• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2020

Жемқорлық фактілері азаймай тұр, қайтпек керек?!

1102 рет
көрсетілді

Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің негізгі бағыттарына өзгерістер енгізіліп, қылмыскерлерді құрықтап, жазалауға емес, оны болдырмауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және жаппай ағартушылыққа басымдық берілуде.

Қоғамда жемқорлықпен күрестің қарқыны күшейгенімен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін теріс және заңсыз пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, кедергі жасау, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері әлі де ел аумағында белең алуда. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазір қоғамда жиі ұшырасып келеді.

Қайтпек керек?! Мұндай жағдайда ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оперативтілігі айрықша ма­ңызға ие. Анығында, «Жемқорлыққа қар­сымыз!» деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанмен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру жалқының жұмысы, ардың ісі болып саналады. Сондықтан қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке  көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі – еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.

Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген азамат Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет ететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуы тиіс. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия түрде сақталып, берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер операторлар арқылы қабылданады. Тұрғындардан сыбайлас жемқорлық тәуекелін жасады деген ақпарат келіп түскен жағдайда, жедел желінің операторлары абонентті агент­тіктің кезекші офицерімен тікелей байланыс­тырып, әрбір хабарламаны басты назарға алып отырады. Тіпті кейбір тұрғындар өз ақ­паратына сенімсіздік білдірсе, тегін консуль­тациялық кеңестер беріліп, ақпараттық көмек­тер көрсетіледі. Бүгінде «1424» сенім телефоны арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижесінде қаншама іс қозғалып, бірқатар көлеңкелі қылмыстың беті ашылып үлгерді.

Сондай-ақ қоғам індеті тұрғысында тиісті мекемеге хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған. Мәселен, агенттікке не болмаса агенттіктің аумақтық департаменттеріне жазбаша түрде арыз қалдыру арқылы хабардар етуге болады. Қазіргі таңда агенттік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын негізге ала отырып, әрбір тұрғын тарапынан келіп түскен ақпаратқа айрықша ден қоюда. Азаматтардың құқықбұзушылық туралы берген мәліметі расталып, сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жұмысына жәрдемдескені үшін аталған азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы тө­ленеді және олардың жеке бас қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады. 

Құқықбұзушылық фактісі туралы хабар­лаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі. Қазіргі таңда 1 айлық есептік көрсеткіш 2778 теңгені құрайтындығын ес­керсек, әкімшілік істер бойынша – 83 340 теңге (30 АЕК), қылмыстық істер бойынша – 111 120 теңге (40 АЕК), орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша – 138 900 теңге (50 АЕК), ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 194 460 теңге (70 АЕК) және аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 277 800 теңге (100 АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы беру реттілігі қарастырылған. Бұған қоса, құны 2 778 000 теңгеден (1000 АЕК) асатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал мен көрсетілген қызметтер сомасының 10%-ын құрайды.

Бұл әдіс «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің анықталуын жеделдетіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықтың азаюына және халықпен кері байланыстың сапасын арттыруда тиімді тетік көзіне айналып отыр. Сондықтан ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фак­тілерін хабарлауда азаматтық белсенділікті арт­тыру қажеттігін алға тартамыз. Ме­рейлі мемлекетіміздің кемел келешегін қа­­лып­тастыруда қоғамдық пікірдің құны қым­бат, маңыздылығы жоғары екендігін ұмыт­паға­нымыз абзал.

 

Мирас ҚАРҒАБАЙ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары