының қатысуын көздейді. Қорғаншы орган сот ұйғарымының негізінде белгіленген тәртіппен баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) өмір сүру жағдайларына тексеру жүргізуге, сондай-ақ тексеру актісін және оған негізделген даудың мәні бойынша қорытынды беруге міндетті. Алайда қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ұсынған тексеру актілерінің барлығы көрсетілген санаттағы істер бойынша дұрыс және дәлелді хабарлама ретінде қабылдауға жатады деп айта алмаймыз. Мысалы, көбінесе, тексеру актілері мен органдардың қорытындылары дәлелді емес, ата-аналардың өзара қарым-қатынасының сипатын және жеке қасиеттерін ашпайтын жалпы сөз тіркестерін жиі қамтиды, балаға қауіп төніп тұруы мүмкін екенін растайтын мән-жайлар, ата-аналық міндетін орындаудан жалтару нақты қандай әрекетпен білінетіні, қалыптасқан психологиялық ахуалда баланың тұру мүмкіншілігі бар-жоғы көрсетілмейді.
Осы тұста балаларды тәрбиелеуге байланысты істердің санаттары бойынша жай-күйді тексеру актісінің қандай да бір әзірленген бірыңғай нысаны жоқтығын атап өту қажет. Негізі, тәрбиелеуге қатысты мәселелердің бар-жоғын анықтайтын зерттеу қорғаншы органмен тексеруді жүргізетін тұлғалар, оның мерзімдері, нақты сұрақтардың көлемі мен мазмұны көрсетіліп белгіленген нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Осылайша, қамқоршылық органдары қызметінің белгілі бір критерийлерінің және шешім қабылдауда, қорытынды беруде бірыңғай тәсілдердің болмауы түйткілді мәселелердің бірі болып отыр.
Егер ювеналды әділет саласы проблемаларды о бастан, яғни туындау кезеңінде шешіп, ең бастысы баланы сотқа дейін жеткізбеу мақсатында кешенді жұмыс істесе, нәтиже шынымен де қанағаттанарлық болар еді деп ойлаймыз. Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігі тұлғаның одан әрі криминализациялауына жол бермеуі, баланың әлеуметтен алыстауына емес, әлеуметтік сауықтыруына ықпал етуі тиіс. Мұндай тәсіл қылмыскерді емес, толыққанды азаматты қажет ететін қоғамға тиімді. Бұл ретте құқық бұзушылыққа қарағанда құқық бұзушы тұлғаның өзі маңызды деген ұғым ювеналдық әділеттің негізгі қағидасы болғаны абзал. Әрине, шынайы ювеналды әділет құру – оңай шару емес. Қазіргі кезеңде ювеналды әділет жүйесін одан әрі нығайту үшін жүйелі түрде судьяларды, прокурорларды, адвокаттарды оқыту сапасын жақсарту, әлеуметтік, психологиялық қолдау және пробация қызметтерін дамыту қажет.
Қорыта айтқанда, ювеналды әділеттің толыққанды қызметі жалпы қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, кәмелетке толмағандар арасындағы шиеленісті азайтуға және қоғамда болып жатқан процестерге белсенді ықпал етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруға үлкен ықпалын тигізеді.
Сәкен АБДОЛЛА,
Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты